Тараз қаласындағы “Баласағұн” орталық концерт залында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туған күніне және Жамбыл облыстық “Ақ жол” газетінің 100 жылдығына орай “Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!” атты республикалық ақындар айтысы өтті. Оған жерлесіміз Жарқын Жұпархан қатысып, жүлделі I орынды қанжығасына байлады.
Белгілі айтыс ақыны Аманжол Әлтаев жүргізген сөз сайысына Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 18 ақын қатысты.
Қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Жамбыл облысының намысын қорғаған Қанат Мырзахан мен Батыс Қазақстан облысының жүйрігі Бауыржан Ширмединұлына бұйырды. Бірінші жүлдеге лайық деп танылған жерлесіміз қарсыластарынан озық екенін дәлелдей білді. Шымкенттік Біржан Байтуов екінші орын алса, Жамбыл облысынан Есет Досалы, Қарағанды облысынан Айтбай Жұмағұлов және Қызылорда облысынан Мейірбек Сұлтанхан үшінші орынға тұрақтады.
– Барлығы 9 жұпта 18 ақын бақ сынады. Мен екі айналымда айтыстым. Бірінші қарсыласым Тараздың өз ақыны Нұрлыбек Құрманов болды. Ал финалда Шымкент қаласының ақыны Біржан Байтуов қарсылас атанды, – дейді Жарқын Жұпархан.
Бас жүлде алған айтыскерлердің әр-қайсысына бір миллион теңгеден, бірінші орынға 800 мың, екінші орынға 500 мың, “Ақ жол” газетінің арнайы сыйлығы, үшінші орын алған үш айтыскердің әрқайсысына 300 мың теңгеден табысталды.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.