«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢҒА БАҒЫНУ – БҰЛЖЫМАС МІНДЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адам құқығын қорғау саласында еліміз едәуір алға басқаны жайлы “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” Жолдауында айтылды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өлім жазасының күшін жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы екінші факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы заңға қол қойды. Үкімет бекіткен кешенді жоспар Қазақстанда адам құқығын қорғау жүйесін одан әрі жетілдіру үшін ұзақмерзімді институттық негіз қалыптастыратыны сөзсіз. Осыған орай құқық қорғау жүйесінде де елеулі өзгерістер басталып, мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын жаңаша негіздейтін әкімшілік әділет жүйесі жұмыс істей бастады.

Үш буынды модель енгізілгеннен кейін қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау күшейді. Ішкі істер органдары осы салаға тән емес бірқатар функциядан арылып, учаскелік инспекторлардың мәртебесі артты. Олар құқық бұзушылықтың алдын алу саласында қосымша өкілеттікке ие болды. Мемлекет басшысы қылмыспен күресудің практикалық мәселелерін назардан тыс қалдырмау керектігіне айрықша мән берді. Адам құқығын қорғау ісін жетілдіруге бағытталған стратегиялық бағдар жұмысымыздың құрамдас бөлігі саналып, күнделікті қызметімізде басты бағдарға алынады. Заңды құрметтеу, азаматтардың құқықтық сауатын арттыру бейбіт өмірді сақтаудың берік негізі екені жете түсіндіріліп, тәртіпті нығайту, қоғамдық орындарда тұрғындардың қауіпсіздігін қаматамасыз ету бойынша нақты шешімдер қабылданады.

Жасыратыны жоқ, қаңтар оқиғасы бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелерінің қаншалықты маңызды екенін айғақтап, қазақстандықтардың санасын күрт өзгертті десе де болады. Қасым-Жомарт Кемелұлы Мәжілісте сөйлеген сөзінде кез келген сипаттағы және ауқымдағы қатер кезінде азаматтарымызды, конституциялық құрылымды, егемендікті барынша тиімді қорғау тәсілдеріне, полицияның сервистік моделін құру және қылмыстық процесті жаңғырту басымдықтарына тоқталды. “Qazaqstan” ұлттық арнасына берген сұхбатында қоғамдағы ең маңызды мәселе – заң үстемдігін қаматамасыз етуге қатысты бірқатар міндеттер қойды.

Құқық қорғау қызметкерлерінің басты ұстанымы – әділетті заң өлшемі. Өкінішке қарай, заңды мойындағысы келмейтін адамдар аз емес. Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің бастығы қызметіне қаңтардың 28-і тағайындалған күннен бастап бүгінге дейін барлық аудандарды аралап, көшпелі кездесулер өткіздім. Полиция бөлімдерінің жайымен таныстым. Тұрғындар тарапынан автокөлікті тіркеу, жол қауіпсіздігі, заңдылық пен тәртіпті сақтау мәселелері бойынша көптеген сұрақтар қойылып, бір бөлігі менің тікелей бақылауыма алынды. Жеке құраммен әңгімелесу барысында ашықтық, айқындылық қағидаларын ұстану, сервистік полиция жұмысын жандандыру, азаматтардың құқықтық ойлау жүйесіне құрметпен қарау талаптары қойылды. Бұл орайда, ашық диалог алаңдары, заңнама базасын жетілдіру, рухани жаңару, адамдардың құқықтарын қорғау полиция бөліністері қызметінің негізгі ұстанымына айнала бастады. Жергілікті атқарушы органдармен, жұртшылықпен өзара қарым-қатынас жүргізуде полиция департаментін алда көптеген ұйымдастырушылық істер күтіп тұр.

Осы бағыттағы жұмыстарды ілгерілетудегі қадамдардың бірі – заманауи стационарлық полиция бекеттерінің құрылуы. Петропавл қаласында – 6, Тайынша ауданында 1 бекет ашылды. Олар тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, полицияға деген сенімді арттырмақ. “Халыққа жақын полиция” қағидатының тиімділігіне қатысты бір мысал келтірейін, облыс орталығының бір тұрғыны 3 жасар қызын жоғалтып алған. Әжесі көз жазып қалған екен. Сәбиін іздеген әйел бірден жақын маңдағы модульдік полиция бекетіне жүгініп, тәртіп сақшылары тез арада тауып берді. Тұрғын үймен біріктірілген учаскелік полиция пункттерін ашуға жергілікті атқарушы билік пен шаруашылықтар нақты қолдау көрсетті. Енді учаскелік инспектор нақты жағдайды қадағалай алады. Мәселен, Мамлют ауданының Новомихайловское ауылында жаңа полиция пункті құрылғалы бері бірде-бір қылмысқа жол берілген жоқ.

Алаяқтықтың алдын алудың, есірткі қылмысына қарсы күрестің, балаларға қарсы қылмыстардың жолын кесудің, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтудың маңызды тетіктерінің бірі – қоғамдық бақылауды күшейту, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыру. Қаңтар айындағы жедел-қызметтік жұмысты қорытындылағанда өңірде 379 қылмыстың тіркелгені мәлім болды. Талдау көрсеткендей, тұрмыстық қылмыстардың кең таралуына көп жағдайда спирттік ішімдік себеп болып жататыны, ауыр қылмыстар мас күйде жасалатыны атап көрсетіліп, маскүнемдікпен күреске барынша назар аударылды. Жыл басынан бері адам денсаулығына ауыр зардап келтірген ондаған фактінің орын алуы және де мұндай бұзақылықтардың көшелерде, ойын-сауық орталықтарында жасалатыны ойлантады. Маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеуге жіберу – адамның қалыпты өмірге оралуының, қылмыс пен құқық бұзушылықты еңсерудің бір амалы. Былтыр наркологиялық мекемеге 200 адам жіберіліп, 177-сі емделіп шықты. Учаскелік инспекторлар есепте тұрған, көмекке мұқтаж, әлеуметтік осал топтарды күнделікті тексеріп, проблемалық мәселелерін жете зерттелейді. Тәртіп сақшыларының профилактикалық шаралары жеткіліксіз екендігі ескеріліп, мемлекеттік мекемелер мен қоғамдық ұйымдардың көмегіне сүйену қажеттігі алға тартылды. 474 мектепте бейнебақылау камерасы жұмыс істегенімен, көпшілігі полиция бөлімшелеріне қосылмағаны анықталды.

Тұрғындармен онлайн байланыс орнату қолға алынды. Учаскелік инспекторлар үшін “Instagram” әлеуметтік желісінде аккаунттар ашылған. Мұндай сервистік модель құқық бұзушылықтың алдын алуды, тәртіп сақшыларының халыққа жақын болуын көздейді. Пәтер иелері кооперативінің төрағаларымен бірлесіп, мүліктік қылмыстардың алдын алу жайы талқыланды. Жыл басынан бері 65 пәтер тоналған. Қылмыскерлер әбден әккіленіп алған. Арам ойларын іске асыру үшін нысанды алдын ала зерттеп, бейнебақылау немесе күзеттің бар-жоқтығына көз жеткізіп алады. Ал бейнекамералар қойылған аумақтарда қылмыстың азайғаны байқалады.

Интернеттегі алаяқтық талай жанды сан соқтырды. Биыл мұндай 50 факт кездескен. Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде түсіндіру, сақтандыру жұмыстары жүргізілгенімен, көпшілік әлі селсоқ, жете мән бермеудің соңы түрлі жайсыздықтарға ұрындырып жатады. Алаяқтардың интернет арқылы жасайтын арам пиғылдарының ең қауіптісі – “банктің қауіпсіздік қызметіненмін” деп соғылатын жалған қоңыраулар. Алаяқтықтың осы түрі талайларды шығынға батырды. Петропавл қаласының бір тұрғыны өзін банк қызметкерімін деп таныстырған киберқылмыскерге депозитке қол жеткізетін бірреттік кодын айтып, 2 млн. теңгесінен айырылған. Тағы бір тұрғын 3 млн. теңгесін еш ойланбастан аудара салған. Тегін хабарландырулар сайты арқылы 12 адам алданып қалған. Қандай жағдайда болмасын пин-кодтарды, банк карталарының cvv-кодтарын құпия ұстаған абзал.

Құқық қорғау органдары мен қоғам арасындағы ашық диалог сервистік полиция қызметін жандандырудың бір факторы болып табылады. Құқық қорғаушылармен бірлесіп, күдіктілер мен қылмыскерлерді арнайы мекемелерде ұстау жағдайы семинар-кеңесте арнайы талқыланды. Өңір аумағында 14 арнайы мекеме жұмыс істейді. Былтыр 4 мыңнан астам адам орналастырылды, олардың 3595-і – әкімшілік қамаққа алынғандар. Полицияның басты міндеті – ұсталғандарды қинауға, құқықтарын бұзуға жол бермеу, тамақ рационын, тұрғын жайын қадағалау.

Тұрғындар тарапынан түн тыныштығы бұзылғаны жайлы қоңыраулар жиі соғылып жатады. Күніне орта есеппен 6-7 шақырту түседі. Былтыр – 2460, биыл 63 құқық бұзушылық тіркелген. Полицейлер айыппұл салумен, пәтерлерді жалға алушыларды шығарумен ғана шектелмейді. Облыс орталығында жұмыс істейтін 20 пәтер бюросымен профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Адамдар көбіне қатты қойылған музыкаға, спирттік ішімдік ішіп, шулайтындарға наразы. Тәжірибе көрсеткендей, пәтер ұзақ мерзімге берілетін болса, шағым аз түсетін көрінеді. Осы себепті пәтерді жалға беру кестесін қайта қарау ұсынымдарының ескерілгені жөн.

Президент Жолдауда “Өскелең ұрпақтың болашағына қауіп төндіретін тағы бір қатер – есірткі заттарының, соның ішінде синтетикалық есірткінің де таралуы”, – дей келіп, құқық қорғау органдарына бұл қатердің азаматтар арасында, әсіресе жастардың ішінде таралуына барынша тосқауыл қоюды жүктеді. Полицейлер ақпан айының соңында өткізген “Дәрі-дәрмек” рейді барысында 9 медициналық ұйым, 36 дәріхана, 6 кәсіпорынды тексеріп, 12 құқық бұзушылық, оның ішінде 2 есірткі сату және 2 ірі көлемде сақтау фактісін анықтады. Әкімшілік материалдар жинастырылып, шешім қабылдау үшін уәкілетті органдарға жіберілді. Әлеуметтік желілерде діни мазмұндағы медиафайлдар таратудың 2 оқиғасы орын алды. Олар бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс негізінде діни қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін өндірістік іс қозғалды. Сондай-ақ экстремистік сипаттағы материалдар таратудың 1 фактісі анықталды. Жастар жағы заңнама талаптарына сәйкес діни мазмұндағы ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды діни ғимараттарда, діни білім беру ұйымдарында, жергілікті атқарушы органдар белгілеген стационарлық үй-жайларда ғана таратуға болатынын біле бермейді. Облыс аумағында осындай 6 дүкен жұмыс істейді.

Заңдылық пен тәртіпті сақтау – бәріміздің бұлжымас міндетіміз екенін ұмытпағанымыз абзал.

Айдын ҚАБДҰЛДИНОВ,

облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp