Ежелден келе жатқан “інісі бардың тынысы бар, ағасы бардың жағасы бар” деген тәмсілді бәріміз білеміз. Бұл – адамдар арасындағы туысқандық қарым-қатынастардың бірін айқындайтын, ұрпақ сабақтастығын, үлкен мен кіші арасындағы тәрбие байланысын көрсететін ұғымдардың бірі. Үлкенге, соның ішінде ағаға еліктеу қай заманда да болған, әркім өз басынан кешкен де шығар. Осы орайда алпыстың асқарына шығып, өткен өміріме көз жүгірткенде есіме балалық балғын шағымда айтқан сөздерім есіме түседі. Соның бірі: “Өскенде райсполком болам”, – дегенім еді. Әкем Рәшиттің үлкен ағасы Ғабдолла атамның ұлы Жақсылық әтәйімнің қызметін үлкендер райсполком деп айтқанын құлағыма құйып алған екенмін. Аты болмаса, затын білмейтін Сулы деген ауылдан біз бобик деп атап кеткен машинасымен келіп жүретін ағамдай болсам деп еліктегеннен туған арман болса керек. Әтәйімнің жаңадан құрылған Тимирязев ауданында атқару комитетінің төрағасы болып жауапты қызметте жүрген кезі екен.
Ұлының қызметіне орай ауылдан көшіп кеткен Ғабдолла атам мен Кәтіш (Қатипа) әжем ауылға келгенде қарашаңырақ деп біздің үйге түсетін, үйлеріне қайтқанда мені бірге ертіп ала кететін. Жақсылық әтәйім аудандық және облыстық деңгейлердегі басшылық қызметтерге ауысып, Қызылжарда, Бескөлде, Сергеевкада тұрғанда да жаз айларында сонда болатынмын, Ерлік, Мұратпен тай құлындай тебісіп бірге өстік, жеңгем Гүлназ тәтемнің аялы алақанын ұлдарындай бірге сезіндім. Әтәйімнің ерте тұрып дене шынықтыру жаттығуларын жасап жататыны, үнемі жинақы әрі жұмысбасты болып жүретінін бала көңіліме тоқып, әсерленіп жүретінмін. Балаларынан қалдырмай бірге қыдыртатын, шаштаразға апарғанда інілеріме еліктеп қойдырған кекілім 1967 жылы түскен суретте шаштары тақырлап алынған басқа сыныптастарымнан ерекшелеп, естелік болып тұр. Қызметтік машинасына отырып, қыдыру әрі қызықтау маған бір керемет еді.
Кішкентай ауылдан шықпаған бала үшін Бескөл, Сергеевка секілді аудан орталықтары үлкен шаһардай болатын, қалың ағаш ішінде сайран салып ойнап, Мәдениет үйлеріне барып, кино көретінбіз. Атақты жапон режиссері Куросаваның Сергеевкада көрген “Самурайлар” деген фильмі бала қиялыма ерекше әсер берген еді. Ержеткен соң жапон ғалымдарымен бірлесіп, жұмыс істеп жүргенде үнемі бала кезімдегі алған сол әсерлердің жетегінде жүрдім. Жапонияда жүргенде самурайлардың киімін киіп, қылышын ұстап түскен суретім де бар. Тіпті 1995 жылы туған ауылыма бір топ жапон ғалымын алып келіп, анамның қолынан қымыз татыру сәті де бұйырған еді. Ия, соның бәрі бала кезімде көрген жапон батырлары туралы ғажап киноның заңды жалғасындай болды. Тағы бір ерекше есте қалғаны – әтәйімнің кітапханасы бай болатын, үйіне келгенде қолға түсе бермейтін әртүрлі кітап-журналдарды ақтарып рахаттанып қалатынмын, солар арқылы өзіме жаңа бір әлем ашып жататынмын.
Гүлназ тәтем бақша баптап, көкөністер егетін, әртүрлі дәмді тағамдар дайындап, балаларды мәз қылатын. Тәтемнің қолынан алғаш рет татқан торттың дәмі әлі таңдайымда тұрғандай. Кейін студент атанып, Алматыдан келгенде әуежайдан қарсы алуға аяулы тәтем өзі келіп еді. Бірде Алматыға ұшатын самолеттен кешігіп қалып, ұрысып жатқан әтәйіме “Әйөктің кінасы жоқ, өз балаларыңа ұрыспайсың ба”, – деп болған істің ақиқатын айтып, мені қорғағаны да ешқашан ұмытылмақ емес.
Атам мен әжемнің де орны мен үшін ерекше еді. Бірінші класты қаладағы екінші мектеп-интернатта оқыдым. Демалыс күндері атам келіп, мені интернатқа жақын тұратын үйіне алып кетуші еді. Құмда ойнап, атамның жолына қарап отыратынмын, таяғын кере тастап, алшаңдап басып келе жатқан қапсағай денелі атамды көргенде алдынан құстай ұшып жететінмін. Бірде әжем мені інісі Ахметжан Аханов бапайымның ауласы кең жер үйіне балалармен ойнай тұрсын деп қалдырып кетті. Орысша шүлдірлеп жүрген балалармен араласып кете алмай, әтәйімнің үйіне қарай үлкендерге айтпай кетіп қалдым. Бір көше ерте бұрылып адасып кеткен едім, әйтеуір, зорға дегенде көпқабатты үйлер ішінде маңдайында таңбасы бар үйді тауып подъезіне кірдім. Подъездің кіре берісінде алдымнан әжем шыға келгенде “Әже, мен адасып кеттім ғой”, – деп жылап жібердім. “Құлыным ау, ойнай тұрмадың ба, саған бара жатырмын ғой”, – деп еді құшағына алып.
Студент кезімде Алматыдан келгенде алдымен әтәйімнің үйіне баратынмын, атам мен әжем қалбалақтап қуанып қалатын, әжем шай қояйын деп ас үйге беттейтін. Атам Ғалым Адамбаевтың “Халық даналығы” деген кітабын, кітап-журналдарды оқып отыратын, тарихымыз, шежіреміз туралы әңгімелер айтатын. Осы күні атамның қолтаңбасы бар “Халық даналығы” кітабын көзімнің қарашығындай сақтап жүрмін. 1983 жылы үйленіп елге келгенде алдымен әтәйімнің үйіне барып, келінімен таныстырған едім. Үлкендердің батасын алып, ыстық ықыластарына бөлендік. Тұңғышым Гүлнұрды алғаш әкелгенде қолы ісмер әжем кеудеше тоқып беріп еді. Сол кеудешені зайыбым сақтап қойып, бойжеткен қызыма табыстады. Құдайға шүкір, қызым қазір екі баланың анасы, ғылым жолына түсіп, көп жылдар Австралияның Аделаида қаласының университетінде қызмет істеп келді. Қазір атақты жерлесіміз Мұрат Айтхожин атындағы институттың ғылыми қызметкері. Ертегі әлеміндей болып кеткен сол сағым күндерімді еске алғанда бабаларымыздың бар даналығын бойына жиған, мұсылманның бес парызының бірі намазды бірге оқып тұрған аяулы атам мен әжем көз алдыма келеді. Құдайға шүкір, екеуі де ұзақ жасап, 90 жастан аса өмір сүрді.
Жоғары сыныптарға келгенде әтәйім биология пәнін жақсы көретінімді біліп, генетика, селекция тақырыптары бойынша сұрақтар қойып тексеруші еді, мүдірмей жауап берсем риза болатын. Мектеп бітіргеннен кейін алдымда тек агроном болу мақсаты ғана тұрды. Тура 27 жыл бұрын әтәйім салып кеткен жолмен Алматыға барып, Қазақ ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түстім. Студент кезімде де оқуым туралы сұрап, білімімді тексеріп отыратын, оқытушыларым туралы да әңгіме қылатын. Олардың бірқатарын ағам жақсы білетін, бірі бұрынғы ұстазы болса, екіншісі бірге оқыған дос жараны, жолдасы болатын.
Уақыт шіркін жылжып өтіп, студенттік шақ та көзді ашып-жұмғанша өте шықты, Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтына жұмысқа тұрып, екі жылдан кейін жолдамамен Мәскеу қаласындағы Н.Вавилов атындағы жалпы генетика институтының аспирантурасына аттандым. 1986 жылы КПСС-тың 27 съезіне Қазақстан делегациясы құрамында әтәйім де келді. Әтәйімнің шақыруымен делегаттар жатқан “Мәскеу” қонақүйіне келіп, делегаттармен танысып, мейрамханасында дастарқандас болып едім. Сол съезде менің ғылыми жетекшім болған академик Алексей Алексеевич Созинов ғылымның мәселелері бойынша баяндама жасаған еді. Сол туралы да әңгіме қозғадық. Аспирантурадағы оқуымның барысы туралы сұрап, ақыл кеңестерін айтқан еді. Әтәйім де ертеректе атақты Тимирязев академиясында оқып, біліктілігін арттырған болатын, сондықтан Мәскеу қаласын жақсы білетін.
Әтәйім бабалар рухын ардақтауға үлкен көңіл бөледі. Көкшетау маңындағы Азат тауында жатқан Қосағалы бабамыздың зиратына ұрпақтары кесене тұрғызғанда ұйтқы болып, ақылман ағамыз жүрді. Құрылысқа керек демеушіні тауып берді, маңызды іс-шаралардың басы-қасында жүрді, өзі де бірнеше рет балалары мен немерелерін ертіп, бабамыздың басында құран оқытты. Қазір Австралияда қызмет қылып жүрген немересі Асқар атасының айтуымен батыр бабаларымыз туралы жақсы шығарма да жазды. Туған ауылымыздағы атамыз Ысқақтың басына белгі қойғанда да інілеріне бас болып, ортамызда ағамыз жүрді. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет, өткенге тағзым жасау – әтәйіме тән қасиеттер.
1976 жылы мектеп бітіріп, Алматыға кеткелі көбіне елден жырақта жүрдім. Ғылым, білім жолында еңбек еттім, өзіміз оқыған институтымыз малдәрігерлік институтымен қосылып, үлкен аграрлық университетке айналғанда соның алғашқы ректоры, академик Кенжеғали Сағадиевтің орынбасары қызметіне дейін көтерілдім. 2001 жылдың аяғында ел жаққа келіп, қызмет қылсам ба деген ой туды. Әтәйіммен ақылдастым, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтанов өзіне орынбасарлық қызметке шақырып жатқанын айттым. Пединституттың бұрынғы ректоры Қанаш Шәкенов деген ағамызға осы туралы айтқанда ол кісі Алматыдан кетіп, ініңіз ғылымнан алшақтап қалмай ма деп қауып қылған екен, бірақ әтәйім Қызылжардағы университетке ауысамын деген шешімімді қолдады. Құдайға шүкір, елге жетіп, біраз жұмыс істедім, университетте ауыл шаруашылығы, биотехнология бағытында оқыту бойынша жаңа бағдарламалар жасап, кафедра құруға мұрындық болдым. Ол кафедра қазір дамып, факультетке айналды, биотехнология бойынша магистратураны бітірген шәкіртім Алтын Сейдахметқызы Шаяхметова білікті ғалым болып қалыптасып, факультет деканы қызметін үлкен абыроймен атқарып жүр.
2003 жылдың жазына қарай Білім және ғылым министрлігі Президенттің жолдауы бойынша ашылған Степногорскдегі биотехнология технопаркіне вице-президент қызметіне ауыстырып, елден тағы кетуге тура келді. Сонда Гүлназ тәтем қимай қоштасып еді. Елге екінші рет 2016 жылдың күзінде қайта оралып, Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы институтына бас директор қызметіне келдім. Институт тарихын жақсы білетін ағам Вернигор, Солдатова секілді басшыларының қызметі туралы, облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы күрделі мәселелерді шешудегі ғылымның рөлі жайлы айтты. Институтты өркендетемін деген жоспарым көп еді, оның біреуі институт базасында фермерлерге бір терезеден қызмет көрсететін орталық ашу болса, екіншісі жергілікті университеттің агротехникалық факультетін институтқа көшіріп, облыс пен солтүстік өңірге қажетті мамандар даярлауға бейімдеу болатын, осы мақсатта ғимараттың көп жылдар бойы бос тұрған жоғары қабаттарына жөндеу жасатып, оқу аудиторияларын дайындадық. Амал қанша, бұл жобаларым қолдаушы болмай, жүзеге аспай қалды. Өзім де денсаулығым сыр беріп, басшылық қызметтен бас тартуға мәжбүр болдым. Осындай алмағайып күндерде ақыл айтып, демеушім болып әтәйім жүрді.
Үлкен ұлым Бауыржан үйленгенде Алматыға келіп, тойдың төрінде отырып батасын беріп еді. Құдамыз атақты темірші, этнограф ғалым Махмұт Құлменовтің шеберханасына барып танысқан Жақсылық әтәйім “Осы өнерлеріңіз біздің тұқымға да жұғысты болсын”, – деп тілек қылып еді, құдайға шүкір, темірден түйін түйген Махмұт құдамыз екеуіміздің Ілияс, Жантөре деген ортақ немерелеріміз өсіп келеді, құдай қаласа, ата баба дәстүрінің мұрагерлері солар болады деп үміттенеміз.
2010 жылы жаратқанның жазуымен Гүлназ тәтем қайтыс болып, ағам жарты ғасырдан аса уақыт серік болған қосағынан айырылды. Ауыр қаза бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кетті. Ерлік екеуіміз қатар тұрып, мәңгі ұйқыға кеткен тәтеммен қоштастық, әтәйім әжесін жоқтап егілген Диананы құшақтап, немересіне көне заман данышпаны Анахарсистің өмір жайлы сөздерін айтып, жұбатып отырды. Осылайша ол басқаларға да қуат беріп, өзін де жұбатып жүрді. Осы қаза кезінде әтәйімді тағы бір адами қырынан таныдым.
Әтәйім мен туған жылы отау құрған екен, сол тойға анамның құшағында жүріп мен де қатысқан екенмін. Сөйтіп, жөргегімде жатып әтәйімнің қуанышына куә болған мен бүгінде пайғамбар жасына келіп, ағамды туған елінің қадірлеп жатқанының куәсі болып отырмын. Бұған дейін 70, 80, 85 жасқа толған мерекелерінің ортасында жүрген едім, құдайға шүкір, енді 90 жасын ел мерекесіне айналдырып тойлап жатырмыз. Үнемі адамшылық қасиетті көздеп, “дүние қума, абырой жина, дос жина” деген ұғымды басшылыққа алған әтәйімнің өмір жолы баршамызға үлгі.
Әйіп ЫСҚАҚОВ,
ғалым.