Облыста аяқ киім саудасымен айналысатындар оны міндетті таңбалауға қарсы екендіктерін жеткізуде. Бұл мәселені жергілікті бизнес субъектілері облыстық кәсіпкерлер палатасында бірнеше мәрте көтеріп, тиісті шараны тек көтерме сауда-саттық және экспортқа шығару кезінде қолдану қажеттігін алға тартты.
Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде бизнесмендер осы сұрақты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, “Ақ жол” демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевке қойды. 2021 жылғы бірінші қарашадан бастап, елімізде аяқ киімді міндетті таңбалау шарасы енгізілді. Қанатқақты жобаға әзірге бөлшек саудамен айналысатын бір кәсіпкер қатысып жатыр.
Өңіріміздегі кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Ашметовтің айтуынша, “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сауда және шағын бизнесті дамыту департаменті жүргізген сараптама тың жобада біраз қателіктер бар екенін көрсетті. Дей тұрғанмен Үкімет “Таңбалауға жататын тауарлар тізбесін айқындау туралы” қаулыны заңды күшіне енгізді.
– Облыстық кәсіпкерлер палатасына бөлшек саудамен айналысатындардан аяқ киімді міндетті таңбалауға қатысты арыздар түсіп жатыр. Біз тиісті шара шағын бизнеске кері әсерін тигізеді деген ойдамыз, – дейді Әлібек Ашметов.
Бүгіндері жеке кәсіпкерлердің дені өздері сатушы, маркетолог әрі жүк тасушылар болып табылады. Оған қоса, бұл бизнеспен айналысатындардың басым көпшілігі – әйелдер. Әлібек Ашметовтің сөзінше, қанатқақты жобадан бейхабар жандар да аз емес. Бұл ақпараттық олқылықты жою мақсатында облыстық кәсіпкерлер палатасы “WhatsApp” әлеуметтік желісінде “Маркировка” тобын құрған. Оған өңірдің 160-тан астам бизнес субъектісі енді.
Өткен жылдың тамыз айынан бері жергілікті кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің бастамасымен бұл тақырыпта 10 мыңнан астам кездесу мен семинар ұйымдастырылды. Нәтижесінде “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі, “Қазақтелеком” акционерлік қоғамы таңбалаудың бірыңғай операторы, “Нұр Отан” және “Ақ жол” партияларына жеті өтініш хат жіберілді. Сондай-ақ бөлшек саудамен айналысатын жергілікті кәсіпкерлердің ұйытқы болуымен республикалық деңгейде онлайн-кездесу-семинарлар өтті.
– Таңбалаудың бірыңғай операторының өкілдері жобаны толыққанды жүзеге асыруға болады деп отыр. Ал шын мәнінде, таңбалау жүйесі, тауарларды бақылау мен сайт жұмысы тәжірибе жүзінде дайын емес екенін көрсетті. Мәселен, өнімдер жайлы хабар беретін карталарды енгізіп, оларды өңдеу 10 минутқа дейін созылады. Сондай-ақ таңбалау кодтарының 10 пайызын оқу мүмкін емес. Ал оларды белгілеу биылғы жылы сәуірдің 1-не дейін қарастырылған, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры.
Кәсіпкерлердің ұсынған деректері бойынша аяқ киімдерді таңбалау бизнесмендерді керексіз шығын шығаруға итермелейді. Тауарды белгілеу үшін 2Д-сканер немесе әр сауда нүктесіне қосымша смартфон, компьютер мен принтерді сатып алу қажеттігі туындайды. Қолдағы бар кассалық аппаратты қайта бағдарламалау керектігін де атап өткен жөн. Бұған қоса, бизнесмендерге жобаны жүзеге асырып жатқан операторға абоненттік төлемдерді төлеу және қызмет көрсету орталығының жұмысы үшін міндетті қаржылық шығындарды өтеу қарастырылған.
– Егер Үкімет таңбалау жобасына өзгертулер енгізбесе, қалайша кәсібіміз алға қадам басып, жұмысшыларымызды сақтай аламыз деген сұрақ туындайды. Одан қалды қаңтарда төтенше жағдай күшіне енгенде де біраз қиындықтар туды. Кей тауарларымызды сата алмадық. Қазір оларды да таңбалауымыз қажет. Пандемия бізді әбігерге салды. Өтеген коммуналдық төлемдер мен жалға алып отырған бутиктер үшін төлеген ақшамызды ешкім санамайды. Енді міне, біз сауда-саттықты тастап, аяқ киімдерді таңбалауымыз қажет, – дейді жеке кәсіпкер Ангелина Турманаули.
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев аяқ киім таңбалауды тек тауарын экспортқа шығаратын кәсіпкерлерге енгізу қажеттігін алға тартты.
– Нәтижесінде контрафактілі өнімді анықтауға болады. Қазіргі күні шекарамызда заңды белшесінен бұзу фактілері аз емес. Менің ойымша, ең алдымен, Хоргоста мәселемізді шешіп алуымыз қажет, – деген Азат Перуашев кәсіпкерлердің бұл сұрағы міндетті түрде шешімін табатынын айтты. Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев пен Қазыбек Иса жұмыс сапары аясында “ЗИКСТО” зауытында да болып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысты.
Сағынгүл ІРГЕБАЕВА,
облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз хатшысы.