Петропавл қалалық соты көлік жүргізушісін алдап, оның 50 мың теңге ақшасын иемденбек болған патрульдік полиция батальонының инспекторын соттады.
Қылмыстық іске қатысты сот отырысы 2 наурыз күні өтті. Петропавл қалалық сотының мәліметінше, 2021 жылғы 3 қазанда патрульдік полиция батальонының инспекторы С. жол қозғалысы ережелерін бұзды деген сылтаумен көлік жүргізушісін алдап, одан ақша талап еткен. Полицей ақшаны алғаннан кейін ұсталды.
Инспектордың кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен, жазбаша да дәлелденді.
Сот үкімімен С. алаяқтыққа оқталғаны үшін кінәлі деп танылды. Сот С.-ның жасаған ісіне шын жүректен өкінуін, оның асырауында екі жас баланың болуын жазаны жеңілдететін мән-жай деп шешті. Қылмыстың бұл түріне айыппұл немесе бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сот үкімімен С.-ға заңсыз иеленбек болған қаржының 15 еселенген мөлшерінде – 750 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. С. өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан, сондай-ақ полиция аға лейтенанты арнаулы атағынан айырылды.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.