Жақында Шымкент қаласында еркін, грек-рим және әйелдер күресінен жасөспірімдер мен жастар арасында ел чемпионаты өтті. Жерлестеріміздің төртеуі жарыстан жүлделі орын алып қайтты. Яғни, үшеуі алтын, біреуі күміс медальға ие болды.
Чемпионатқа Мамлют ауданынан қатысқан балуандардың қанжығалары майланып, үшеуі де бірінші орынды еншіледі. 36 килограмм салмақ дәрежесінде күрескен Меңгесер орта мектебінің оқушысы Ульяна Мальцева жеңімпаз атанса, 54 килограмм салмақ дәрежесінде осы мектептің тағы бір оқушысы Анна Стратан бас жүлдені иеленді. Екеуін де Руслан Дәулетов жаттықтырады. 7 килограмм салмақ дәрежесінде Мамлют санаторлық орта мектеп-интернатының түлегі Кристина Ряснова да топ жарды (жаттықтырушысы Индира Наурызбаева).
– Кристина Мамлют санаторлық орта мектеп-интернатының түлегі. 6-шы сыныптан бастап еркін күреспен айналысып келеді. Бұған дейін де үлкенді-кішілі жарыстарға қатысып, бірнеше рет облыста чемпион атанса, бір рет халықаралық жарысқа қатысып, жүлдемен оралды. Осы жылы жастар қатарында жарысқа қатысып, бағы жанды, – дейді Мамлют аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Индира Наурызбаева.
Ал петропавлдық Аружан Талғатбек жеңіске бір табан жетпей сүрінді. 10 жасынан күреспен айналысатын бұрымды қыз күміс жүлде еншіледі.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.