“Soltüstık Qazaqstan” газетінен ономастикалық комиссия Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласындағы қазақ орта мектебіне Кәкімбек Салықовтың есімін беру туралы ұсынысты қолдағанын естіп, қуаныштан төбеміз көкке бір елі жетпей қалды.
Ерке Есілді жағалай қонған Шал ақын ауданы таланттарға кенде емес. Әдебиетсүйер қауымға Ғалым Малдыбаев, Зейнел-Ғаби Иманбаев сынды сөз зергерлерінің есімдері жақсы таныс. Бұл тізімге ауданымыздың Еңбек ауылында дүниеге келген Кәкімбек Салықовты қосуға болады. Жерлесіміздің шығармашылық жолы бұған дейін талай айтылса да, тағы бір көз жүгірткен артық болмас. Ақынның қияға құлаш ұрған балауса шағы Сырымбетте өтті. 1950 жылы сондағы Казгородок қазақ орта мектебін бітірген.
Ол Үкілі Ыбырай ауылында өсті. Серілердің мекенінде тұрғандықтан ақындық пен сазгерліктің қайнар көзінен сусындады. Кәкімбек Салықов – мамандығы бойынша кен инженері. Қ.Сәтпаев атындағы Жезқазған кен-металлургия комбинаты парткомының хатшысы, Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы болған кезде “кенші-ақын” деген атқа ие болғанын жұртшылық біледі.
Кәкімбек Салықовтың өлеңдеріне көптеген композиторлар ән жазды. “Бір ауыз сөз”, “Атамның берген ақылы”, “Аққу әні”, “Туған жер”, “Сағыныш” “Үш арыс”, “Дүниеде мен сүйетін бір адам бар, “Ғажайып ән айналайын”, “Соғыстан қайтқан солдаттар” туындылары халық арасында жиі айтылады. Сазгерлердің Кәкімбек ағамыздың өлеңдеріне ән шығаруға құмар болуы жырларының сұлу сазға сұранып тұратынынан.
Ақынның поэзиясы сан қырлы. Оның “Дала”, “Қырандар”, “Гәкку”, “Эдельвейс”, “Ғасырға тең бір мезет”, “Жезкиік”, “Кенесарының соңғы сөзі”, “Че-Гевара”, “Үкілі Ыбырайдың абақтыда жазған сөзі” атты поэмалары – оқырман қауымның жоғары бағасына ие болған шығармалар. “Букетовке реквием”, “Тәттімбет”, “Кеншілер туралы баллада”, “Эдельвейс”, “Ғасырға тең бір мезет”, “Че-Гевара” атты поэмалары орыс тіліне аударылған.
Өмірді өлеңімен өрнектеген сезімтал да сыршыл ақын, жүрекке жайлы да жақын тиетін қазақи әсем әндердің ырғағын бұзбай жалғастырып әкеткен тамаша сазгердің есімі мәңгі есте қалады. Кәкімбек ақын өз елін жан-тәнімен сүйді. Осындай талантты тұлғаның есімінің мектепке берілуі оқу ордасының абыройын асқақтатты деп ойлаймын. Кәкімбек Салықовтың туған күніне орай мектепте жыл сайын түрлі іс-шара ұйымдастырылады. Биыл “Сыршыл ақын, сұлу сазгер” деген атпен мәдени-әдеби кеш өткізілді. Іс-шараға оқушылар ғана емес, ауданның мәдениет саласында жүрген азаматтар, кітапхана қызметкерлері де қатысты. Аға буын өкілдері балаларға ақынның көпшілік біле бермейтін өлеңдерін оқып беріп, өмір сырларын айтты. Ал оқушылар өз кезегінде Кәкімбек Салықовтың әндерін орындап, нар тұлғаның аты өшпейтіндігін, артта қалған мұрасын сүйіп оқитын жастар бар екенін дәлелдей түсті.
Бикеш МҰХАМЕТЖАНОВА,
Сергеевка қаласындағы қазақ мектеп-интернатының қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі.