«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕКТЕП ПАРЛАМЕНТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кез келген оқушы өз көзқарасын ашық білдіріп, ойындағысын жүзеге асырғысы келсе, саяси белсенді бо­луы шарт. Оған мектеп парламенті мүмкіндік жасайды. Жақында фракция жетекшілері сайланды. Ха­барландыру білім ошағының сайтына және әлеуметтік желіге орналастырылды. Бұдан бөлек, сайлау ко­миссиясы құрылып, мектеп парламентінің фракциясына кандидаттар ерікті негізде ұсынылды. Үміт­керлер өздерінің үгіт-насихат сөздерін дайындап, пікірталас алаңдарында лайықты түрде қорғай білді.

Сайлау жасырын дауыс беру арқылы өтті. Кандидаттардың есімдері жазыл­ған бюллетеньдер арнайы жәшіктерге салынды. Заң бұзушылықтар болма­ға­нын бақылаушылар қадағалады. Дауыс беру қорытындысы бойынша Андрей Судьин – құқық және тәртіп, Дильназ Сә­лімжан – ақпарат, Анна Скорик – қам­қорлық, Карина Бабинова – мәдениет және өнер, Аделина Саядян – өзін-өзі тану және бақыт, Камила Сәкенова – экология және еңбек, Анжелика Пенкова – пікірсайыс қозғалысы, Әлем Тоқ­тамыс спорт және салауатты өмір салты фракциясының жетекшісі болып сайланды. Менің ойымша, оқушылар таңдаудан қателескен жоқ.

Біз жасөспірімдердің әлеуметтік жағ­дайына барынша көңіл бөлінгенін қа­лаймыз. Жасөспірімдер арасындағы құ­қық бұзушылықтың алдын алу бойынша жасалған жұмыс жоспарымызға бірқатар идеялар енгізілген. Телефонға телмірген балаларды дебаттық интеллектуалдық ойындарға, волонтерлік шараларға тарту жайы да ойластырылған. Ұсыныстарымызды аудандық мәслихат депутаттары қолдап, жәрдемдесуге уәде берді.

Мектеп жанынан құрылған “Адал ұр­пақ” клубының мүшелері тың бастама­лардың ұйытқысы болып табылады. Жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар негізінде тәрбиеленген жас ұрпақ қана аға буын жүктеген жоғары мақ­саттарға жете алары анық. Іс-шара­лар “Адал және сатылмайтын жас буын” ұранымен өтеді. Мектеп мұра­жайында “Жемқорлыққа жол жоқ!” кар­тасы орналастырылған. “Транспарентті және есеп беретін мемлекет” бейнеро­лик­тер конкур­сы, “Сынып жетекшісін сайлау” сюжеттік-рөлдік ойыны, пара­саттылық са­бақтары, “Біз сыбайлас жемқорлыққа қарсымыз” акциясы, жас­өспірімдер инспекторларының қаты­суы­мен “Қо­ғамдық тәртіп негіздері” пі­кірталас прак­тикумы өткізілді. Қоғам­дық тыңдаулар­да өскелең ұрпақ үшін тек адал еңбек қана табыстылықтың, жо­ғары жетістік­тердің, білім мен мате­риалдық игіліктің өлшемі болуы тиіс екендігі айтылды.

Аудандық полиция бөлімінің баста­масы­мен “Жемқорлықсыз өмір” ұра­нымен өткізілген байқауға жоғары сы­нып оқушылары белсене қатысты. Су­рет салу және эссе жазу аталымда­рын­да Алтынай Шалкенова, Бейнегүл Мағ­зұмова, Кристина Журавлева жүлдегер атанды. “Адал ұрпақ” клубының жетек­шісі облыстық “Парасатты отбасы” бай­қауына қатысу құрметіне ие болды.

Келешекте “ЮНИСЕФ” еріктілерімен байланыс орнатуды, кибербуллинг, эко­логия тақырыбы бойынша парасатты­лық сабақтарын ұйымдастыруды жос­пар­лап отырмыз. Өзім Білім және ғы­лым министрлігі жанындағы балалар­дың құқықтарын қорғау жөніндегі өкілдік­тің мүшесімін, “Елбасы медалі” республикалық бағдарламасының қола жүл­дегерімін.

Данияр ҚҰДИЯРОВ,

№1 Смирнов орта мектебі мектеп парламентінің президенті.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp