Көзі тірісінде-ақ қазақ халқының мақтанышына айналған, көркем шығармаларының арқасында сөз зергері атанған академик-жазушы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсіреповтің туғанына биыл 120 жыл толады. Оның өмір жолы, шығармашылығы туралы талай рет жазылды, жазыла да берер. Оларды қайталай берудің қажеті бола қоймас. Мен бүгін жазушының кіндік қаны тамған жерінің әсем табиғатының, сол жерлерде болған оқиғалардың оның кейбір көркем шығармаларына тигізген әсері туралы сөз қозғамақпын.
Мен Ақбалық жеті жылдық мектебінде оқыған жылдары бізге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Гүлсім Жанғожина деген мұғалім сабақ берді. Жас кезінде өнер қуса керек. Тіпті Мәскеуде өнер училищесінде оқыған. Даңқты генерал Иван Панфиловтың әйелінен дәріс алғанын мақтанышпен айтатын. Бірақ училищені бітіре алмаған. Денсаулығы сыр беріп, туған жерге оралып, бұрынғы Көкшетау облысының Қызылту ауданында, кейін Қызылжарда, Жамбыл ауданындағы Ақбалық жетіжылдық, Жаңажол орта мектептерінде мұғалім болған. Келбетті. Әдебиеттен білімі терең адам еді. Әсіресе туған ағасы Ғабит Мүсіреповтің өмір жолы, шығармашылығы жөнінде айтқанда ерекше күй кешетін. Солардың ішінде Ғабеңнің жазушылық жолындағы алғашқы әңгімелерінің бірі – “Қос шалқар” туралы әңгіме қозғалғанда туған ауылым Қарақамыстан 20-25 шақырымдай ғана жердегі осы қос көлді көруге ынтығушы едім.
Жаңажолдан Октябрьге (бұл ауыл қазір жоқ) барар жолдың екі қапталындағы қос шалқар – Құдайқұл мен Қарағайлы көлдері. Көлді жағалай өскен ақ қайың орманының ішінен қысы-жазы жап-жасыл болып тұратын бірнеше қарағай алыстан-ақ көрінеді. Көлдердің бірінің Қарағайлы аталуы да содан болар.
Ғабең кіндік қаны тамған жерге келген сайын осы Құдайқұл көліне шомылмай кетпейді. Өйткені жазушы ауылына әрдайым жазда, диқандар егіндерін сеуіп болғасын, әлі малға шөп дайындау басталмай тұрған аралықта, нағыз күн қызып, жұрт қыстың қыспағынан шығып, бой жазатын, суға шомылатын шақта ғана келетін. “Қос шалқар” әңгімесінде Ғабит Махмұтұлы “…қос босағаға орнатқан күміс бағана тәрізді екі көл. Кешкі тымыққа тынып, жадырап жатқан су ақырын ғана жағасына соғып дірілдейді. Ынқынбайды, тітіркенбейді… ”, – деп суреттейді. Бұл – көл айдынының кешкі келбеті. Күндіз де солай. Күн қанша ыстық болса да көлдің суы түске дейін онша жыли қоймайды.
Балалық балғын шағынан сүйікті көлдеріне айналған “Құдайқұл” мен “Қарағайлы” Ғабеңнің “Қос шалқар” әңгімесіне ғана емес, “Ұлпан” романындағы оқиғалар өрбіген жерлер. “Ұлпан” романында бұл төңірек тіпті ерекше сипатқа ие болады. Мұндай осы бір ауасы таза, жұпар иісті шөбі шүйгін аймақтың әсем табиғаты жазушыға шабыт беретінге ұқсайды.
Мен 1967 жылы С.М.Киров атындағы мемлекеттік университеттің журналистика факультетіне сырттай оқуға түскеннен кейін жерлес жазушылар – Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтің пәтерлеріне барып сәлем беріп, алғаш танысқанымда Ғабеңді сондай-бір шабытты шағында кездестірген едім. Алматыға тағы бір барғанымда Ғабеңді тіпті бір қызу шаруаның үстінде кездестірдім. Оның жазу столы терезенің алдында тұрушы еді. Столдың үстіне картон қағаз төселген. Торкөз қағазға мәтінді қарындашпен араб һаріптерімен жазып жатыр. Сөйлем ішіндегі бір сөз ұнамай қалса, өшіргішпен өшіреді де орнына басқа сөз жазады. Сонда бет тап-таза болып жазылады. Қарындаштың ұшы мұқала бастаса басқасын алып, жазуын жалғастыра береді.
– Мына жазып жатқаным Ұлпан туралы шығарма. Бәлкім, повесть болып қалар. Тездетіп жазып бітуім керек. Баспа тосып отыр. Ол тарихи тұлға ғой. Кейбір деректерін нақтылай түсу керек болар. Сол үшін жуырда ауыл жаққа баратын ойым бар, – деді. Шынында да сол жылы, диқандар егіндерін сеуіп болғаннан кейін, жер көгеріп, табиғат әсем күйге енген шақта Ғабеңді Қызылжарда тағы қарсы алдық. Бұл жолы ол ақиық ақын Ғафу Қайырбеков пен аудармашы Алексей Белялиновті ерте келіпті. Оның мәнісі бұл ақын-жазушыларға Ұлпанның жүрген жерлерін, әсем табиғатты көрсету болса керек. Оның үстіне бірінен соң бірі бақилық болған туған ағасы, елімізде ұжымдық шаруашылықтар құрудың алғашқы жылдарында колхоз басқармасы, ал ғұмырының басым бөлігін бала тәрбиесіне арнаған Ленин орденді ұстаз Хамит Махмұтұлы мен қарындасы Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталған мұғалім Гүлсім Махмұтқызына арнап ас беріп, дұға оқыту еді. Осы шаруаны өткізгеннен кейін Ғабең жазып жатқан шығармасына деректер жинауға кірісті. Ең алдымен, жандарына жолқосшы алып, үш жазушы Түмен облысына аттанды. Алайда жолдары бола қоймады. Ұлпан туралы деректер біледі деп барған қария дүние салыпты. Содан кейін ауылдағы көне-көз қарияларды әңгімеге тартып, біраз мағлұмат алды, соларды ертіп, шығармасындағы Есеней, Ұлпан, басқа да кейіпкерлердің жүрген жерлеріне саяхат басталды.
Ең алдымен, Ғабит Махмұтұлының кіндік қаны тамған жер – түрікменнің төрт үйінің қонысы болған Елтінжалға аттандық. Осы арада Ғабеңнің ата-тегін неге түрікмен тұқымы деп айтатынын түсіндіре кетейін. Ол туралы қазір әртүрлі деректер айтылып жүр. Солардың бірі – ерте заманда ел шетіне жау тисе, алыс-жақынына қарамай, қазақ даласынан қолына қару ұстай алатындарға, әсіресе жастарға хабар жіберіледі екен. Бірде еліміздің батысына басып кіргісі келген түрікмендерге қарсы күреске Сибанның тентектеу Шыныбай атты бір жігіті қатысып, сол соғыста көзге түседі. Қазақтар жеңіп, жауды еліне қуғанда түрікменнің Зұлфия деген жас қызы қолға түсіп қалады. Шыныбай еліне қайтқанда сол қызды ерте келіп, үйленеді. Осы екеуінен тараған ұрпақты түркімен тұқымы деп атап кетеді.
Ал олардың қыстауы – Елтінжалға келсек, бұрын бұл жал болып өскен орманды Қыпшақтың Күрлеуіт руынан тараған Елтін деген адам паналап отырса керек. Ол Есеней Естемісұлына жезде екен. Есеней қолына билік тигесін апа-жездесін қазіргі Қостанай облысындағы Сарыкөл ауданының шұрайлы жеріне көшіреді де, Елтін орманын түрікмендерге мекен етуге береді. Сөйтіп, бұл орман “Елтінжал” деп аталып кетеді.
Осы жерден Есеней бүркеуі де алыс емес. Ауыл ақсақалдарының айтуы бойынша, бұл бүркеудің жері әубаста қазақтың белгілі ақыны, сазгері Біржан салдың атасы Қожағұл Бертісұлының қыстауы болады. Бұл қазіргі Жамбыл ауданындағы Жаңажол ауылынан шамасы үш шақырым жер. Ал қыстауда қарағай, қайың, терек өседі. Осы маңда Қарамен, Аққусақ, Елтінжал ормандары, Бекбай томары, Тәсібек көлі бар. Кезінде бұл ормандарда елік, түлкі, қарсақ, қоян және басқа да аңдар, көлде аққу, қаз, үйрек, тағы басқа су құстары, балық көп болған. Әсіресе аспанға таласа өскен түп-түзу қарағайлар, табиғи гүлдер, түрлі шөптер, шие, жидек көздің жауын алатын.
Табиғаты осындай әсем аймаққа жаңа сайланған болыс Есенейдің көзі түспеуі мүмкін емес қой. Сөйтіп, Есеней Қожағұлға жерді босату туралы бұйрық береді. Бірақ малмен күн көріп отырған шаруа көнгісі келмейді. Қарсылық көрсетеді. Арты ерегеске айналады. Бірақ билік кімде болса, сол күшті емес пе? Ақырында Қожағұлды үрім-бұтағымен Көкшетау жаққа жер аударады. Ауыл ақсақалдарының Есенейдің қатыгездігі, момынды басынатын озбырлығы туралы айтқандарын Ғабит Мүсірепов “Ұлпан” романында да растайды: “… Есеней қазір діндар адам болғанымен бір кезде аса адуын, озбыр би болатын. Орыс шекарасын паналай отыратын Нұралы деген момын елдің барлық жерін тартып алып, далаңқы жайлауға айдап тастағаны барды. Момын ел қарғап-сілеп кеткен екен – келер жылы Есенейдің екі ұлы шешектен бір күнде, бір сәттің ішінде бірге өліп кетті”, – деп жазады Ғабең.
Есенейдің Қожағұлдан тартып алған жерінің одан кейінгі тағдыры жөнінде халық аузында мынандай аңыз бар: бірде шабармандар Есенейге патшалық Ресейден шекара аймағындағы қазақ жерін қазынаға алу үшін екі әскери адамның келе жатқанын хабарлайды. Оны естіген Есеней олардың қандай адамдар екенін, не ішіп-жейтінін біліп келуге тыңшылар жібереді. Сөйтсе, екеуі де шарап ішуді ұнататын болып шығады. Тез арада саудагерлер қазіргі Свердлов облысына қарасты Ірбіт (Ирбит) қаласына жіберіледі. Ол кезде Ірбітте ірі сауда орталығы – тұрақты жәрмеңке болады. Қазақтар онда мал, мал өнімдерін, аңдардың бағалы терілерін апарып, азық-түлікке, қолөнер және фабрика бұйымдарына айырбастап жүреді. Осы жәрмеңкеге барып сауда жасаған адамды ол кезде “Ірбіт шапты” дейді екен. Бұл жолы саудагерлер бөшкелеп шарап әкеледі. Орыс офицерлері келісімен семіз тай сойылады. Сөйтіп, оларды ет пен шарапқа тойғызады. Осылай бірнеше күн қонақ қылады. Бірнеше күн мас болып, есеңгіреген қонақтар бір күні бастарын жазып, естерін жинағаннан кейін, мұндай қарсы алудың мәнін түсініп:
– Есеней, мырза, өзіңе керек жерді ор қазып қоршап ал, ал қалғанын қазынаға аламыз, – деседі. Содан кейін Есеней жалшыларын жинап, нағыз шұрайлы жерлерді қоршап ор қаздырады. Оның бір шеті Макарьевка селосына, екінші шеті Жалтырша ауылына жақын барып тіреледі. Жаңажол мен Октябрь ауылдарының қазіргі көзі тірі ақсақалдары Боқан Тасбаев пен Көкен Қалабаевтың айтуларынша, орлап қоршаған жердің аумағы кемінде алты жүз гектарды алып жатыр. Осынша ұзын орды қолмен қазуға қанша адам жұмылдырылды және қанша уақыт кетті екен десеңші?! Ордың тереңдігі сонша, осы күнге дейін тегістелген жоқ. Ал орға шыққан қайыңдардың өзіне құшағың жетпейді. Осы ормен қоршалған жер “Есеней бүркеуі” деп аталып кетеді. Бүркеудің бір бөліген “Қызыл ағаш” деп те атайды. Өйткені қайыңдардың ішкі өзегі қызғылт келеді. Бұл әсіресе ер, астау, тостаған, қасық және басқа да бұйымдар жасауға таптырмайтын ағаштар.
Кеңес өкіметі тұсында бұл бүркеудің жері мемлекеттік қорға (госфонд) алынды. Есеней, одан кейін Ұлпан иелік еткен кездегідей бұл аймақтан ағаш кесуге, онда мал жаюға рұқсат етілмейтін. Бүркеудің жері Қостанай облысына қарап тұрған кезде мұнда орманшылар мен күзетшілерге арналған үй де болатын. Ал 1963 жылы жер Солтүстік Қазақстан облысына қарағаннан кейін, күзет алынып тасталды, орман шаруашылығы Жалтыршадағы орманшы Сәбит Садықовтың қарамағына берілді. Обалы не керек, ол көзі тірісінде бұл бүркеуден ешкімге шыбық сындыртқан жоқ.
Мен Ақбалық жеті жылдық мектебінде оқып жүрген жылдары осы бүркеуде алғаш рет болдым. Мектеп директоры Мырзағали Төлешов совхоздан жүк автокөлігін алып, жоғары сынып оқушыларын мінгізіп бүркеуге бардық. Сол жерден теректер, әртүрлі сәнді тал шыбықтарын қазып әкеліп, мектеп ауласына отырғыздық. Бірнеше жылда сол ағаштар шағын орманға айналды. Әттеген-ай, қазір ол мектеп те, тұтастай ауыл да жоқ.
Жоғарыда айтқан бүркеу ішіндегі қалың қарағайдың арасында ерекшелене дара өскен шырша бар еді. Көркіне көз тоймайтын. Ғабит Махмұтұлы ауылға келген сайын осы шыршаға барып, қызықтап қайтатын. Ауылдастары зәулім шыршаның жанындағы ағаштың біріне саты, кісі жайғасып отыратын аспалы орындық та орнатып қойған. Ғабең сол орындықта отырып, жап-жасыл шыршаға ынтыға да, қызыға қарайтын. Жерлестеріміз Жоламан Тұрсынбаев пен Мақсұт Әубәкіровтың:
Ауылында бар ағаның Қызқарағай,
Тал бойында бір мін жоқ қыз баладай.
Ақ балтырлы ақ қайың арасында,
Жалғыз өсіп асқақтап тұр қарағай…, – деп басталатын “Қызқарағай” әні осы шыршаны көруге ынтық адамдар санын тіпті арттыра түскенге ұқсайды. Ғабең о дүниелік болғаннан кейін осы өңірге ат басын тіреген ақын-жазушылар да “Есеней бүркеуіне” баруға асығып тұратын. Бір жылы жазушы Сафуан Шәймерденов және оның сапарластары “Қызқарағайды” тамашалап, Ғабит Мүсірепов мұражайының сол кездегі директоры Айдарбек Аткелтіров ала келген пікіржазу кітабына мынандай қолтаңба қалтырған еді: “Тағы да Ғабеңнің Қызқарағайына келіп тұрмын. Ойға әртүрлі нәрселер оралады, Ғабең өнерде алды-арты кең, мол пішілген жазушы еді. Болашаққа кете беретін даңғыл жолы бар адам. Келешекте Қызқарағайдың сіңлілері, інілері дүниеге келер деп ойлаймын. Сафуан Шәймерденов”.
Ғабит Махмұтұлының көзі тірісінде қалың қарағайдың ортасында ерекшеленіп, дараланып аспанға таласа өсіп тұрған жасыл шырша жазушы көз жұмғаннан кейін “өмір сүруін” тоқтатты. Шырша ойламаған жерде қуарып, ақыры құлап тынды. Ал оның айналысында отырғызылған шыршалар аспанға жармаса өсіп келеді. Оларды бір жылдары “Жаңажол” совхозында директор болып істеген марқұм Тобыл Тоқышев отырғыздырып еді. Ендеше, Қызқарағай “өлген жоқ”. Оның ұрпақтары өсіп келеді.
Қазақ жанға да, малға да жайлы болуы үшін ауылды орман-тоғайға, өзен-көлдің маңына салған ғой. Ал зиратқа мүмкін болғанша биік, қыратты жерді таңдаған. Ол біріншіден – қар суы қабірге кетпесін десе, екіншіден, зират алыстан көрініп тұрса, сол маңнан өтіп бара жатқан адамдар ат басын бұрып, аруақтарға дұға оқысын деген ниеттен туындаған болуы керек. Сол себептен болар “Есеней бүркеуі” мен Елтінжалдың арасындағы дөңде ескі зират бар. Онда Есеней, оның зайыбы – Ұлпан, жалғыз қыздары – Біжікен, күйеу балалары, болыс болған Торсан жерленген. Ғабең ауылға келген сайын зағип Исахмет қариды, Тынымбайдың Жұрымбиі, Тәпелдің Бәйсегі, Құрманкенің Кәмелі сияқты қарияларды бірге алып барып, дұға оқытатын. Сонда Ұлпанның басына қойылған құлпытасты қай жерде, қалай көргенін айтушы еді.
– Шамасы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде қызмет істеп жүрген кезім болуы керек, бірде іссапармен Қызылжарға келдім. Сол жолы ауыл жаққа барып қайтайын деп обкомның автокөлігімен жолға шықтым. Жолға шығарда төбеде қара бұлт үйіріліп тұр еді, қаладан біраз алыстағасын, жаңбыр құйды да кетті. Жердің миы шықты да кетті. Бір орыс селосына әрең дегенде жеттік. Колхоз басқармасын тауып алдық. Ол тамақ дайындап, монша жақтырды. Сол жолы мен моншадан Ұлпанның басына қойылған құлпытастың бір бөлігін көрдім. Оны қаққа бөліп, бу беретін тас ретінде пайдаланады екен, – деген еді Ғабең қынжыла.
Сол бір заманның қиын кезінде орыс деревняларының кейбір “шеберлері” зираттағы құлпытастарды ұрлап әкетіп, қолдиірмен жасап, қазақтарға сатады екен. Кейбіреуін моншаға да пайдаланса керек. Қазақ жігіттерінің сондай “пысықайларды” аңдып жүріп ұстап, ұрған кездері де аз болмапты. Тіпті ондайдың соңы кісі өліміне дейін барған жайттар да кездескен. “Орнында бар оңалар” дегендей, Есеней мен Ұлпанның қызы – Біжікенге үйленген күйеу баласы Торсаннан тараған ұрпақ еліміз егемендік алғасын зиратқа белгі орнатты. Ұлпанның басына кесене тұрғызды, ал жарты ай үлгісінде тұрғызылған қабырғаға Есенейдің, Торсанның, Біжікеннің есімдері тасқа қашалып жазылды.
Енді Ғабит Махмұтұлының өзінің кіндік қаны тамған Елтінжал, дәулетті, қатал би-болыс болған Есеней, көзі тірісінде “ел анасы” атанған Ұлпан өмір сүрген “Есеней бүркеуі” маңыдағы кеңес өкіметі құрылғаннан кейінгі тұрмыс-тіршілікке тоқталайын. Алғашында осы арада бірнеше артель ашылып, 1929 жылы солардың негізінде Аққусақ және Қарамен ормандары маңында екі артель құрылады. Оларды Батқұл Табанақов және Рамазан Ережепов сияқты пысық азаматтар басқарды. 1931 жылы екеуі біріктіріліп, колхоз ұйымдастырылды.
Жылдар жылжып өтіп жатыр. Жаңажол да, сол төңіректегі бес-алты ауыл да бірде Қостанай, бірде Солтүстік Қазақстан облысына қарады, бірде бөлек-бөлек, бірде іріленіп бір-ақ колхоз болды. Ондай жағдайда ауылдарда береке бола ма? Ғабең тағы бірде ауылға келгенде ақсақалдар ортаға алып, мұңдарын шақты, көмек сұрады. Бұл 1974 жыл болатын. Жаңажол тыңда шаңырақ көтерген “Озерный” совхозынан орталығы Святодуховка селосында орналасқан Сәбит Мұқанов совхозына қараған кезі еді. 1975 жылдың ақпан айында Ғабеңнен Жаңажолда тұратын інісі Әшім Махмұтұлына араб һаріптерімен жазылған хат келді. Мен мәтінді кириллицаға түсіріп, ауыл ақсақалдарына оқып бердім. Хатта: “… Қонаевтың атына хат жазып едім, кеше қабылдап, қолма-қол шешіп берді… Енді Жаңажол – совхоз орталығы болар… Құрылыс жалпы күшейер… Тек егін салатын, мал өсіретін сияқты шаруаларыңа Құдай береке берсін…”, – деп жазылған.
Совхоз ашылды. Аты “Жаңажол” совхозы деп қойылды. Жазушы көз жұмғаннан кейін ол Ғабит Мүсірепов атындағы совхоз деп аталды. Бірақ ол ұзаққа созылмады. Шаруашылық жабылды, туған жерде екі қолға бір күрек табылмайтын болғасын жастар жан-жаққа тарыша бытырады. Қазір баяғыда ақсақалдар Ғабеңе айтқандай, ауыл қайтадан азып-тозып барады. Өкінішті-ақ!
Ғабең той-думанды аса жақсы көрмейтін еді. Содан да болар ол көзі тірісінде бірде-бір мерейтой өткізген жоқ, өткіздірген де жоқ. Өзі өмірден өткен соң ғана жерлестері сүйікті ұлының туғанына тоқсан жыл толғанда алғаш рет дүрілдетіп той өткізді. Осы мерекеге орайластырып, туған ауылында мұражай, Мәдениет үйі, орта мектеп, дәрігерлік қосын салынып, салтанатты түрде ашылды. Ал негізгі той “Есеней бүркеуінің” кең алқабында өтті. Оған келген қонақтар Ғабеңнің Қызқарағайына таңдана да, қызыға қараған еді. Қазір сол жасыл шырша болмаса да, оның жанындағы балғындары аспанға таласа өсіп келеді. Бұлар болашақтың шыршалары. Бәлкім, осы ауылдан болашақта жас Ғабиттер де шығып қалар. Лайым солай болғай!
Амандық ЖАНТЕМІРОВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.