«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҒАҒА ҚАРАП ІНІ ӨСЕР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ежелден келе жатқан “інісі бардың тынысы бар, ағасы бардың жағасы бар” деген тәмсілді бәріміз білеміз. Бұл – адамдар арасындағы туысқан­дық қарым-қатынастардың бірін айқындайтын, ұрпақ сабақтастығын, үлкен мен кіші арасындағы тәрбие байланысын көрсететін ұғымдардың бірі. Үлкенге, соның ішінде ағаға еліктеу қай заманда да болған, әркім өз басынан кешкен де шығар. Осы орайда алпыстың асқарына шығып, өткен өміріме көз жүгірткенде есіме балалық балғын шағымда айтқан сөздерім есіме түседі. Соның бірі: “Өскенде райсполком болам”, – де­генім еді. Әкем Рәшиттің үлкен ағасы Ғабдолла атамның ұлы Жақсылық әтәйімнің қызметін үлкендер райс­пол­ком деп айтқанын құлағыма құйып алған екенмін. Аты болмаса, затын білмейтін Сулы деген ауылдан біз бобик деп атап кеткен машинасымен келіп жүретін ағамдай болсам деп еліктегеннен туған арман болса керек. Әтәйімнің жаңадан құрылған Тимирязев ауданында атқару комите­тінің төрағасы болып жауапты қыз­метте жүрген кезі екен.

Ұлының қызметіне орай ауылдан көшіп кеткен Ғабдолла атам мен Кәтіш (Қатипа) әжем ауылға келгенде қарашаңырақ деп біздің үйге түсетін, үйлеріне қайтқанда мені бірге ертіп ала кететін. Жақсылық әтәйім аудан­дық және облыстық деңгейлердегі басшылық қызметтерге ауысып, Қызылжарда, Бескөлде, Сергеевкада тұрғанда да жаз айларында сонда болатынмын, Ерлік, Мұратпен тай құлындай тебісіп бірге өстік, жеңгем Гүлназ тәтемнің аялы алақанын ұлдарындай бірге сезіндім. Әтәйімнің ерте тұрып дене шынықтыру жатты­ғуларын жасап жататыны, үнемі жи­нақы әрі жұмысбасты болып жүре­тінін бала көңіліме тоқып, әсерленіп жүретінмін. Балаларынан қалдырмай бірге қыдыртатын, шаштаразға апар­ғанда інілеріме еліктеп қойдырған кекілім 1967 жылы түскен суретте шаштары тақырлап алынған басқа сыныптастарымнан ерекшелеп, есте­лік болып тұр. Қызметтік машинасына отырып, қыдыру әрі қызықтау маған бір керемет еді.

Кішкентай ауылдан шықпаған бала үшін Бескөл, Сергеевка секілді аудан орталықтары үлкен шаһардай бола­тын, қалың ағаш ішінде сайран салып ойнап, Мәдениет үйлеріне барып, кино көретінбіз. Атақты жапон режис­сері Куросаваның Сергеевкада көр­ген “Самурайлар” деген фильмі бала қиялыма ерекше әсер берген еді. Ержеткен соң жапон ғалымдарымен бірлесіп, жұмыс істеп жүргенде үнемі бала кезімдегі алған сол әсерлердің жетегінде жүрдім. Жапонияда жүр­ген­де самурайлардың киімін киіп, қы­лышын ұстап түскен суретім де бар. Тіпті 1995 жылы туған ауылыма бір топ жапон ғалымын алып келіп, анам­ның қолынан қымыз татыру сәті де бұйырған еді. Ия, соның бәрі бала кезімде көрген жапон батырлары ту­ралы ғажап киноның заңды жалға­сындай болды. Тағы бір ерекше есте қалғаны – әтәйімнің кітапханасы бай болатын, үйіне келгенде қолға түсе бермейтін әртүрлі кітап-журналдарды ақтарып рахаттанып қалатынмын, солар арқылы өзіме жаңа бір әлем ашып жататынмын.

Гүлназ тәтем бақша баптап, көкө­ністер егетін, әртүрлі дәмді тағамдар дайындап, балаларды мәз қылатын. Тәтемнің қолынан алғаш рет татқан торттың дәмі әлі таңдайымда тұрған­дай. Кейін студент атанып, Алматы­дан келгенде әуежайдан қарсы алуға аяулы тәтем өзі келіп еді. Бірде Алматыға ұшатын самолеттен кешігіп қалып, ұрысып жатқан әтәйіме “Әйөк­тің кінасы жоқ, өз балаларыңа ұрыс­пайсың ба”, – деп болған істің ақи­қатын айтып, мені қорғағаны да ешқашан ұмытылмақ емес.

Атам мен әжемнің де орны мен үшін ерекше еді. Бірінші класты қаладағы екінші мектеп-интернатта оқыдым. Демалыс күндері атам келіп, мені интернатқа жақын тұратын үйіне алып кетуші еді. Құмда ойнап, атам­ның жолына қарап отыратынмын, таяғын кере тастап, алшаңдап басып келе жатқан қапсағай денелі атамды көргенде алдынан құстай ұшып жете­тін­мін. Бірде әжем мені інісі Ахметжан Аханов бапайымның ауласы кең жер үйіне балалармен ойнай тұрсын деп қалдырып кетті. Орысша шүлдірлеп жүрген балалармен араласып кете алмай, әтәйімнің үйіне қарай үлкен­дерге айтпай кетіп қалдым. Бір көше ерте бұрылып адасып кеткен едім, әйтеуір, зорға дегенде көпқабатты үйлер ішінде маңдайында таңбасы бар үйді тауып подъезіне кірдім. Подъездің кіре берісінде алдымнан әжем шыға келгенде “Әже, мен ада­сып кеттім ғой”, – деп жылап жібердім. “Құлыным ау, ойнай тұрмадың ба, саған бара жатырмын ғой”, – деп еді құшағына алып.

Студент кезімде Алматыдан кел­ген­де алдымен әтәйімнің үйіне бара­тынмын, атам мен әжем қалбалақтап қуанып қалатын, әжем шай қояйын деп ас үйге беттейтін. Атам Ғалым Адамбаевтың “Халық даналығы” де­ген кітабын, кітап-журналдарды оқып отыратын, тарихымыз, шежіре­міз туралы әңгімелер айтатын. Осы күні атамның қолтаңбасы бар “Халық да­налығы” кітабын көзімнің қарашы­ғындай сақтап жүрмін. 1983 жылы үйленіп елге келгенде алдымен әтәйім­нің үйіне барып, келінімен та­ныстырған едім. Үлкендердің бата­сын алып, ыстық ықыластарына бө­лен­дік. Тұңғышым Гүлнұрды алғаш әкелгенде қолы ісмер әжем кеудеше тоқып беріп еді. Сол кеудешені зайыбым сақтап қойып, бойжеткен қызыма табыстады. Құдайға шүкір, қы­зым қазір екі баланың анасы, ғылым жолына түсіп, көп жылдар Австра­лияның Аделаида қаласының уни­вер­ситетінде қызмет істеп келді. Қазір атақты жерлесіміз Мұрат Айт­хожин атындағы институттың ғылыми қыз­меткері. Ертегі әлеміндей болып кет­кен сол сағым күндерімді еске ал­ғанда бабаларымыздың бар дана­лы­ғын бойына жиған, мұсылманның бес парызының бірі намазды бірге оқып тұр­ған аяулы атам мен әжем көз ал­дыма келеді. Құдайға шүкір, екеуі де ұзақ жасап, 90 жастан аса өмір сүрді.

Жоғары сыныптарға келгенде әтә­йім биология пәнін жақсы көретінім­ді біліп, генетика, селекция тақы­рып­тары бойынша сұрақтар қойып тек­серуші еді, мүдірмей жауап берсем риза болатын. Мектеп бітіргеннен кейін алдымда тек агроном болу мақсаты ғана тұрды. Тура 27 жыл бұрын әтәйім салып кеткен жолмен Алматыға барып, Қазақ ауыл шаруа­шылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түстім. Студент кезімде де оқуым туралы сұрап, бі­лімімді тексеріп отыратын, оқытушы­ла­рым туралы да әңгіме қылатын. Олардың бірқатарын ағам жақсы білетін, бірі бұрынғы ұстазы болса, екіншісі бірге оқыған дос жараны, жолдасы болатын.

Уақыт шіркін жылжып өтіп, сту­дент­тік шақ та көзді ашып-жұмғанша өте шықты, Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтына жұмысқа тұрып, екі жылдан кейін жолдамамен Мәскеу қаласындағы Н.Вавилов атындағы жалпы генетика институтының аспи­рантурасына аттандым. 1986 жылы КПСС-тың 27 съезіне Қазақстан де­легациясы құрамында әтәйім де келді. Әтәйімнің шақыруымен деле­гаттар жатқан “Мәскеу” қонақүйіне келіп, делегаттармен танысып, мей­рамханасында дастарқандас болып едім. Сол съезде менің ғылыми жетекшім болған академик Алексей Алексеевич Созинов ғылымның мәсе­лелері бойынша баяндама жасаған еді. Сол туралы да әңгіме қозғадық. Аспирантурадағы оқуымның барысы туралы сұрап, ақыл кеңестерін айт­қан еді. Әтәйім де ертеректе атақты Тимирязев академиясында оқып, біліктілігін арттырған болатын, сон­дық­тан Мәскеу қаласын жақсы біле­тін.

Әтәйім бабалар рухын ардақтауға үлкен көңіл бөледі. Көкшетау маңын­дағы Азат тауында жатқан Қосағалы бабамыздың зиратына ұрпақтары кесене тұрғызғанда ұйтқы болып, ақылман ағамыз жүрді. Құрылысқа керек демеушіні тауып берді, маңыз­ды іс-шаралардың басы-қасында жүрді, өзі де бірнеше рет балалары мен немерелерін ертіп, бабамыздың басында құран оқытты. Қазір Австра­лияда қызмет қылып жүрген немересі Асқар атасының айтуымен батыр ба­баларымыз туралы жақсы шығарма да жазды. Туған ауылымыздағы атамыз Ысқақтың басына белгі қойғанда да інілеріне бас болып, ортамызда ағамыз жүрді. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет, өткенге тағзым жасау – әтәйіме тән қасиеттер.

1976 жылы мектеп бітіріп, Алматы­ға кеткелі көбіне елден жырақта жүрдім. Ғылым, білім жолында еңбек еттім, өзіміз оқыған институтымыз мал­дәрігерлік институтымен қосы­лып, үлкен аграрлық университетке айналғанда соның алғашқы ректоры, академик Кенжеғали Сағадиевтің орынбасары қызметіне дейін көтеріл­дім. 2001 жылдың аяғында ел жаққа келіп, қызмет қылсам ба деген ой ту­ды. Әтәйіммен ақылдастым, Солтүс­тік Қазақстан мемлекеттік универ­ситетінің ректоры Ғалымқайыр Мұта­нов өзіне орынбасарлық қызметке шақырып жатқанын айттым. Пединституттың бұрынғы ректоры Қанаш Шәкенов деген ағамызға осы туралы айтқанда ол кісі Алматыдан кетіп, ініңіз ғылымнан алшақтап қалмай ма деп қауып қылған екен, бірақ әтәйім Қызылжардағы университетке ауысамын деген шешімімді қолдады. Құ­дайға шүкір, елге жетіп, біраз жұмыс істедім, университетте ауыл шаруа­шы­лығы, биотехнология бағытында оқыту бойынша жаңа бағдарламалар жасап, кафедра құруға мұрындық болдым. Ол кафедра қазір дамып, факультетке айналды, биотехно­ло­гия бойынша магистратураны бітір­ген шәкіртім Алтын Сейдахметқызы Шаяхметова білікті ғалым болып қалыптасып, факультет деканы қыз­метін үлкен абыроймен атқарып жүр.

2003 жылдың жазына қарай Білім және ғылым министрлігі Президент­тің жолдауы бойынша ашылған Степ­ногорскдегі биотехнология технопар­кіне вице-президент қызметіне ауыс­тырып, елден тағы кетуге тура келді. Сонда Гүлназ тәтем қимай қоштасып еді. Елге екінші рет 2016 жылдың күзінде қайта оралып, Солтүстік Қа­зақстан мал және өсімдік шаруашы­лығы институтына бас директор қыз­метіне келдім. Институт тарихын жақ­сы білетін ағам Вернигор, Солдатова секілді басшыларының қызметі ту­ралы, облыстың ауыл шаруашы­лығы саласындағы күрделі мәселелерді шешудегі ғылымның рөлі жайлы айтты. Институтты өркендетемін деген жоспарым көп еді, оның біреуі институт базасында фермерлерге бір терезеден қызмет көрсететін орталық ашу болса, екіншісі жергілікті уни­верситеттің агротехникалық факуль­тетін институтқа көшіріп, облыс пен солтүстік өңірге қажетті мамандар даярлауға бейімдеу болатын, осы мақсатта ғимараттың көп жылдар бойы бос тұрған жоғары қабаттарына жөндеу жасатып, оқу аудитория­ларын дайындадық. Амал қанша, бұл жобаларым қолдаушы болмай, жүзе­ге аспай қалды. Өзім де денсаулығым сыр беріп, басшылық қызметтен бас тартуға мәжбүр болдым. Осындай алмағайып күндерде ақыл айтып, демеушім болып әтәйім жүрді.

Үлкен ұлым Бауыржан үйленгенде Алматыға келіп, тойдың төрінде отырып батасын беріп еді. Құдамыз атақты темірші, этнограф ғалым Махмұт Құлменовтің шеберханасына барып танысқан Жақсылық әтәйім “Осы өнерлеріңіз біздің тұқымға да жұғысты болсын”, – деп тілек қылып еді, құдайға шүкір, темірден түйін түйген Махмұт құдамыз екеуіміздің Ілияс, Жантөре деген ортақ немере­леріміз өсіп келеді, құдай қаласа, ата баба дәстүрінің мұрагерлері солар болады деп үміттенеміз.

2010 жылы жаратқанның жазуы­мен Гүлназ тәтем қайтыс болып, ағам жарты ғасырдан аса уақыт серік бол­ған қосағынан айырылды. Ауыр қаза бәріміздің қабырғамызды қайыс­тырып кетті. Ерлік екеуіміз қатар тұрып, мәңгі ұйқыға кеткен тәтеммен қоштастық, әтәйім әжесін жоқтап егілген Диананы құшақтап, немересі­не көне заман данышпаны Анахар­систің өмір жайлы сөздерін айтып, жұбатып отырды. Осылайша ол бас­қаларға да қуат беріп, өзін де жұбатып жүрді. Осы қаза кезінде әтәйімді тағы бір адами қырынан таныдым.

Әтәйім мен туған жылы отау құрған екен, сол тойға анамның құшағында жүріп мен де қатысқан екенмін. Сөй­тіп, жөргегімде жатып әтәйімнің қуа­нышына куә болған мен бүгінде пай­ғамбар жасына келіп, ағамды туған елі­нің қадірлеп жатқанының куәсі бо­лып отырмын. Бұған дейін 70, 80, 85 жасқа толған мерекелерінің орта­сын­да жүрген едім, құдайға шү­кір, енді 90 жасын ел мерекесіне айналдырып тойлап жатырмыз. Үне­мі адамшылық қасиетті көздеп, “дү­ние қума, абырой жина, дос жина” деген ұғымды бас­шылыққа алған әтәйімнің өмір жолы баршамызға үлгі.

Әйіп ЫСҚАҚОВ,

ғалым.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp