«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Замандастарына үлгі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмір болған соң аяғын аңдамай басып, істі болып, темір тордың ар жағынан бірақ шығып жататындар аз емес. Ондайда кейбіреулерінің салы суға кетіп, өмірден баз кешеді. Осындайда тығырықтан шығудың амалын айтып, ақыл қосатын адам аса қажет.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Майя Рамазанованың міндеті – соттал­ғандардың мамандық меңгеруін үйлестіру. Солтүстік Қазақстан облыс­тық сотталғандардың еңбегін ұйым­дастыру тобының бас маманы ретін­де істі болғандарды бейіміне қарай оқыту үшін тиісті мекемелермен келі­сім­шартқа отырады. Атап айтқанда, жа­засын өтеп жатқандар дәнекер­леу­­ші, слесарь-сантехник, ағаш ұс­тасы, шаштараз, тігінші-модельер, құ­ры­лыс­шы, қаптаушы ұста, аяқ киім жөн­деу шебері, ландшафт дизайнері мамандықтарын меңгеру мүмкінді­гіне ие.

Бүгінде кәсіп үйрететін білім ме­кемелерімен қоян-қолтық жұмыс жүр­гізіледі. Мамандар түзету орнына келіп, сабақ береді. Мұндағылар тек теориялық білім алып қана қоймай, сонымен бірге жұмыспен де қамты­лады. Дәлірек айтқанда, 15 жеке кә­сіпкермен келісімшарт жасалған, яғни жазасын өтеушілер еңбек етеді. Бүгінгі таңда әйелдер колониясын­дағы 40 сотталушы тігін, ал 137-сі то­қыма цехында жұмыс істейді. Ал ер-азаматтар теріден ат-әбзелдерін жа­сауға машықтануда. Бұл ретте “Ата­мекен” кәсіпкерлер палатасы мен жергілікті әкімдік қолғабыс етіп отыр­ға­нын айта кеткен жөн. “Еңбек Қы­зылжар” серіктестігі жұмыс берумен қатар қажетті киім-кешек, азық-түлік­пен қамтиды. Мұндай қолдау сот­талғандарға күні ертең бостандыққа шыққанда, өз кәсібін ашуына көмек болары анық. Осы жұмыстардың ба­сы-қасында жүріп, еңбекте ысылған Майя Темірханқызы қаншама жанға қол ұшын берді.

Мақаламыздың кейіпкері бастап­қыда есепші болуды арман­дағанымен, кейін ішкі істер органын­да қызмет істеуді қош көрді. Бәлкім оған қажырлылық пен қайсарлық әке­ден дарыған болар. Әкесі Шымкент қа­ласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы Ішкі істер министрлігінің кол­леджінде кафедра меңгерушісі. Оның темірдей қатал мінезі қызының бойында да бар. Тағдырын осы қыз­метпен байланыстырғанына еш өкін­бейді.

Майя Рамазанова 2009 жылы Қос­танай қаласындағы Ішкі істер акаде­миясын бітірді. Бастапқыда бес жыл әйелдер колониясында, 2016 жыл­дан бастап ерлерді түзету мекеме­сінде қызмет етуде. Тынымсыз еңбе­гі еленіп, “Мінсіз қызметі үшін” медалі мен “Қазақстан полициясына 25 жыл” төсбелгісін төсіне қадап, Қазақ­стан Республикасы Ішкі істер ми­нистрлігінің арнайы “Мақтау қағазын” алды.

Ол – жауапкершілігі мол қызметті ер-азаматтармен қатар иық тіресе ат­қарумен бірге екі баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай тәрбиелеп, үй мен түздің ша­руасын қатар алып жүрген ана. Қиындыққа мойымаған Майя Темір­ханқызы замандастарына үлгі.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp