«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Көршіме ризамын

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біз былтыр жазда Мамлют ауданына қоныс аудардық. Жаңа жер, бейтаныс орта болғасын біраз қиналып қалғанымыз рас. Мемлекеттен берілген үйдің электр жарығы, суы мен кәріз жүйесі жоқ еді. Ауызсуды үйдің қасына таяу жердегі ұңғымадан тасып іштік. Ең қиыны – электр жарығынсыз отыру. Май шамның жарығымен бірнеше күн әзер шыдадық.

Біздің үйдің артқы жағында жасы жетпісті алқымдаған ата мен әже тұрады. Бір күні балаларымызға деп азын-аулақ кәмпитін алып, танысуға келіпті. Жанымызда тұратын қазақтардың біреуі де есік ашпағанда өзге ұлт өкілі сәлем бере келгенде таңғалдық. Аты Александр Васильевич екен. Қараңғы бөлмеде майшамның түбінде отырғанбыз. Ол бірден көмек қолын созып, үйінен электр сымын тартып берді. Осылайша үш ай бойы, яғни үйіміз электр желісіне қосылғанша, көршінікін тұтынып келдік.

Қыркүйекте бірінші сыныпқа баратын қызым мектепке қатынап, оқудан қиналған кезде тағы сол көршім көмектесті. Мектеп автобус шығарғанша, екі ай қызымызды жеке көлігімен апарып-алып келіп тұрды.

Көп ұзамай күздің жаңбырлы күндері де жетті. Шөптің басы қырауланып, суық түсетінінен белгі бергендей. Ал үйде бітпей жатқан жұмыс шаш-етектен. Жолдасымның өз жұмысы бар, ештеңеге үлгерер емес. Ең алдымен, үйдің төбесін жылулау керек, онсыз болмайын деп тұр. Бұл жайлы Мамлют ауданы әкімдігінің сәулет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне сан мәрте барып, жағдайымызды айттық. Уәдені үйіп-төгіп шығарып салады. Барлығының айтатыны – жұмыстар үйдің құжаты біткеннен кейін істеледі дегенге саяды. Уақыт сырғып өте берді. Қыс болса келе жатыр, жаққан от далаға кететін түрі бар.

Бір күні Александр Васильевич келді, біздің қысқа дайындығымызды көріп: “Бұл жақтың қысы қатты, отын-көмір мол болу керек. Қыс ортасында көмір алуға болады, бірақ отынның жайы қиынға соғады, ертерек қамданыңдар”, – деп ақылын айтты. Біз отын тұрмақ үйдің төбесін жылытуға ағаш үгіндісін таппай жүргенімізді айттық. Арада екі-үш күн өтпей, есік алдына кузовы ағаш үгіндісін артқан үлкен жүк көлігі келіп тоқтады. Сөйтсек, көршіміз Воскресеновка ауылынан өз қаражатына әкеліп тұрған беті екен. “Суық болса келе жатыр, сендерге жауапты мекеме қимылдайтын түрі жоқ, үйде жас бала бар, ауырып қалса обалы кімге, жауын-шашын молаймай тұрғанда төбеге төсеп алсын дедім”, – дейді. Риза болдық. Осылайша бұл отбасымен жақын араласып кеттік. Анда-санда бір-біріміздің үйімізге қонаққа барамыз.

Александр Васильевич Мамлют ауданының Студеное ауылында дүние есігін ашыпты. Ата-анасы кезінде Ресейден қоныс аударып келген екен. Светлана және Дмитрий есімді екі перзент тәрбиелеп, бұл күнде немере-жиеннің маңдайынан иіскеп отырған жайы бар. Бір әңгімесінде: “Осы жасқа келгенше талай соқпақты бастан өткердім. Бірнеше ұлттың адамдарымен дос болсам да қазаққа жетер ешкімін көрмедім. Қазақтар – меймандос, өзіндегісін өзгемен бөліспей отыра алмайтын халық. Өзі аш қалса да жарты тамағын қиналып отырған адамға ұсынады. Мұндай істің талай куәсі болғанмын”, – деген еді.

Александр Васильевичтің айтуынша, Мамлютка қаласынан бес шақырым жердегі туған ауылы Студеное 2006 жылы тарап кеткен. Онда қазір ешкім тұрмайды екен. “Ресейдің телеарнасын көріп отырсам сондағы біреулердің бұрын өздері тұрған ауылының жұртына белгі қойып жатқанын көріп қалдым. Ондағы мақсаты бұл жерде кезінде ауыл болғанын білдіргісі келген екен. Сол кезде есіме өзімнің туып-өскен ауылым түсе кетті. Мен де сондай белгі қойғым келді. Болашақ ұрпаққа естелік болсын деген ниетпен өз қаражатыма ескі ауылдың орнына үлкен тас орнаттым. Кісі бойындай тасқа “Бұл жерде ауыл болған” деп жазып қойдым. Анда-санда көлігіммен ескі жұртты көруге барамын. Өйткені онда кіндік қаным тамып, балалығымның ізі қалды ғой”, – дейді Александр Васильевич.

Көрші ақысы – тәңір ақысы деп көмекке зәру кезде қол ұшын соза білген осындай адамдарға алғыс айту керек деп ұйғардым.

Ақерке Нұрғалиқызы,

Мамлютка қаласының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp