«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САНДЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР — ЗАМАН ТАЛАБЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облысқа жұмыс сапарымен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин келді. Министр Петропавлдағы Оқушылар сарайында жас өнертапқыштардың IT жобаларымен танысты.

Оқушылар сарайының қосымша білім беру жүйесіне қосып жатқан үлесі орасан. Бүгіндері аталмыш нысанда жұмыс істеп жатқан 92 үйірмеге 2600-ден астам бала барып жүр. Оның 1000-ға жуығы IT технологияларға бағытталған секцияларда тәлім алуда. Бағдат Мусин талапты жеткіншектердің тың жобаларымен танысып, оң бағасын берді.

– Осыдан 10 жыл бұрын біз электр қуатымен жүретін көліктерге таңғалатынбыз. Мұндай техниканы шығаруға болатынын болжамаған едік. 21-ші ғасырдың дамыған технологиялар дәуірі екеніне күн сайын көз жеткізіп келеміз. Біз де көштің соңында қалып қоймай, өркениетті елдерге ілесуіміз қажет. Ол үшін жас өнертапқыштар мен болашақ ғалымдардың әлеуетін пайдаланып, жаңа жобаларды қолға алуымыз керек, – деді Бағдат Мусин.

Өткен жылы Оқушылар сарайының тәрбиеленушілері газонды суару жүйесін автоматтандыру мақсатында арнайы жоба әзірлеген. Білім ордасының директоры Дина Әбілмәжінованің айтуынша, биыл жас өнертапқыштардың бұл идеясы жүзеге асырылатын болады.

– Нарықта автоматтандырылған суару жүйесінің бағасы 15 млн. теңгеге дейін жетеді. Бұл, әрине, қымбат. Сондықтан оқушыларымыз бізге тиімді жобаны ұсынды. Нәтижесінде өз күшімен газонды суаратын қондырғы жасап шығаруға бел будық. Алдағы уақытта барлық қажетті заттар жеткізіледі. Күн жылысымен бұл жұмысты да бастамақпыз, – деп Дина Жанұзаққызы алдағы жоспарымен бөлісті.

Министр стартап жобалардың иелерімен де кездесті. Олар Бағдат Батырбекұлына смартфондарға арналған мобильді қосымшаларын, туризм саласына қатысты жобаларын, интернет-дүкеннің жаңа аналогын көрсетті. Бұған қоса, жаяу жүргіншілерге бағдаршамдар мен қауіпті қиылыстар жөнінде хабар беретін карталарды әзірлегендер де бар екен. Бағдат Мусин өңірде IT жобаларды жүзеге асырып жатқан бизнес өкілдерімен де кездесті.

– Қызылжар жастарының жаңа технологияларға деген ұмтылысы қуантарлық. Алайда олардың барлығының дерлік жобалары қолдау тауып отырған жоқ. Нұр-Сұлтан қаласында жыл сайын өнертапқыштардың идеяларын жүзеге асыруға 20 млн. теңгедей ақша бөлінеді. Біз өңірлерге көп көңіл бөлуіміз керек. Сондықтан алдағы уақытта әр аймақта арнайы байқау ұйымдастырып, үздік жобаларға демеушілік көрсетілуі тиіс, – деді министр.

Бағдат Мусин облыс әкіміне Оқушылар сарайы жанынан IT мектеп ашуды қолға алу керектігін айтты. Өңір басшысы М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті АҚШ-тың Аризонадағы жоғары оқу орнымен тығыз қарым-қатынас орнатқан соң тың технологияларды бірлесіп енгізетінін тілге тиек етті.

– Аризона университеті әлемдегі үздік жоғары оқу орындарының қатарына кіреді. Алдағы уақытта біздің өңірде бұл білім ошағының IT факультеті ашылады. Бүгіндері Петропавлда оқу-зертханалық корпус салынып жатыр. Оған барлық қажетті қондырғылар шетелден жеткізіледі, – деді Құмар Іргебайұлы.

Министр “С.М.Киров атындағы зауыт” акционерлік қоғамының жұмысымен де танысты. Мейманға кәсіпорынның әлеуеті туралы толыққанды мәлімет беріліп, қолға алынған жаңа жобалар жайлы айтылды. Өткен жылдың соңында зауыт мамандары нысандарға рұқсатсыз кірудің алдын алатын “ZIK-Скуд” жүйесін ойлап тапты. Әзірге бұл қондырғы тек облыстық полиция департаментіне қарасты 5 бөлімге қойылған. Өзге бақылау жүйелерінен бір ерекшелігі онда бейнекамера арқылы адамды анықтау функциясы бар.

Осыдан екі жыл бұрын зауыт ноутбуктер мен компьютерлерге арналған платаларды құрастыруды қолға алған болатын. Екі жыл ішінде кәсіпорын 8 млрд. теңгенің өнімін шығарып үлгерді.

Облыс орталығындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында да IT технологиялар қолданылып келеді. Аталмыш мекеме басшысы Евгений Зубковтың айтуынша, жүргізуші куәлігін алу мақсатында тест тапсыруға келгендерді бақылау жүйесі күшейтілді. Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына күн сайын 70 шақты адам келіп, емтихан тапсырады. Статистикаға сәйкес, олардың тек 20-сы ғана бірден жүргізуші куәлігіне ие болады екен.

Министр облысқа жұмыс сапары барысында Аққайың ауданының Трудовое елді мекенінде “Қазақтелеком” акционерлік қоғамы жүзеге асырып жатқан “Е-қолдау” жобасымен танысты. Ауыл тұрғындары арнайы терминал арқылы 100 мемлекеттік қызметті ала алады. Мұндай терминалдар облыстың 39 ауылында орналасқан. Бағдат Мусин аталмыш аудандағы “Иван Зенченко” серіктестінде болып, тауарлы-сүт фермасын цифрландыру мүмкіндіктерін көрді.

Министрмен кездесуде ауыл тұрғындарын интернет және ұялы байланыспен қамту жайы да айтылды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің бастамасымен “Қазақстан Республикасының әкімшілік кодексіне байланысқа қатысты өзгертулер мен толықтырулар енгізу” туралы заң жобасы әзірленіпті. Оның басты мақсаты – сапасыз интернет пен байланыспен қамтамасыз ететін операторларды жауапқа тарту. Бұрындары айыппұл мөлшері 100 айлық есептік көрсеткіш болса, жаңа заң қабылданса, оның көлемі 1 мың айлық есептік көрсеткішке дейін артпақ. Осылайша ауылдағы ағайынның интернетке қолжетімділігі жақсармақ. Өткен жылы байланыс операторларының жұмысы 562 рет тексеріліп, 132 млн. теңге айыппұл салынған. “Облыстағы 183 елді мекенде байланыс антеналары жоқ. Ол ауылдардың әрқайсысында 250-ден астам адам тұрады. Бұл мәселе бүгінде өзекті болып отыр”, – деді телекоммуникациялар комитеті төрағасының орынбасары Жақсылық Ибрагимов. Облыс әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек бұл мәселеге ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер атсалысатынын айтты. Ең бастысы, министрлік тарапынан қажетті байланыс қондырғыларымен қамту жағы қолға алынса болғаны.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp