«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТҮТІНІ ТҮЗУ ҰШСЫН ДЕСЕК…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Урбанизация үрдісі қарқын алғалы түтіні түзу ұшқан шаңырақтардың қатары селдіреп, ауылдар жанары суалған дімкәс жандай ажарынан айырылып барады. Амангелді ауылдық округі құрамына кіретін төрт елді мекен кезінде жайнап тұратын. Қотанды төрт түлік азан-қазан шуға бөлеп, көшелерде сәбилердің күлкісі сыңғырлай естіліп, таңертеңнен күн батқанша қыж-қыж қайнаған тынымсыз тірлік құмырсқаның илеуіндей бір тыным таппайтын, ерекше сән беретін. Бүгін ше?… Калиновка мен Поляковка тарап тынды. Талапкерде мектеп жабылып, санаулы үй қалды. Еңсесі тіктеу – Амангелді ғана. Округ орталығы болғандықтан және күре жолға дейін асфальт жол тартылғандықтан, іргесі сөгіле қойған жоқ.

Бір кездері округте екі мыңнан ас­там адам тұрса, төрттен үшіне жуығы көшіп кеткен. Жастардың өркениеттің ошағы саналатын қалалық жерлерді таңдауы кейбіреулерге қалыпты құбылыс көрінгенімен, қабаққа кірбің ұялататын тұстары аз емес. Мектеп бітірген түлектердің ауылда тұрақтап қалуы сирек. Көбі қолына орта білім туралы аттестат тиісімен алтын бесі­гінен тезірек кеткенше асық. Олардың жаппай қалаға бет бұруы салдарынан шаруашылықтарда белдері бүгілмей, еңбек етіп келе жатқан жұмыс­кер­лер­дің орта жасы елуден асып, ал­пысты алқымдап қалды. Ертең олардың ор­нын кім басады деген сұраққа жауап таппай қиналасың. Ауыл шаруашы­лығы мамандарының жетіспеуі – бүгінгі өткір мәселе. Механизаторлар­дың өздері жетіспейді. Осыдан 23 жыл бұрын “Агрохимснаб” ЖШС-ның іргетасын қалаған Василий Шкодин­нің жатса да, тұрса да есіл-дерті жас­тар­ды ауылға тарту еді.

Мен Қызылжар өңірінің тумасы­мын. Есеп және аудит маманымын. Есі­мі облысқа белгілі диқан, тәжі­ри­бе­лі басшы Василий Шкодин өз қолы­мен көтерген серіктестікті маған ама­наттады, 2020 жылдан бері жетекші­лік етіп келемін. Бүгінда 96 адам тұ­рақты жұмыспен қамтылған. Орташа айлық жалақы 178 мың теңгені құ­райды. Негізгі кәсіп түрі – жерді бап­тап, ризығын теру. Ауыл шаруашылы­ғы алқаптары – 12981 гектар, оның 10047 гектары – егістік, жайылым кө­ле­мі – 2217 гектар. Бидайдан басқа май­лы және жемазықтық дақылдар өсіріледі.

Шама-шарқымызша түрлі мемле­кет­тік бағдарламаларға қатысып жүр­міз. Олардың ішінде 2019 жылдан қол­ға алынған “Ауыл – ел бесігі” жобасын ерекше айтқан жөн. Алдағы 4 жылда осы жоба аясында еліміз бойынша 3,5 мың ауылды түлетуге 670 млрд. теңге жұмсалмақ. Мұның өзі ауылдықтар­дың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік бермек. Алайда болашағы бар ауылдарды іріктеуде Канада тәжірибесінің таңдап алынуы қаншалықты дұрыс немесе бұрыс екенін уақыт көрсетер. Өйткені кейбір мәселелер көңілге қона бермейді. Мәселен, мұхиттың арғы жағындағы елде кластерлік тәсіл қолданылып, онда жақын орналасқан ауылдар бірыңғай экономикалық жүйе ретінде қарастырылады. Қазақстанда 1173 тірек және 2388 спутниктік ауылдың іріктелуі, былайша айтқанда, әлеуетін анықтау шетелдік параметрлерге не­гізделгенімен, шынайы көрініс тасада қалып қойғандай сезіледі. Себебі екі елдің инфрақұрылымдық алшақ­тық­та­ры айдан анық байқалады. Деген­мен инвестиция салу, шағын және орта бизнесті қолдау, агроөнеркәсіпті, әлеуметтік салаларды дамыту шараларынан көп үміт күтеміз.

Серіктестікке 600-ден астам адам өздерінің жер үлестерін сеніп тап­сырған. Былтыр 50 млн. теңгеге шарт­тық міндеттемелер шеңберінде зат­тай және ақшалай төлемдер жүргі­зілді. Жыл өткен сайын материалдық-техникалық база нығайып, машина-трактор паркі жаңарды. Көктемгі, күзгі дала жұмыстары кезінде 21 трактор, 8 комбайн, 3 егіс кешені, 6 сеялка, 7 жүк автомобилі тоқтаусыз жұмыс істейді. Өткен жылы 400 млн. теңгеге жуық ин­вестиция салынып, екі “Джон Дир” ком­байны, өздігінен жүретін бүріккіш, екі МТЗ-952,2 тракторы, УАЗ және ПАЗ автокөліктері сатып алынды. Агротехникалық шаралар, ауыспалы егіс жү­йесі қатаң сақталады. Химия­лық ты­ңайтқыштар мезгілімен сіңірі­леді. Осы себепті мол өнімге қол жет­кі­зіп ке­леміз. Былтыр гектар шы­ғым­дылығы 16 центнерден айналды. Қыс­қа 2 мың тонна шөп, 2 мың тонна са­бан, 500 тонна құрамажем дайын­далды.

Тұрғындардың әлеуметтік жағда­йын жақсарту – ұдайы назарымызда. Ауылдықтарға қолжетімді бағамен мал азығы, астық, 1400 тонна шөп, 1200 тонна сабан үлестірілді. Тасып-жет­кізу жұмыстарымен арнайы құ­рыл­ған 3 бригада айналысты. Аман­гел­ді және Явленка ауылдық округ­терінің әлеуметтік-экономикалық дамуына 10,9 млн. теңге бөлінді. Білікті мамандарды орнықтыру мақ­сатымен бас инженерге және гараж меңгерушісіне 6 млн. теңгеге екі баспана тұрғызылды. Амангелді және Явленка ауылдарындағы кентішілік жолдардың қысқы күтіміне және қалпына келтіруге, тиісінше 4 млн. және 500 мың теңге қарастырылды. Амангелді орта мектебіне 450 мың теңгенің құрылыс материалдары сатып әперілді.

Осындай игілікті іс-шаралар алда да жалғасады. Биыл қоғамдық мон­ша­ны жаңартуға 12 млн. теңге жұм­са­лады, 2 млн. теңгеге 15 үйге су құбы­ры тартылады. Кезекте тұрғандардың арасында Р.Ақанова, Н.Павлова, Е.Базелюк, А.Сер­далин, Ж.Гаемано­ва, Б.Құса­йы­нова секілді жұмысшы­ла­рымыз бар. Бір үйді ауызсуға қо­су­ға орташа есеппен 130 мың теңге жұм­салады. Біз оның арзан, тиімді жол­да­рын қарастырудамыз. Ауылдарға кі­ребе­ріс жолдар серіктестіктер есебі­нен күтіп-ұсталынады, оған 3 млн. тең­ге бөлінген. Қатты қалдықтар үйінді­ле­­рін жинау бірлесіп жүзеге асырыла­ды. В.Сологубова, Е.Веселова, Н.Ани­­си­мова, А.Ладыгин, Е.Ильина­ның отбасыларына 300 мың теңгенің біржолғы ақшалай жәрдемі көрсетіл­ді. Амангелді ауылындағы Совет кө­шесі бойында саябақ ашу жоспарлан­ған. Айналасы абаттандырылып, ағаш көшеттері отырғызылады. Жа­рықтандырылып, орындықтар қойы­ла­ды. Басқа да қайырымдылық ак­цияларынан шет қалмаймыз. Мәсе­лен, аудандық көкпаршылар коман­да­сының облыстық жарыстарға қаты­суына демеушілік көрсетіп жүрміз.

Ауылдың ажары да, базары да еселі еңбектерімен табыстың тайқа­занын тасытып жүрген жұмысшылар болғандықтан, биыл олардың айлық жалақысын кемі 30 пайызға көбейту туралы шешім қабылдадық. Бұдан бөлек, 8 жаңа жұмыс орны құрылады. Жыл он екі ай тұрақты жұмыс болу үшін серіктестік мал шаруашылығы­мен де шұғылданады. Қорамызда 626 бас ірі қара бар. Енді 100 басқа ар­нал­ған тауарлы-сүт фермасы тұрғызы­лады. Жер учаскесі бөлінді, жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде. Ке­шен пайдалануға берілсе, жылына 400 тоннаға дейін сүт сауылады.

Владимир ОЛЕКСЮК,

“Агрохимснаб” ЖШС-ның директоры, аудандық мәслихат депутаты.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp