«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шуақ боп шашылғандар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс орталығындағы “Royal palace” мейрамханасында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесіне орай “Әйелдер күштерінің альянсы” және “Солтүстік Қазақстандағы іскер әйелдер альянсы” “Мейірімділік пен сұлулық әлемді қорғайды” деген атаумен шара өткізді. Онда облысымыздағы өмірдің түрлі саласында жемісті қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер марапатталды.

Мерекелік жиын өңірдегі әйелдер қоғамдастығын біріктіруді және нығайтуды, балалар, жастар мәселелерімен айналысатын қоғамдық бірлестіктерді қолдауды көздеді. Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов нәзік жандарды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады.

– Сіздер облысымыздың дамуына, қоғамдық-саяси тұрақтылықтың нығаюына ерекше үлес қосып келесіздер. Түсіністік, қолдау мен күнделікті еңбектеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Адал ниеттеріңіз, талапшылдықтарыңыз, белсенді өмірлік ұстанымдарыңыз, табысқа деген ұмтылыстарыңыз әрбір тұрғын үшін үлгі, – деді Ғани Сақтағанұлы.

Облысымыздың қоғамдық өміріне белсене қатысып, өздерінің адал еңбектерімен қаламыздың және Қазақстанның болашағын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан аруларға бірқатар марапаттар табысталды. Оның ішінде “Халыққа қызмет ету” аталымы бойынша “Искакова” жеке кәсіпкерлігінің директоры Орынбасар Искакова, Мамлют ауданы әкімі аппараты ұйымдастыру бөлімінің басшысы Алмагүл Рамазанова және Манаш Қозыбаев атындағы СҚУ-дың аға оқытушысы, “Қамқор СҚО” еріктілер қозғалысының жетекшісі Айгүл Айтымова бар. Сондай-ақ “Алтын қор” аталымын Валентина Кондратова мен “Қазақстанның Орыс қауымдастығы” қоғамдық бірлестігі Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының баспасөз хатшысы Надежда Рудикова жеңіп алды. “Жылдың ең үздік таңдауы” аталымын “Әйелдер күштерінің альянсы” қоғамдық бірлестігі облыстық филиалы төрайымының орынбасары Бақытжан Сәмиева иеленді. Одан бөлек, “Халық көзайымы” аталымы бойынша Эльмира Каленова, жеке кәсіпкерлер Махаббат Исимбаева, Әсел Жуланова, көпбалалы аналар Гамида Осинцева, Татьяна Делль, облыстық музей бірлестігінің бөлім меңгерушісі Мейрамгүл Әбуова, медбике Юлия Малеева мен қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі Ольга Макасеева марапатталды.

– Біз аталмыш іс-шараны бірінші рет өткізудеміз. Болашақта бұл шараны жыл сайын ұйымдастыру көзделуде. Пандемияның салқыны іскер әйелдерді де айналып өтпеді. Бүгін марапат алған арулар қиындықтарға қарамастан өздеріне жүктелген жұмысты адал атқарғандар, – дейді “әйелдер күштерінің альянсы” облыстық филиалының төрайымы Диляра Жұмағұлова.

“Sensitive” би театрының “Самба”, “Танго”, “Венский вальс” билері және Ақан сері атындағы облыстық филармонияның солистері Руслан Мұстафин мен Мұрат Бекжановтың орындауындағы әндер салтанатты шараның сәнін кіргізді.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp