Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” Жолдауында білім саласына бағытталған шаралар жемісін беріп келе жатқанын айтты. Шынында да, соңғы жылдары педагогикалық мамандықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Конкурстан тыс гранттар беріледі. Мемлекет басшысы сонымен қатар балаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие екенін атап көрсетіп, өскелең ұрпақ алдына өзінің болашақ кәсібін саналы түрде таңдай білу талабын қойды.
Еңбек нарығына білікті мамандар қажет екенін жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің педагогикалық ұжымы да жақсы түсінеді. Оқу орнында Қазақстан Республикасындағы білім беру саясатын айқындайтын мемлекеттік бағдарлама аясында техникалық және кәсіптік білім жүйесін жаңғырту бағыттарына ерекше ден қойылған. Кешенді түрде атқарылған жұмыстар нәтижесінде қол жеткен нәтижелер аз емес. Басты мақсатымыз – жұмыс берушілердің сұраныстарына жауап беретін, бәсекеге қабілетті, кәсіби құзыреттілікке ие жұмысшылар мен орта буын мамандарын даярлау. Бүгінде 11 мамандық және 17 біліктілік бойынша мамандар әзірленеді. Колледж қазақстандық-норвегиялық жобаның қатысушысы, техникалық және кәсіптік білім беруде өңірдегі үздік оқу орындарының бірі саналады. Институционалдық және мамандандырылған аккредиттеу рәсімдерінен өтіп, түрлі деңгейдегі конференцияларға, семинарларға тұрақты түрде қатысып отырады. Мәселен, “Жас маман” бағдарламасы бойынша түлектеріміз үздіктер сапынан көрінді.
Қамқоршылық және индустриалық кеңестер студенттік ортада бизнес жоспарлау саласының қыр-сырларын игеруге, жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнатуға әркез көмектесіп отырады. Сапа менеджменті жүйесі енгізілген. Бұдан бөлек, педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес, “Sanaly urpaq” клубы жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызмет құрылып, академиялық адалдық саясатының іске асырылуына бақылау жүргізіледі. Айтарлықтай жетістіктеріміздің бірі – “Есеп және аудит”, “Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану” мамандықтары бойынша қолданбалы бакалавриаттың лицензияларын алуымыз.
Инженерлік-педагогикалық қызметкерлердің қала және облыс кәсіпорындарында тағылымдамадан өтіп, біліктіліктерін жетілдіруі қалыпты дәстүрге айналған. Олар сонымен қатар халықаралық ынтымақтастық жобалары шеңберінде қысқамерзімді курстарда оқып қайтты. Құрылыс бөлімінің топтарында жаңа модульдік бағдарламалар енгізілді. Жоғары білімі бар педагогтар саны соңғы үш жылда 87 пайызға, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар педагогтар саны 5 пайыздан 13 пайызға өсті. Бүгінгі күні колледжде педагог-модераторлардың саны – 16, педагог-сарапшылар – 3, педагог-зерттеушілер – 13. Инженерлік-педагогикалық қызметкерлердің сапалық және сандық құрамын талдау жайы қатарымыздың жас кадрлармен ұдайы толықтырылып отыратынын, біліктілік деңгейінің жақсарғанын көрсетеді.
Академиялық еркіндік еңбек нарығының талаптарына бағдарлана отырып, сұранысқа ие мамандарды даярлауға үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Бағдарламалар әлеуметтік әріптестермен келісіліп, колледж базасында өндірістік практикадан өту жете ойластырылған. Оның ішінде теориялық оқыту, шеберханалар және кәсіпорындар базасындағы өндірістік тәжірибелерге басымдық беріледі. “Жас маман” жобасын жүзеге асыру аясында 300 млн. теңгеге 125 заманауи жабдық сатып алынып, қажетті заманауи жабдықтармен толық жарақтандырылды. Осы бағдарлама аясында “Аспаз ісі” және “Кірпіш қалау” мамандықтарына түлектер қабылданады.
Колледж демонстрациялық емтихандарды өткізу тәжірибесін қолданатын алғашқы оқу орындарының бірі болып табылады. “WorldSkills” стандарттары негізінде демоэкзаменттер үш құзыреттілік бойынша сынақтан өтіп, “Ағаш ұстасы” – 94, “Кірпіш қалау” – 76, “Аспаз ісі” мамандығы бойынша 86 пайызды құрады. Сөз арасында “WorldSkills Kazakhstan” чемпионаттарының белсенді қатысушысы екенімізді, бірнеше рет жүлделі орын иеленгенімізді айта кеткен жөн. Демоэкзаменттер, “WorldSkills”, “Жас маман” жобасы, академиялық еркіндік, өндірісте тәжірибеден өту дайындық деңгейін арттырудың ажырамас драйверіне айналып, студенттердің білім сапасының жақсаруына, түлектерді жұмысқа орналастыруға айтарлықтай әсер етті. Қазіргі заманғы білім беру үрдісін ақпараттық-коммуникациялық технологияларсыз көзге елестету қиын. Дәстүрлі білім беру жүйесімен қатар қашықтықтан оқыту нысанының табыстылығы нақ осы салаға тікелей байланысты. Колледжде қашықтықтан білім беру технологияларын пайдалану тәжірибесі әртүрлі озық жүйелер арқылы (“SOVA” платформалары, смарт колледж, ZOOM бағдарламалары, электрондық кітапхана, колледж сайты, колл-центр, интернет ресурстары) ұсынылады.
Білім мен тәрбие егіз десек, студенттердің еліміздің бетке ұстар азаматы ретінде қалыптасуы да басты назарда ұсталынады. Түрлі бағыттар бойынша зияткерлік-адамгершілік, дене тәрбиесі, экологиялық және еңбек тәрбиесі шаралары дәйекті түрде атқарылады. Факультативтік, сынып сағаттарында, ата-аналар жиналыстарында әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жиі қозғалады. Түлектеріміз республика колледждерінің “ТОП-100” байқауынан жүлдемен оралды. Оның қорытындысы бойынша “Елбасы медалімен” төрт студент марапатталды. Бірінші курстан бастап бейімделу деңгейін диагностикалау, тренингтік сабақтар және жеке кеңес беру, денсаулық пен өмірлік дағдыларды қалыптастыру, суицидтің алдын алу шаралары жүргізіледі. Саламатты өмір салтына ерекше көңіл бөлінеді. Күзгі кросс, мини-футбол, волейбол, баскетбол, шахмат, тоғызқұмалақ бойынша колледж біріншілігі, дәстүрлі шаңғы жарысы, әскери-патриоттық “Жасұлан”, студенттер командаларының “Сұңқар” спартакиадалары ұдайы ұйымдастырылады.
Колледж базасында ресурстық орталық орналасқан. Онда мемлекеттік бағдарламалар негізінде бір мыңнан астам тыңдаушы қысқамерзімді кәсіптік курстарда білімдерін жетілдірді. Облыс мектептерімен де тұрақты негізде ынтымақтастық орнатылған.
Ағыбай КӨШІМБАЕВ,
жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің директоры.