«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҰЛЫ ДАЛА АРУЛАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бірде жаратылысынан нәзік, әде­мі, қайсар, төзімді әйел затына қа­тысты бір ақпарат оқыдым. Есімдері тарихта алтын әріптермен өшпестей жазылып қалған тізімнен аттарынан ат үркетін Клеопатра, Жанна д Арк, Те­реза Ана, Индира Ганди, Коко Ша­нельді кезіктірдім. Бұлардың қай-қай­сысы болсын еш таныстыруды қа­жет етпейтін ерекше, аңыз жандар. Бір кезде тізімнің жуан ортасынан же­ңілуді білмейтін, Орта Азияға басқын­шылық жорықпен келген парсы­ның әйгілі патшасы Кирдің басын ке­сіп алып, әскерінінің тас-талқанын шы­ғарған сақ патшайымы Тұмардың (Томирис) есімі көзіме жылы ұшырап қоя бергені.

Ұлы даланың символы іспеттес тұл­ғаның әлемге танымал 10 әйелдің қатарынан орын алуы қуантты әрі ойлантты. Қуантқаны – тарих қатпар­ларына шегініс жасайтын болсақ, ота­ғасының адал жары, сенімді се­рігі, ақылшысы, отбасының берекесі болумен қатар ұлтымыздың ұйытқы­сы­на айналған, мемлекеттік маңызы бар істерді шешуге белсене аралас­қан аналарымыздың аз еместігі. Ой­лантқаны – қорамсақ жебе асынып, жауының құтын қашырып, үлкен ерлік танытқан, ұлы жеңістерге рух­тандырған, сұлулық, ақылдылық, инабаттылық, ержүректілік қасиеттер бір басына тоғысқан аяулы жандар жайлы білеріміздің мардым­сыздығы.

Қазақтың қос шынары Мәншүк пен Әлия, бұлбұл үнді Күләш Байсейі­това, Роза Бағланова, Роза Рымбае­ва, сахнаның көркі Хадиша Бөкеева, Шара Жиенқұлова десе, елең ет­пейтін жан кемде-кем. Осылайша бер­гі кезеңді санамалаумен ғана шек­телеміз. Жастардан Хиуаз Доспано­ва, Аққағаз Досжанова, Патшайым Тә­жібаева, Нұрсұлу Тапалова кім деп сұрай қалсаң мүдірері анық. Бұлар қазақ әйелдері арасынан шық­қан тұңғыш әскери ұшқыш, дәрігер, геолог, балерина екенін оларға ай­тып отыру қажет. Өйткені мұның бәрі – өзгенікін таңсық, өзіміздікін қаңсық етіп өсірген тәрбиенің салдары. Бәл­кім, жас буынды сөгуге де болмас. Мә­селен, Хиуаз апайымыз екінші дү­ниежүзілік соғысқа бастан-аяқ қаты­сып, ерлігі мен батырлығы үшін екін­ші дәрежелі “Отан соғысы”, “Қызыл жұлдыз”, “Қызыл Ту” ордендерімен марапатталғанымен кейінгі жылда­ры есімі көп еленбей қалды. Тек жұртшылықтың табанды талап етуі­мен ғана еліміздің батыр қызына Ха­лық Қаhарманы атағы берілді. Бел­гілі жазушы Мұхтар Мағауин “Әлем­дегі ең сұлу – қазақ әйелі: менің жа­рым, менің анам, менің қызым. Қа­зақ­ты қазақ қылған осы әйел бола­тын, сұлу ғана емес, сым­батты, мінез­ді, ақылды, адал жар, абзал ана, ағайынға қамқор, ауыл-ай­маққа құт, мақтаны, елдің көркі”, – деп сипатта­ған қаншама асылда­рымыз көзден де, көңілден де таса қалып жатыр де­сеңші.

Әлем тарихында өшпес із қалдыр­ған, ерлігі мен даналығы қатар өріл­ген Тұмар патшайымның Кирмен со­ғысын грек тарихшысы Геродот “Ең кескілескен және ұлы шайқас”, – деп суреттеген. Меніңше, оның шетсіз де шексіз далада шашырап жүрген сақ тайпаларының басын біріктіріп, жұ­дырық сияқты жұмылдыра білуі – кейінгі ұрпаққа үлкен сабақ. “Бөлін­генді бөрі жейді” деп аталарымыз текке айтпаған. Сақ әйелдерінің тағы бірі – Зарина патшайымның “Мен үшін елімнің еркіндігінен артық еш­теңе жоқ, елім тәуелсіздігінен айрылса, мен бақытсыз боламын”, – деген байламы кешегі елді шалыс қа­дам­дардан сақтандырады.

Жаған бегім жайлы да айта ке­тейік. Ол – қазақ хандығының негізін құрушылардың бірі Жәнібек ханның жары. Баласы Қасым ханның қасқа жо­лын салып, қазақ хандығының ше­карасын шегендеуіне айтарлықтай ықпал жасаған. Кіші жүздің ханы Әбіл­қайырдың әйелі Бопай ханым табиғатынан салиқалы, байсалды мінезімен ерекшеленген. Ел басқару ісіне араласып, ханның арқа сүйер тірегі болған. Ауыл-аймақ оны “Бара бәйбіше” деп сыйлаған. Қазақтар­дың тұрмыс-салтын терең зерттеген орыс тарихшысы А.Левшин “Бопай өзінің ақылдылығының арқасында бүкіл Кіші жүздің құрметіне бөленді және кейде оны басқаруға үлкен ықпал етті. Оның жеке мөрі болды”, – деп жазды.

Жәңгір ханның әйелі Фатима хан­шаның білімділігі мен мәдениеттілігі, алты тілді білуі, даналығы талай­ларды таңғалдырған. Шоқанның әже­сі Айғаным ханым да бірнеше тілді меңгерген, елді ақылмен басқарған. Сібір қазақтары туралы жарлық шы­ғарарда патша төңірекке өте ықпал­ды, беделді Айғаныммен санасқан. Бұл мысалдардан аңғаратынымыз, қазақтың әйелі от басы, ошақ қасын­да қалып қоймаған, ел анасы дең­гейі­не дейін көтеріле білген. Дома­лақ, Ұмай аналар да ақылын, қайра­тын жүрегіне бағындырып, қиын-қыс­тау кездерде жұртын қиын өткел­дерден аман-есен алып шыққан. Әйел түсінігі тар ауқымға сыймайты­нын аңғарған Мұхтар Әуезовтің “Ал қа­зақ мешел болып қалам демесең, та­ғылымыңды, бесігіңді түзе! Оны тү­зеймін десең, әйелдің халін түзе”, – деуі сондықтан.

Қазір жаhандану үрдісінің өмірі­мізге тереңдеп енгені соншалық, ұлт­тық құндылықтарымыз көмескі тар­тып бара жатқандай көрінеді. Ген­дер­лік саясатты, тең құқылықты алға тартып, әйелдердің мансапқа ұмты­луы, отау құру секілді отбасылық ба­қы­тын кейінге ысыруы, бала тәрбие­сіне, үй тірлігіне жете көңіл бөлмеуі, шешім қабылдауда ер азаматтардың пікірлерін ескере бермеуі салдары­нан сүйіспеншілік, мейірімділік, күйе­уін сыйлау, пір тұту дағдыларынан көз жазып қалғандаймыз. Қазіргі әйел келбеті “бір қолымен бесік тер­беткен, екінші қолымен әлемді тер­беткен” аяулы да сыршыл жанға ұқ­саңқырамайды.

Әрине, қыз-келіншектердің қоғам­дағы орны айрықша, еліміздің ілгері да­муына қосып жатқан еңбектері зор. Бірақ қандай қызмет атқарса да, биік лауазымның тұтқасын ұстаса да, қоғам қайраткері атанса да, нәзік болмысын, парасаттылығын жоғалт­пағаны абзал. Әйел өмірінің мәні – мейірімділігінде, имандылығында. Бас­ты ерекшелігі – аналығы мен дана­лығында. Осы бір егіз ұғымдар тамырынан ажырамасын десек, Ұлы даланың тарихнамасында аты аңыз­ға айналған есімдер ескерусіз қал­мағаны жөн.

Сандуғаш БАЙКЕНОВА,

Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp