«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Колледжде өткен конференция

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Қазіргі заманғы техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту: тәжірибе мен үрдістерді тал­дау” деген тақырыппен өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференция жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің 90 жылдық мерейтойына арналды. Жиынға Ресей мен Қазақстан білім беру саласының қызметкерлері, “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы мен құрылысшылар қауымдасты­ғының өкілдері, жоғары және арнаулы оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысып, техникалық және кәсіптік мамандар даярлауда жинақталған тәжірибені тарату, білім беру процесін ұйымдастыру, озық жаңа технологияларды енгізу, ұзақмерзімді әріптестік қатынастар орнату мәселелері талқыланды.

Конференцияны жүргізген құры­лыс-экономикалық колледжінің ди­рек­торы Ағыбай Көшімбаев арнаулы оқу орнының тарихы 1932 жылдан басталатынын, қазір 1200 студент білім алатынын жеткізді. “Жас ма­ман” республикалық бағдарламасы арқылы 320 млн. теңге бөлініп, ма­териалдық-техникалық база нығай­ты­лып, гидравликалық зертхана, дәнекерлеуші үстелдер, виртуалды оқыту кешендері сатып алынған.

Конференцияға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығы­ме­тов білім ошағында экономика сала­сына қажетті білікті мамандар даяр­ланатынын, өңірдің дамуына үлкен үлес қосып келе жатқанын айта ке­ліп, ұжымға 2 млн. теңгенің серти­фикатын табыстады. Экономика ғы­лымдарының докторы Анатолий Баш­маков, облыстық білім басқар­масының басшысы Нәзір Жәшібе­ков, облыстық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Влади­мир Литвиненко, сондай-ақ онлайн байланысқа шыққан ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры Александр Викторенко, колледждің 90 жыл­дығына байланысты жүрекжарды лебіздерін білдірді.

Конференция “Академиялық дер­бестік, кредиттік-модульді оқытуға көшу, дуальды оқыту нысаны және WSK қозғалысын дамыту”, “Акаде­миялық дербестік шеңберінде бі­лім беру бағдарламаларын әзірлеу: практикалық тәжірибе” секциялық отырыстарында жалғасты.

Конференция аясында Ресейдің Днепышмин механикалық-тех­нологиялық техникумы мен жоғары құ­рылыс-экономикалық колледжі ара­сында ынтымақтастық және бірлес­кен қызмет туралы меморандумға қол қойылды. Колледждің бір топ ұс­тазына облыс әкімінің, салалық ве­домстволардың, кәсіподақтың Құр­мет грамоталары табысталды.

Жазира АСАЙЫНОВА,

жоғары құрылыс-экономикалық колледжі директорының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp