Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай “Менің анам – ең сұлу адам” атты шығармашылық байқау ұйымдастырылды. Оған Петропавл қаласы мектептерінің бастауыш сынып оқушылары қатысты.
“Балалар жылы” аясында өткізілген бұл шараның мақсаты өңірімізде балалар әдебиетін дамыту, жас ұрпаққа “ана” ұғымының мән-мағынасын тереңнен түсіндіріп, олардың поэзияға, өлең оқуға деген сүйіспеншілігін арттыру, ана тақырыбын насихаттау болды.
Шара Ақан сері атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Ғалымжан Нұрпейісовтің “Тырналар әні” атты ән шашуымен басталды. “Жас қаламгер” үйірмесінің мүшесі Мөлдір Қыстаубаева Шәмші Қалдаяқовтың “Ана туралы жыр” әні мен халық әні “Айқаракөзді” орындап, көрермендердің қошеметіне ие болды.
Жеңімпаздарды анықтау барысында әділқазылар алқасы үміткерлердің өлеңдеріндегі сөз қолданысын, ұйқасын; ой тереңдігін, көркемдік ерекшелігін; шығармасын жатқа оқу шеберлігін; сахна мәдениеті мен киім үлгісін ескерді.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Ғ. Мүсірепов атындағы №43 орта мектептің 4 “Г” сынып оқушысы Батырхан Қалел иеленді.
“Менің анам – ең сұлу адам!” атты кітап көрмесі де ұйымдастырылды. Онда әр кезеңде өмір сүрген ел басқарған атақты, ақыл да дана, сұлу нәзік жандар туралы айтылды. Көрмеге “Тұмар патшайым”, “Ұлы дала топтамасымен” шыққан “Бозоқ аруы”, қазақ халқының эпостық мұраларының озық үлгілері “Қыз жібек”, “Қозы көрпеш – Баян сұлу”, Ғ.Мүсіреповтің “Ұлпаны”, әнші, биші, сахна майталмандары, өз өңіріміздің ақын-жазушы қыздары, нәзік жандарға арнап ән шығарған сазгерлер шығармалары, балаларға арналып жазылған кітаптар қойылды.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.