«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“МЕНІҢ АНАМ – ЕҢ СҰЛУ АДАМ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай “Менің анам – ең сұлу адам” атты шығармашылық байқау ұйымдастырылды. Оған Петропавл қаласы мектептерінің бастауыш сынып оқушылары қатысты.

“Балалар жылы” аясында өткізіл­ген бұл шараның мақсаты өңірімізде ба­лалар әдебиетін дамыту, жас ұр­паққа “ана” ұғымының мән-мағынасын тереңнен түсіндіріп, олардың поэ­зияға, өлең оқуға деген сүйіспенші­лігін арттыру, ана тақырыбын наси­хаттау болды.

Шара Ақан сері атындағы облыс­тық филармонияның дәстүрлі әншісі Ғалымжан Нұрпейісовтің “Тырналар әні” атты ән шашуымен басталды. “Жас қаламгер” үйірмесінің мүшесі Мөлдір Қыстаубаева Шәмші Қалдаяқовтың “Ана туралы жыр” әні мен ха­лық әні “Айқаракөзді” орындап, көрермендердің қошеметіне ие болды.

Жеңімпаздарды анықтау барысында әділқазылар алқасы үміткерлердің өлеңдеріндегі сөз қолданысын, ұйқа­сын; ой тереңдігін, көркемдік ерекше­лігін; шығармасын жатқа оқу шебер­лігін; сахна мәдениеті мен киім үлгісін ескерді.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Ғ. Мүсірепов атындағы №43 орта мектептің 4 “Г” сынып оқу­шысы Батырхан Қалел иеленді.

“Менің анам – ең сұлу адам!” атты кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Онда әр кезеңде өмір сүрген ел бас­қарған атақты, ақыл да дана, сұлу нәзік жандар туралы айтылды. Көр­меге “Тұмар патшайым”, “Ұлы дала топтамасымен” шыққан “Бозоқ аруы”, қазақ халқының эпостық мұраларының озық үлгілері “Қыз жібек”, “Қозы көр­пеш – Баян сұлу”, Ғ.Мүсіреповтің “Ұлпаны”, әнші, биші, сахна майтал­ман­дары, өз өңіріміздің ақын-жазушы қыздары, нәзік жандарға арнап ән шы­ғарған сазгерлер шығармалары, балаларға арналып жазылған кітаптар қойылды.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp