Жас полицейлер – курсанттар, сержанттар және кіші офицерлер облыстық тарихи-өлкетану музейіне 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған экскурсияға шақырылды. Оларға мерекенің тарихы, тұтастай бір этностардың жер аударуы кезеңінде қазақ халқының оларға қол ұшын созып, бір үзім нандарын бөліскені туралы айтылды.
Музейдің Тәуелсіздік залында өлкемізде түрлі этнос өкілдерінің тұратынын көрсететін экспонаттар жинақталған. Олардың басым бөлігі – облыс тұрғындарының мәдениет ордасына тарту еткен сыйы. Әсіресе музей қызметкерлері үшін Қазақстандағы Польша елшісі сыйға тартқан ұлттық әйелдер киімі ерекше қымбат. Мұнымен қоса осыдан 100 жылдай бұрын қолданылған татар қыздарының әшекейі және бас киімі саналатын калфак, жаңа дайындалған майға арналған неміс фунтницасы және сығу мен кір жазуға арналған оқтауы бар орыс рубелі де аса бағалы. Көненің көзі болып саналатын жәдігерлер бұрын тұрмыста қолданған бай мәдени мұра болып табылады.
– Біз музейге қуана-қуана келдік. Полиция департаментінде 20-дан астам этнос өкілдері қызмет етеді. Барлығымыз еліміздің және азаматтардың қауіпсіздігі үшін күресудеміз, – дейді облыстық полиция департаменті арнайы және жұмылдыру басқармасының инспекторы полиция лейтенанты Серафима Окишева.
Сән ЖҰМАҒАЗИНА,
облыстық полиция департаменті ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің басшысы.