«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

НАУҚАСТЫҢ САУЫҚҚАНЫН КӨРУ – БАҚЫТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өз басын қатерге тіге отырып, өзгенің өміріне араша түсетін мамандықтар санаулы, ішіндегі ең асылы әрі абыройлысы – дәрігер. Бойында өз ісіне деген сүйіспеншілік, ал жүрегінде мейірім жоқ жанның бұл мамандықты алып жүруі неғайбыл. Облыстық көпбейінді аурухананың терапевт дәрігері Ботагөз Сүлейменованың денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүргеніне 40 жылға жуықтады. Соңғы екі жыл күн-түн демей әлемді шарпыған коронавирустық инфекциямен күресуде. Дертіне шипа іздеген талай жанның аяғынан тұрып кетуіне себепші болған, алғысына бөленіп жүрген білікті маманмен Халықаралық әйелдер күні қарсаңында сұхбаттасудың сәті түсті.

– Ботагөз Мағжанқызы, мереке­ңіз құтты болсын! Ел арасында дә­рігер болу үшін жүректің батыр­лығы қажет деп жатады. Сіздің бұл салаға келуіңізге не түрткі болды?

– Бала кезімде дәрігер болуды армандаған емеспін. Арманым – саяхатшы болу еді. Үлкен кемемен әлемді аралағым келетін. Медици­наны ойда жоқта таңдадым десе де болады. Басты себепші – анам. Бір­де қатты науқастанып қалды. Мен жа­нында отырып, қолымнан келгенше көмектесіп бақтым. Сол сәтте айт­қан: “Медучилищеге түскенің дұрыс, мені емдейсің”, – деген бір ауыз сөзін аманат деп қабылдадым.

Петропавл қаласында туып-өстім. 1975 жылы медициналық училищеге қабылдандым. Оны қызыл диплом­мен тамамдап, білімімді әрі қарай жетілдіру мақсатымен Целиноград мемлекеттік медициналық институ­ты­на оқуға түстім. Жоғары оқу орнын 1984 жылы аяқтап, еңбек жолымды ауылда педиатр болып бастадым.

Бұл салада жүргеніме биыл 38 жыл болады екен. Медицина – менің өмірімнің ажырамас үлкен бір бөл­шегіне айналды. Бұл мамандықты таңдағаныма ешқашан өкінген емеспін.

– Дәрігерлік жұмыстың ең қиын тұсы қайсы?

– Дәрігер мамандығы асқан жа­уапкершілікті, темірдей төзімділікті қажет етеді. Ең өкініштісі әрі қиыны – сен жаныңды салып сырқатты емде­геніңмен, аман алып қала алмауың. Бұдан ауыр жағдай жоқ. Ал қолданған емің науқасқа қонып, беті бері қа­рағанда сенен асқан бақытты адам болмайды.

Тағы бір қуанышты сәт – емделу­ші­лердің ауруханадан шығып бара жатқандағы бір ауыз алғысы. Шы­найы ризашылықты ешқандай бай­лықпен өлшеуге келмейді. Еңбектің жемісті болуы ұжымға да байла­нысты ғой.

– Әйел адамды нәзік жанды деп бекер айтпаған ғой. Қанша жерден батыр болғымыз келсе де жүре­гіміз нәзік. Тез ренжиміз, жылап та аламыз. Сіздің жұмыста көзіңізге жас алатын кездеріңіз бола ма?

– Әрине. 2020 жыл біз үшін, жалпы адамзат баласы үшін өте қиын кезең болды ғой. Бұрын естіп-білмеген коро­навирус індетімен бетпе-бет кел­дік. Бейнелеп айтқанда, білмейтін жау. Емдеу протоколдары болған жоқ, қалай емдейтінімізді, қандай дәрі беру қажеттігін білмедік. Ешкім білмеді. Ал сен дәрігер болған соң жаны алқымына келіп қысылып жат­қан жандарға көмектесуің қажет. Өте қиын жағдай. Шарасыздықтан талай жыладық. Сырқаттардың туыстары да қайта-қайта қоңырау соғады, жа­лынады, ұрсысады. Соның бәрі жүй­кеге әсер етеді, шаршатады.

– Дәрігердің емінен бұрын нау­қастарды қолдап айтқан бір ауыз жылы сөзі шипа деп жатады. Де­мек, сіздер өз салаларыңыздан бө­лек, психолог болуларыңыз қажет шығар?

– Адамдармен жұмыс істеу оңай емес. Түрлі мінезділері кездеседі. Сондықтан психолог болуға міндет­тісің. Сырқаттардың аурулары да бір­дей болмайды ғой, кейбіріне тезірек тәуір болып кету үшін жай әңгімелесу жетпей жатады. Өмірге деген құш­тарлығын арттыру үшін ұрсуға тура келеді.

– Сырқаттанғандар азайғаны­мен коронавирус инфекциясы әлі толық кете қойған жоқ. Алдыңғы шеп­те жүрген маман ретінде бұл қауіпті дерттен тезірек тәуір болу­дың жолдарын айтып беріңізші.

– Қазір бекітілген емдеу тәсілдері бар. Соны ұстанамыз. Сондай-ақ ау­румен күресте вакцинацияның рөлі орасан екенін ұмытпаған жөн. Нә­ти­жесін көріп жатырмыз. Мен ал­ғаш­қылардың қатарында екпе сал­дырдым, кейін ревакцинациядан өт­тім. Осылайша өз-өзімді қорғадым. Нау­қастармен араласатындықтан вакци­на салдырғаннан кейін де ауыр­дым. Бірақ жеңіл өтті. Үш күннің ішінде тәуір болдым. Вакцина коро­навирустан толық қорғай алмас, бі­рақ аурудың жеңіл өтетінін сеніммен айта аламын.

– Сіз үнемі сырқаттардың ара­сында жүресіз. Ауру жұқтырмау үшін сақтану өз алдына, мықты иммунитет керек. Ағзаның қорғаныш қабілетін қалай көтересіз?

– Оның еш құпиясы да, қиындығы да жоқ. Ең бастысы – саламатты өмір салтын ұстану. Дұрыс тамақтану, спортпен айналысу және күнделікті жаяу жүру. Сондай-ақ көбірек су ішіп, С дәрумені бар қарақат, лимон, қара­жидек және итбүлдірген сияқты же­міс-жидекті немесе солардан жа­салған тосапты жеуге кеңес беремін.

– Бос уақытыңыз бола ма? Бол­са оны қалай өткізесіз?

– Бос уақытым өте аз. Жұмыстан қолым қалт етсе, үй шаруасы күтіп тұрады. Бала тәрбиесі тағы бар. Жұ­мыста дәрігер болсам, үйде мен сүйікті жар, аяулы ана және мейі­рімді әжемін. Сәбит Рақымұлымен отасқанымызға биыл 40 жыл бола­ды. Түсіністік пен сыйластықтың ар­қасында бақытты ғұмыр кешіп жа­тырмыз. Ұлым Саят – әскери қызмет­ші. Балаларым ержетіп, мамандық таңдайтын кез келгенде ерікті өзде­ріне бердім. Қызым Салтанат Еуразия ұлттық университетін халық­аралық қатынастар мамандығы бо­йынша бітірді.

– Халықаралық әйелдер мереке­сіне орай әріптестеріңізге, ақ жаулықты аналарға, қыз-келіншек­терге не тілер едіңіз?

– Ең алдымен мықты денсаулық тілеймін! Әр әйел бақытты болуға лайық. Өмірде, отбасында болып жат­қан кішкентай жетістіктердің өзіне, басқаша айтқанда ұсақ-түйек­тің өзіне қуанып үйренейік!

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp