«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жаңару – ілгерілеу кепілі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев “Nur Otan” (қазіргі “Amanat”) партиясының съезінде сөйлеген сөзінде “Жаңа Қазақстанды” құру жөніндегі ауқымды міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыру үшін алдымен алдағы мақсаттарымызды айқындап алу, бұл орайда партия барлық реформаға ұйытқы болуы қажеттігіне тоқталды. “Ол үшін өзгерісті алдымен өзімізден бастауымыз керек. Сондықтан бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе – партияны жаңғырту. Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда партияның өзгеруі – заңдылық. Осыған орай жаңа ғана айтылғандай, саяси ұйымның атауын “Amanat” деп өзгерту ұсынылды. Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де айрықша мәні бар киелі ұғым”, – дей келіп, бірқатар басым қағидаттарды айқындап берді. Ең алдымен, орталыққа тәуелділікті жою және партия аппаратының тиімділігін арттырып, осы арқылы бюрократия мен қағазбастылықтан арылғанда ғана сенім мен ынтымақтастыққа негізделген өзара қарым-қатынас мәдениеті қалыптасары анық. Сонда барлық деңгейдегі партия депутаттарының рейтингі де алдын ала дайындалған есептерге емес, нақты істер мен азаматтардың мәселелерін шешуге бағдарланатын болады.

Билеуші партияны жаңғыртпай, елді жаңғырту мүмкін емес. Бұл мәселе партия съезінде тақырып арқауына айналды. Қысқа мерзімде өңірлік филиалдар азаматтар мен сайлаушылардың жекелеген топтарының пікірлері ескеріле отырып, партиялық жұмысты одан әрі қайта жүктеу бойынша көптеген ұсыныстар жинақталды. Жиында идеологиялық және партияішілік жұмыстарды қайта құрудың ауқымды бағдарламасы ұсынылды. Ондағы өзгерістердің негізгі арқауы сайлаушылармен тікелей жұмыс және жұртшылықтың нақты мәселелерін шешу, өз қызметінің барлық бағыттарын жаңғырту болып табылады. Бірінші кезекте бұл – оңтайландырылатын, жаңартылатын және ашықтыққа бағытталған қоғамдық кеңестердің жұмысына тікелей қатысты. Тәжірибе көрсеткендей, бүгінде кейбір қоғамдық кеңестер бір-бірінің жұмысын қайталайды, сондықтан проблемаларды шешу үшін ресурстар мен уақытты қысқарту, оңтайландыру қажет. Сондай-ақ цифрлық кеңістікте рөлі күшейтілген диалог алаңдарының мүмкіндіктерін барынша пайдалана отырып, қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмыс форматы жаңартылады. Жақын арада шағымдар мен өтініштерді бақылау жүйесі енізіліп, азаматтар өз өтініштерін қадағалай алатын болады.

Жергілікті жерлерде партиялық жұмысты жетілдіру үшін бастауыш партия ұйымдарының жұмысын жандандыру бойынша нақты шараларды іске асыру көзделген, олардың арасында халықпен жұмыс істеу дағдыларын дамыту, бастауыш партия ұйымдары төрағаларының рейтингін енгізу, сондай-ақ 20 пайыз мөлшерінде партиялық мүшелік жарналарды қайтару жайттары қарастырылған. Транспаренттілік мақсатында біздің партиямыздың депутаттарының рейтингі ашық әрі қолжетімді болады. Сонымен қатар партияның мобильді қосымшасы мен баспасөз орталығын құру мәселесі де пысықталуда.

Азаматтардың әл-ауқатын арттыру, парламенттік сайлауда және ауыл әкімдерін сайлауда саяси ұйымға қолдау көрсеткен сайлаушылардың үмітін ақтау тетігі ретінде сайлау алдындағы уәделерді іске асыруға ерекше назар аударылып отыр. Сайлауалды бағдарламаларды нақты іске асыру үшін партиялық бақылау күшейтіледі. Сондай-ақ партия 2025 жылға дейінгі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасын және 2030 жылға дейінгі “Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты” бағдарламасын қайта қарайтын болады.

Жекелеген өзгерістер партияның жарғысына да қатысты болады. “Ардагерлерді ардақтайық”, “Бақытты отбасы”, “Кедергісіз келешек” партиялық жобалары өздерінің тиімділігін көрсеткені ескеріліп, алты партиялық жоба өз жұмысын одан әрі жалғастырады. Олар “Жаңа Қазақстан үшін 30 инновациялық идея”, “ТазаLike”, “Әлеумет” бағдарламаларымен толықтырылады. Міндеті – сараптамалық пікірлерді жинақтау, экомәдениетті қалыптастыру және қоғамдық көңіл күй ахуалына сараптама жасау.

Форумда қозғалған өзекті мәселенің бірі – жастармен жұмысты жандандыру. Жастардың күш-жігерін бір орталыққа біріктіре отырып, әлеуетін ашу үшін “Jas Otan жастар қанаты жаңғыртылмақ. Алдағы уақытта ауыл жастарына, әскери-патриоттық тәрбиеге, жастар көшбасшылары қатарын нығайтуға, еріктілер қозғалысын күшейтуге баса назар аударылады.

Партияны жаңғырту бағдарламасы кешенді құжат болып табылады. Президент атап өткендей, барлық қазақстандықтардың алдында мемлекетіміздің тағдырын шешетін өте маңызды өткел тұр. Халықтың проблемаларын шешуге бағытталған барлық реформалардың бастамашысы нақ осы саяси ұйым болуы тиіс.

Аманат – біздің ата-бабаларымыз өз ұрпақтары үшін сақтаған құндылықтар: біздің тәуелсіздігіміз, мәдениетіміз, бірлігіміз және жеріміз. Еліміздің азаматы ретіндегі ендігі міндетіміз – осы асыл құндылықтарды сақтап, оларды болашақ ұрпаққа жеткізу.

Әсем РАХМЕТОВА,

“Аmаnаt” партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp