«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Шешімін күткен түйткіл көп

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Мамлют ауданына қарасты Бексейіт ауылына барып, тұрғындармен кездесу өткізді. Мектепте өткен басқосуда жұртшылықты мазалап жүрген түйткілді мәселелер көтерілді. “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігінің директоры Еркебұлан Мәмбетов өткен жылы атқарған жұмыстары және алға қойған жоспарлары туралы баяндады.

– Серіктестіктің іргетасы 1998 жылы қаланды. Бүгінде қызметкерлер саны 254 адамды құрап отыр. Үлескерлер саны – 1762 адам. 392-сі Бексейіт ауылының тұрғындары. Үлескерлерге бөлінген қаражат – 115,5 млн. теңгені құрады, оның ішінде Бексейіт ауылының үлескерлеріне 27 млн. теңге берілді, адам басына шаққанда 56 мың теңгеден келді. “Мәмбетов және К” коммандиттік серіктестігі қызметкерлерінің орташа еңбекақысы өткен жылы 182663 теңгені құрады, бұл көрсеткішті биыл 10 пайызға көтеру жоспарлануда, – деді Еркебұлан Нұрмағамбетұлы.

Шаруашылық ауыл тұрғындарына жемшөп сатып алуға да көмектеседі. Мәселен, шөптің бір орамының өзіндік құны 3927 теңге болғанымен, серіктестік қызметкерлері оны 3500 теңгеден, өзге тұрғындар 5000 теңгеден сатып алған. 1 тонна жемнің құны 43036 теңге, ал жұмысшылар 18 мың, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар 36 мың теңгеден алған.

Еркебұлан Мәмбетов биыл Бексейіт ауылын абаттандыруға жалпы сомасы 1,5 млн. теңге жұмсау көзделіп отырғанын айтты. Ауыл балуандарының облыстық жарыстарға қатысуына көмектесіп, Бексейіт орта мектебін жөндеуге де атсалыспақ. Ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз ету үшін 1,3 млн. теңге, ауылдың кіре-беріс және кентішілік жолдарын жазғы және қысқы кезеңде күтіп ұстау үшін 1 млн. 200 мың теңге жұмсалған. Тойхана құрылысын аяқтап, айналасын көркейтуді де қолға алмақ.

“Бексейіт” ЖШС-ның директоры Досым Жағыпарұлы негізінен егін шаруашылығымен айналысады. Кейінгі жылдары жылқы түлігін өсіруді қолға алған. Новомихайловка және Бике ауылдарының жерін иеленіп отыр. Егістік жер – 1340 гектар. Былтыр бидайдың түсімі 13,6, майлы дақылдар 8 центнерден айналды.

– Жер үлескерлеріне 55 мың теңгеден бердік. Тұрғындардың сұрауы бойынша бір тонна шөп және екі қап ұн үлестірдік. Шөпті арзан бағамен, ал сабанды тегін бердік. Бике ауылы мектебіне күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Ауылдың жағдайын жақсартуға қол ұшын созамыз деп отырмыз. Жұмысшылардың жалақысын 10 пайызға көтереміз. Одан тыс бес жаңа жұмыс орнын ашу ойда бар. Бексейіт ауылында жаңа фельдшерлік-акушерлік бекет салынады. Соған 1,5 млн. теңге бөлмекшіміз, – деді Досым Жағыпарұлы.

Шаруашылық иелерінің баяндамасынан кейін ауыл тұрғындары кезек-кезегімен көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Тұрмысқа шығып, басқа жаққа кеткен, өмірден өткен кісілердің жерлерін кім иемденетінін, 2015 жылы құжат ауысқанда үлестерінен айрылып қалғандар не істеу керектігін сұрады. Мектепте бала саны жылдан жылға азайып бара жатқанын, мұның арты ауылдың жабылуына әкеліп соқтыратынын, ол үшін оңтүстіктен келетін қандастарымызға үй салып, ауылдың әлеуетін көтеру керектігін айтқандар да болды. “Клуб ашыла ма?” деген сауал да жолданды. Ауылда су мәселесі де толықтай шешімін таппаған көрінеді. Кейбіреулер суды үйге кіргізу құны 200 мың теңге екеніне шағымданды. Бұл ауыл тұрғыны үшін көп ақша. Басты проблема – тұрғындардың дені жұмыссыз.

– Жер мәселесі сот арқылы шешіледі. Құқық корғау органдары жердің қағаздары қайда кеткенін тексереді. Сіздерді жайылым жер алаңдатып отырғанын өздеріңіз айттыңыздар. Ол да шешіледі. Шаруашылықтардың көбі жермен ғана айналысады, мал баққысы келмейді. Әрбір ауылда үлкен мал шаруашылықтары болуы керек. Сонда тұрғындарға жұмыс та, табыс та болады. Мемлекет тарапынан азаматтарға көмек жасап, миллиондаған субсидия төленіп жатыр. Жерін пайдаланады екенсің, сондағы азаматтарға тұрақты жұмыс беру керек. Жыл сайын жаңа жұмыс орны ашылып, жалақы көтерілгені дұрыс. Өзің бай болып қана қоймай, тұрғындарды да ойла, – деді Құмар Ақсақалов.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp