«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кемшіліктер көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кәсіпкерлер палатасында агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау саласындағы талдау нәтижелері талқыланды. Жиынға кәсіпкерлер палатасының басшылығы, прокуратура, ауыл шаруашылығы басқармасының, аудан әкімдіктерінің өкілдері, шаруалар қатысты.

– 11 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталып, 48 ұсыным әзірленді. Сыртқы талдау қорытындылары бюджет қаражатын ұрлауға бағытталған көптеген кемшіліктерді, елеулі олқылықтарды ашты. Бұл ретте қылмыстық схемаларға лауазымды тұлғалармен қатар агроқұрылым қызметкерлері де тартылған, – деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.

Нұрлан Серікұлының айтуынша, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің 4 тобы әшкереленген. Бірінші топ субсидиялауға бөлінетін бюджет қаражатын жоспарлау тиімділігінің төмендігі мен мақсатты пайдаланылуын бақылау тетіктерінің жоқтығы. Мемлекеттік жеңілдіктерді негізінен ірі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері талап алып, шағын шаруа қожалықтары шөміштен қағылған. Тіпті араларында өтініш беріп үлгермегендері бар. Кей серіктестіктерге 2020 жылы 400 млн. мен 2 млрд. теңге арасында “сыбаға” тиген, ал шағын шаруалар 5-6 млн. теңгені қанағат тұтқан.

Екінші мәселе – субсидиялаудың ақпараттық жүйелерінің жетілмегендігі. Оған мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграцияланудың болмауы, бюджет қаражатының түсуі жайлы хабардар етілмеу, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу құқығын бұзу, әкімшілік кедергілердің кездесуі, өтінім беру, оны қарау үрдісін автоматтандырудың төмендігі. Мысалы, “Qoldau” порталының интеграцияланбауы шешім қабылдайтын лауазымды тұлғаның жалған шот-фактура толтыруына, жеке жауапкершіліктен жалтарып кетуіне мүмкіндік береді. “Plem.kz” жүйесінде де осындай кемшіліктер орын алған. Іс жүзінде жоқ ірі қараға субсидия алған.

Талдау барысы көрсеткендей “Qoldau” ақпараттық жүйесінде шаруашылықтар бірқатар қиындықтарға тап болған. Жекелеген аудандарда интернет жұмыс істемеген. Шаруалар субсидиялауға өтінім беру үшін аудан орталықтарына баруларына тура келген. Кей фермерлер амалсыздан түрлі ұйымдар, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының немесе бөлімдерінің қызметіне жүгінуге мәжбүр болған. Бұл фактілер өтінім берілген компьютерлердің сәйкес келуімен расталды. Соңғы 3 жылда ауыл шаруашылығы басқармасы компьютерлерінен 245 өтінім берілген.

Былтыр алаяқтық және қызметтік жалғандық фактілері бойынша екі іс қаралған. Спикер сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарын одан әрі болдырмау үшін шаруаларға қырағы болуға және “жеңіл” ақша алудың жолдарын іздемеуге шақырды. Ал мемлекеттік органдардың өкілдеріне әрбір заңсыз әрекет үшін жауапкершіліктің барын ескертті.

Жан АЙТМАҒАМБЕТОВ,

сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp