«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Достықты дәріптеген іс-шаралар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық “Кентрон” армян этно-мәдениеті орталығы 25 жылдық мерейтойын ерекше атап өтті. Қоғамдық бірлестіктің бастамашыл тобы ұйымдастырған түрлі іс-шараларды жұртшылық қызыға тамашалады. №17 ұлттық жаңғыру орта мектеп-кешені жанындағы армян бөлімінің оқушылары “Менің армян орталығымның ашылуы” тақырыбына шығарма жазды. Ұйым белсенділері Рита Папян, Сусанна Арутюнян және тағы басқалар чурчхела тағамын дайындау бойынша шеберлік сағатын өткізді.

“Менің армян досым” атты фотосурет байқауына “Cittadella” жиһаз компаниясының басшысы А.Акулов қолдау көрсетті. Достық үйінде әуесқой шахматшылар сайысып, оған шахматтан спорт шебері Салтанат Мұқанов қазылық етті. Арменияның танымал шахматшылары туралы фильм көрсетілді. “Қоғамдық келісім” КММ-ның қызметкері Азиза Жаңажолова армян кинематографиясының тарихы туралы сыр шертті. Жиналған жұртшылыққа “Ход конём” комедиясы көрсетілді. Элен Акопян, Софья Барсэгян, Сюзанна Зироянның туындыларының вернисажы, сондай-ақ “Менің армян досым” байқауына қатысушылардың фотокөрмесі ұйымдастырылды. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Новоишимка ауылынан келген ағайынды Арсен мен Альберт Мовсесяндардың байқауға әкелген фотосуреті көпшіліктің көңілінен шықты.

Мерейтойға арналған апталық “Кентрон” достарды қарсы алады” атты үлкен концерттік бағдарламаға ұласты. Байқаудың қорытындысы шығарылып, қоғамдық бірлестіктің белсенділері марапатталды. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Жангүл Жолмұқанова армян мәдениеті орталығын мерейтойымен құттықтап, жүлделерді табыс етті. Армян тілінің мұғалімі С.Асланян Петропавл қаласы әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. “Кентронның” негізін қалаған Р.Аракелов жерлестерін айтулы мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жолдады. Ермек Серкебаев атындағы өнердегі дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат-өнер колледжі кешенінің “Наз қоңыр” қобызшылар ансамблі, Жанна Темірбаеваның жетекшілігіндегі “Алуа” халық би тобы көрермендерге жақсы көңіл күй сыйлады. Жас әртістер қазақстандық композиторлардың шығармаларын шабытпен орындады.

Бұл күні кәсіби әншілердің орындауында қазақ, армян, орыс және ағылшын тілдерінде әндер шырқалды. Естен кетпейтін тамаша кездесуді облыстық “Кентрон” армян этно-мәдениеті орталығы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Г.Геворкян қорытындылады. Ол Қазақстанда бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, алдағы жоспарларымен таныстырды.

Светлана МАЛХАСЯН,

“Кентрон” армян этно-мәдени орталығы төрағасының орынбасары.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp