«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Кәсіптік оқудың көкжиегі кең

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” Жолдауында білім саласына бағытталған шаралар жемісін беріп келе жатқанын айтты. Шынында да, соңғы жылдары педагогикалық маман­дықты қалап, оқуға түскендердің орташа балы күрт өсті. Дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Конкурстан тыс гранттар беріледі. Мемлекет басшысы сонымен қатар ба­лаларды ерте жастан мамандыққа бейімдеу айрықша маңызға ие екенін атап көрсетіп, өскелең ұрпақ алдына өзінің болашақ кә­сібін саналы түрде таңдай білу талабын қойды.

Еңбек нарығына білікті маман­дар қажет екенін жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің педаго­ги­калық ұжымы да жақсы түсінеді. Оқу орнында Қазақстан Республи­касындағы білім беру саясатын айқындайтын мемлекеттік бағдар­лама аясында техникалық және кә­сіптік білім жүйесін жаңғырту бағыт­тарына ерекше ден қойылған. Ке­шенді түрде атқарылған жұмыстар нәтижесінде қол жеткен нәтижелер аз емес. Басты мақсатымыз – жұ­мыс берушілердің сұраныстарына жауап беретін, бәсекеге қабілетті, кәсіби құзыреттілікке ие жұмысшы­лар мен орта буын мамандарын даярлау. Бүгінде 11 мамандық және 17 біліктілік бойынша мамандар әзір­ленеді. Колледж қазақстандық-норвегиялық жобаның қатысушы­сы, техникалық және кәсіптік білім беруде өңірдегі үздік оқу орындары­ның бірі саналады. Институционал­дық және мамандандырылған ак­кредиттеу рәсімдерінен өтіп, түрлі деңгейдегі конференцияларға, се­минарларға тұрақты түрде қатысып отырады. Мәселен, “Жас маман” бағдарламасы бойынша түлекте­ріміз үздіктер сапынан көрінді.

Қамқоршылық және индустриа­лық кеңестер студенттік ортада биз­нес жоспарлау саласының қыр-сырларын игеруге, жұмыс беруші­лер­мен тығыз байланыс орнатуға әркез көмектесіп отырады. Сапа менедж­менті жүйесі енгізілген. Бұдан бө­лек, педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес, “Sanaly urpaq” клубы жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлыққа қар­сы комплаенс-қызмет құрылып, ака­демиялық адалдық саясатының іске асырылуына бақылау жүр­гі­зіледі. Айтарлықтай жетістіктері­міздің бірі – “Есеп және аудит”, “Ғи­мараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану” мамандықтары бо­йынша қолданбалы бакалавриат­тың лицензияларын алуымыз.

Инженерлік-педагогикалық қыз­мет­кер­лердің қала және облыс кә­сіпорындарында тағылымдамадан өтіп, біліктіліктерін жетілдіруі қа­лыпты дәстүрге айналған. Олар сонымен қатар халықаралық ынты­мақтастық жобалары шеңберінде қысқамерзімді курстарда оқып қайтты. Құрылыс бөлімінің топта­рында жаңа модульдік бағдарлама­лар енгізілді. Жоғары білімі бар пе­да­гогтар саны соңғы үш жылда 87 пайызға, жоғары оқу орнынан ке­йінгі білімі бар педагогтар саны 5 па­й­ыздан 13 пайызға өсті. Бүгінгі күні колледжде педагог-модера­торлардың саны – 16, педагог-сарапшылар – 3, педагог-зерттеушілер – 13. Инженерлік-педагогикалық қызмет­керлердің сапалық және сандық құ­рамын талдау жайы қатарымыздың жас кадрлармен ұдайы толықты­рылып отыратынын, біліктілік дең­гейінің жақсарғанын көрсетеді.

Академиялық еркіндік еңбек на­рығының талаптарына бағдарлана отырып, сұранысқа ие мамандарды даярлауға үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Бағдарламалар әлеуметтік әріптестермен келісіліп, колледж ба­засында өндірістік практикадан өту жете ойластырылған. Оның ішінде теориялық оқыту, шеберханалар және кәсіпорындар базасындағы өндірістік тәжірибелерге басымдық беріледі. “Жас маман” жобасын жү­зеге асыру аясында 300 млн. тең­геге 125 заманауи жабдық сатып алынып, қажетті заманауи жабдық­тармен толық жарақтандырылды. Осы бағдарлама аясында “Аспаз ісі” және “Кірпіш қалау” маман­дықтарына түлектер қабылданады.

Колледж демонстрациялық ем­ти­хан­дарды өткізу тәжірибесін қол­данатын алғашқы оқу орындары­ның бірі болып табылады. “WorldSkills” стандарттары негізінде демоэкзаменттер үш құзыреттілік бойынша сынақтан өтіп, “Ағаш ұс­тасы” – 94, “Кірпіш қалау” – 76, “Ас­паз ісі” мамандығы бойынша 86 па­йызды құрады. Сөз арасында “WorldSkills Kazakhstan” чемпио­наттарының белсенді қатысушысы екенімізді, бірнеше рет жүлделі орын иеленгенімізді айта кеткен жөн. Демоэкзаменттер, “WorldSkills”, “Жас маман” жобасы, академиялық еркіндік, өндірісте тә­жі­рибеден өту дайындық деңгейін арт­тырудың ажырамас драйверіне айналып, студенттердің білім са­пасының жақсаруына, түлектерді жұмысқа орналастыруға айтар­лықтай әсер етті. Қазіргі заманғы бі­лім беру үрдісін ақпараттық-коммуникациялық технологиялар­сыз көзге елестету қиын. Дәстүрлі білім беру жүйесімен қатар қашық­тықтан оқыту нысанының табысты­лығы нақ осы салаға тікелей бай­ланысты. Колледжде қашықтықтан білім беру технологияларын пайда­лану тәжірибесі әртүрлі озық жүйе­лер арқылы (“SOVA” платформа­лары, смарт колледж, ZOOM бағ­дарламалары, электрондық кітап­хана, колледж сайты, колл-центр, интернет ресурстары) ұсынылады.

Білім мен тәрбие егіз десек, сту­денттердің еліміздің бетке ұстар аза­маты ретінде қалыптасуы да басты назарда ұсталынады. Түрлі бағыт­тар бойынша зияткерлік-адамгершілік, дене тәрбиесі, экологиялық және еңбек тәрбиесі шаралары дәйекті түрде атқарылады. Факуль­тативтік, сынып сағаттарында, ата-аналар жиналыстарында әскери-патриоттық тәрбие мәселелері жиі қозғалады. Түлектеріміз респуб­лика колледждерінің “ТОП-100” бай­қауынан жүлдемен оралды. Оның қорытындысы бойынша “Елбасы медалімен” төрт студент марапат­талды. Бірінші курстан бастап бейімделу деңгейін диагностикалау, тренингтік сабақтар және жеке ке­ңес беру, денсаулық пен өмірлік дағ­дыларды қалыптастыру, суицидтің алдын алу шаралары жүргізіледі. Саламатты өмір салтына ерекше көңіл бөлінеді. Күзгі кросс, мини-футбол, волейбол, баскетбол, шах­мат, тоғызқұмалақ бойынша кол­ледж біріншілігі, дәстүрлі шаңғы жа­рысы, әскери-патриоттық “Жас­ұлан”, студенттер командаларының “Сұңқар” спартакиадалары ұдайы ұйымдастырылады.

Колледж базасында ресурстық орталық орналасқан. Онда мем­лекеттік бағдарламалар негізінде бір мыңнан астам тыңдаушы қыс­қамерзімді кәсіптік курстарда білімдерін жетілдірді. Облыс мектептерімен де тұрақты негізде ынтымақтастық орнатылған.

Ағыбай КӨШІМБАЕВ,

жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp