Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығысқа байланысты туындауы мүмкін экономикалық қиындықтардың алдын алу үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет дағдарысқа қарсы іс-шаралар жоспарын әзірледі. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың өңір кәсіпкерлерімен кездесуінде саладағы көкейкесті мәселелер талқыланып, тығырықтан шығатын жол көрсетілді.
Жиында мүдделі мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер палатасында байланыс орталықтары құрылғаны, палата бизнестің проблемалық мәселелерін шешу бағытында жұмыстар жүргізіп жатқаны атап өтілді. Премьер-Министрдің бұйрығымен құрылған дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб ең өзекті мәселелерді қоғам талқылауына шығарады. Өңірлік деңгейде кәсіпкерлер палатасы да белсенді жұмыс атқаруда. Бүгінге дейін жедел штабқа 190 кәсіпкер жүгінген. Негізінен өнеркәсіп, сауда, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларына қатысты сауалдар қойылыпты. Қазіргі уақытта бизнес өкілдерін мазалаған негізгі мәселе – логистика мен тасымалдау бағыттары, теңгенің құнсыздануы, өнімнің қымбаттауы, шикізат жеткізу көлемінің қысқаруы. Украина аумағындағы әскери іс-қимылдарға және Ресей Федерациясына салынған санкцияларға байланысты да біраз қиындықтар бар.
Көктемгі егіс жұмыстары басталғанға дейін сатып алынған ауыл шаруашылығы техникаларының кешеуілдеп жету қаупі жоғары. Бұл туралы “Kametex” ЖШС-ның директоры Руслан Хасенов айтты. Оған шетелдік жүк тасымалдаушылардың Ресей порттарына кіруден бас тартуы, сондай-ақ жүк Беларусь арқылы әкелінген жағдайда кедендік ресімдеудің ұзаққа созылатыны себеп. Кәсіпкер Ақтау порты арқылы тасымалдау жолын пысықтауды өтінді.
Осындай проблемалар “John Deere” компаниясының ресми дистрибьюторы – “Eurasia Group Kazakhstan” ЖШС-да да туындаған. Еуропалық тасымалдаушылардың Санкт-Петербург теңіз портына аялдаудан бас таруына байланысты өнім Германиядан Балтық жағалауы елдері арқылы құрлықпен әкелінбек. Компания өкілі Руслан Сердалиновтың сөзінше, бұл уақыт жоғалтуға әкеледі. Сондықтан Балтық елдерінің кеден органдарымен Ресей арқылы Қазақстанға транзитпен жөнелтілетін жүктерді тасымалдаушылардың кедергісіз өтуі туралы келісімге қол жеткізу қажет.
Құрылысшылардың да өз проблемалары бар. Ресейлік өндірушілер құрылыс материалдарының бағасын 15-20 пайызға өсіріп жіберген. Украинамен шекаралас Еуропа елдерінен тауар импорттайтын немесе сол елдерге экспорттайтын кәсіпкерлер көп зардап шегіп отыр.
“Фармацевтикалық компаниялар мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындары елеулі қиындықтарға тап болды. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік мақсаттағы машиналар мен жабдықтар, сондай-ақ медициналық бұйымдар Украина арқылы келетін. Жағдай біздің жіті бақылауымызда және бизнес қауымдастыққа жан-жақты көмек көрсетіледі”, – деді кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің төрағасы Олег Иванов.
– Қақтығыстың салдарынан Ресейге көптеген санкция салынып жатыр. Мұның әсері біздің елімізге тие ме, жүк тасымалдауға кедергі келмей ме деген сұрақ туындайды. Жалпы Қазақстанның Еуропа елдерімен алыс-берісі бір жолға қойылған. Түрлі келісімшарттар аясында тауар кәсіпкерлерге әуе, темір жол, теңіз порттары арқылы кедергісіз жеткізіледі. Бірақ ахуал күннен күнге өзгеріп жатыр. Сол себепті кез келген жайтқа дайын болуымыз керек, – деді Құмар Ақсақалов.
Ұлттық кәсіпкерлер палатасы тұрақты негізде бизнес субъектілеріне қаржылық қолдау көрсетіп келеді. Өз ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қаржылай демеу “Солтүстік” ӘКК, “Атамекен-Қызылжар” микроқаржы ұйымы арқылы жүзеге асырылады. “Бастау-Бизнес” жобасының түлектеріне жылдық 6 пайыз жеңілдікпен кредит беріледі.
Отырыс соңында кәсіпкерлер палатасында аптасына бір рет бизнес өкілдерімен кездесулер өткізіліп тұратын болып келісілді. Барлық проблемалар республикалық жедел штабқа жолданады.
Әділет БАҒЛАНҰЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.