«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕҢБЕК АДАМЫНА — ЛАЙЫҚТЫ ЖАЛАҚЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шаруашылықтарға осындай міндет жүктелді

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Тайынша ауданында болып, шаруашылық жетекшілерінің есеп беру жиынына қатысты. Кездесу Ясная Поляна ауылдық округінде өтті. Елді мекен жері “Тайынша-Астық” ЖШС-ның қарамағында. Серіктестіктің бас директоры Анатолий Сарницкийдің сөзіне қарағанда, ауылдықтарға қамқорлық көрсетуден қашқан емес. Тұрғындар малға қажетті жемшөппен, сабанмен қамтамасыз етілген. Мектепке, дәрігерлік амбулаторияға қарайласып тұрады. Ауылішілік жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылған. Ойын алаңдары орнатылған. Саябаққа 50 түп шырша егіліп, маңайы абаттандырылған. Хоккей корты салынған.

Павел Рафалский жетекшілік ететін “Вишневское” ЖШС-ы да осы округте жұмыс істейді. Бұл серіктестік Вишневка ауылындағы иесіз тұрған ғимаратты қалпына келтіріп берген, оған дәрігерлік амбулатория, учаскелік полиция қосыны, кітапхана көшіріліпті. Қазір елді мекенде жаңа мектептің құрылысы жүргізілуде.

Тұрғындар облыс әкіміне базыналарын айтып қалуға тырысты. Иван Змиевский кей көшелерде жарықтандыру сын көтермейтініне, электр бағандары тозғанына, әлі күнге дейін ауыстырылмағанына шағымданды. Аудан әкімі Руслан Аңбаев “Көкшетау-Энерго” ЖШС-мен жасалған келісімшартқа орай металл бағандар қойылатынын айтты. Осы округке қарасты Новодворовка елді мекенінің тұрғыны Марина Вагнер: “Қыс қиын болды. Шөп, сабан қымбат. Өзім медицина қызметкерімін, күйеуім жұмыссыз. Шаруашылықтардың көмегін көріп отырған жоқпыз”, – деді ренішті кейіппен. Мұндай алалаушылықты облыс әкімі сынға алды.

– Бәріңіз бір округтің тұрғындары болғандықтан, қол ұшын беру керек. Көп нәрсе сұрап жатқан жоқ қой. Қажетін өтесеңіздер жеткілікті. Басқалардан бөлектеуге болмайды. Жалақы – негізгі күнкөріс көзі. Сондықтан бұл мәселені де басты назарда ұстау қажет. Өнімділікті арттырып, кірісті көбейтіп жатырсыздар. Еңбекақы да соның мөлшеріне сай болу керек, – деген Құмар Іргебайұлы бұл мәселелерді меморандумға енгізіп, жыл соңында толық есеп беруді тапсырды.

“Тайынша-Астық” және “Вишневское” серіктестіктері ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсарту жөнінде нақты міндеттемелер алып, ауылдық округті дамыту туралы екіжақты меморандумға қол қойды. Жаңа жұмыс орындарын құру, жұмысшылардың жалақысын өсіру, баспаналарды жылу желісіне қосу, саябақты жөндеу, дүкендерді қолжетімді өнімдермен қамтамасыз ету сияқты мәселелер қамтылды. Вишневкада мектеп ғимаратының пайдалануға беру мерзімі алыс емес. Ясная Полянаға дейін 53 шақырым жолды жөндеу бойынша екі жылдық жоба жүзеге асырылады.

Кездесуде заманауи технологияларды қолдану жайы да қозғалды. Өңірдің климаттық жағдайына байланысты ауа райын күнделікті бақылау үшін цифрландыру маңызды рөл атқарады. “Agro Online LTD” ЖШС-ның директоры Владислав Пак ақылды технологияларды енгізу үшін арнайы платформа құрылғанын, мұның өзі фермерлерге дұрыс шешім қабылдауға, шығындар мен уақытты үнемдеуге, диспетчерлердің агробизнес өкілдеріне әр сала бойынша бақылау жүргізуге көмектесуге, техникалардың орналасуына дейін қадағалау мүмкіндіктері тудырылғанын жеткізді.

Құмар Ақсақалов өз сөзінде ауыл шаруашылығын цифрландыру сала мамандарының жұмысын әлдеқайда жеңілдететінін еске салды. Басты мақсат шығындар көлемін кеміту, орындалған жұмыстың шығымдылығы мен сапасын арттыру болып табылады. Метеостанса алқаптарға қай уақытта тұқым себу, тыңайтқыш сіңіру, зиянкестермен күресу қажеттігін алақандағыдай көрсетеді. Ауыл шаруашылығында тағы бір таптырмайтын көмекші құрал – дрон. Оның көмегімен түгел егістікті бақылап отыруға болатыны айтылды.

Илья КУДРЯКОВ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp