«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОЛТҮСТІКҚАЗАҚСТАНДЫҚ КӘСІПКЕР САТЫП АЛҒАН ЖЕРІН РӘСІМДЕЙ АЛМАЙ ЖҮР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біптейтін жер дауы. Қызылжар ауданының тұрғыны Оралбай Сәкенов бір жыл бұрын сатып алған жерін әлі күнге дейін рәсімдей алмай әлек. Жұмысы тоқтап қалған кәсіпкер мәселесін шешу үшін өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың қабылдауына жазылып, көмек сұрады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

– 2021 жылы аукцион арқылы 700 гектар жер телімін сатып алған едім. Былтыр ештеңе себе алмадым. Өйткені техниканы дайындап, жұмысқа кірісемін дегенше, жердің бұрынғы иелері егін егіп тастаған екен. Содан әділдік іздеп, талай емен есікті қақсам да, бір-біріне сілтеумен келеді, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкердің мәселесін біржақты етуге құқық қорғау органдары көмектесеміз деген көрінеді. Алайда, бұдан түк шықпаған. Диқан осы жылы да алқап жұмыстарына кірісе алмайтын сыңайлы. Оны енді техника алу үшін рәсімдеген несиесі алаңдатып отыр. Тиісті құрылғылардың бағасы да арзан емес. Оралбай Сәкеновтың айтуынша, прокуратура мен Қызылжар аудандық әкімдігі танапта жұмыс істеуге тыйым салған.

– Бүгінгі таңда осы іске және жердің бұрынғы иесі «Бос и К» серіктестігінің басшысына қатысты тиісті материалдар жинақталып, сотқа жіберіледі, – дейді Қызылжар ауданының прокуроры Қайрат Ермекбай.

Өз кезегінде өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов құқық қорғау органдары басшыларына мәселені көктемгі егіс басталғанға дейін шешуді тапсырды.

– Жерді рәсімдеу кезінде қателіктер жіберілген. Заң бойынша жер телімдерін сатып алған кәсіпкердің құқығы қорғалуы тиіс. Жерде жұмыс істеймін деген фермерлер үшін ешқандай кедергі болмауы қажет, бәрі ашық, айқын істелуі тиіс, – деді облыс әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp