«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АУЫЛЫНДА БАР АҒАНЫҢ ҚЫЗҚАРАҒАЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көзі тірісінде-ақ қазақ халқының мақтанышына айналған, көр­кем шығармаларының арқасында сөз зергері атанған академик-жазушы, Социалистік Еңбек Ері Ғабит Мүсірепов­тің туғанына биыл 120 жыл толады. Оның өмір жолы, шығармашылығы тура­­лы та­лай рет жазылды, жазыла да берер. Оларды қайталай беру­дің қа­же­ті бола қоймас. Мен бүгін жазушының кіндік қаны тамған жерінің әсем таби­ғатының, сол жерлерде болған оқиғалардың оның кейбір көркем шығармаларына тигізген әсері туралы сөз қоз­ғамақпын.

Мен Ақбалық жеті жылдық мекте­бін­де оқыған жылдары бізге қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Гүлсім Жанғо­жина деген мұғалім сабақ берді. Жас кезінде өнер қуса керек. Тіпті Мәскеу­де өнер училищесінде оқыған. Даңқ­ты генерал Иван Панфиловтың әйелі­нен дәріс алғанын мақтанышпен айтатын. Бірақ училищені бітіре алма­ған. Денсаулығы сыр беріп, туған жерге оралып, бұрынғы Көкшетау об­лы­сының Қызылту ауданында, кейін Қызылжарда, Жамбыл ауданындағы Ақбалық жетіжылдық, Жаңажол орта мектептерінде мұғалім болған. Кел­бет­ті. Әдебиеттен білімі терең адам еді. Әсіресе туған ағасы Ғабит Мүсі­реповтің өмір жолы, шығармашы­лығы жөнінде айтқанда ерекше күй кеше­тін. Солардың ішінде Ғабеңнің жазушылық жолындағы алғашқы әңгімелерінің бірі – “Қос шалқар” туралы әңгіме қозғалғанда туған ауылым Қарақамыстан 20-25 шақырымдай ғана жердегі осы қос көлді көруге ынтығушы едім.

Жаңажолдан Октябрьге (бұл ауыл қазір жоқ) барар жолдың екі қапта­лын­дағы қос шалқар – Құдайқұл мен Қарағайлы көлдері. Көлді жағалай өскен ақ қайың орманының ішінен қы­сы-жазы жап-жасыл болып тұратын бір­неше қарағай алыстан-ақ көрінеді. Көлдердің бірінің Қарағайлы аталуы да содан болар.

Ғабең кіндік қаны тамған жерге кел­ген сайын осы Құдайқұл көліне шомылмай кетпейді. Өйткені жазушы ауылына әрдайым жазда, диқандар егіндерін сеуіп болғасын, әлі малға шөп дайындау басталмай тұрған аралықта, нағыз күн қызып, жұрт қыстың қыспағынан шығып, бой жазатын, суға шомылатын шақта ғана келетін. “Қос шалқар” әңгімесінде Ғабит Махмұтұлы “…қос босағаға орнатқан күміс бағана тәрізді екі көл. Кешкі тымыққа тынып, жадырап жатқан су ақырын ғана жағасына соғып дірілдейді. Ынқынбайды, тітіркенбейді… ”, – деп суреттейді. Бұл – көл айдынының кешкі келбеті. Күндіз де солай. Күн қанша ыстық болса да көлдің суы түске дейін онша жыли қоймайды.

Балалық балғын шағынан сүйікті көлдеріне айналған “Құдайқұл” мен “Қарағайлы” Ғабеңнің “Қос шалқар” әңгімесіне ғана емес, “Ұлпан” романындағы оқиғалар өрбіген жерлер. “Ұлпан” романында бұл төңірек тіпті ерекше сипатқа ие болады. Мұндай осы бір ауасы таза, жұпар иісті шөбі шүйгін аймақтың әсем табиғаты жа­зушыға шабыт беретінге ұқсайды.

Мен 1967 жылы С.М.Киров атын­дағы мемлекеттік университеттің журналистика факультетіне сырттай оқу­ға түскеннен кейін жерлес жазушылар – Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мү­сіреповтің пәтерлеріне барып сәлем беріп, алғаш танысқанымда Ғабеңді сондай-бір шабытты шағында кездес­тірген едім. Алматыға тағы бір барға­нымда Ғабеңді тіпті бір қызу шаруа­ның үстінде кездестірдім. Оның жазу столы терезенің алдында тұрушы еді. Столдың үстіне картон қағаз төсел­ген. Торкөз қағазға мәтінді қарындаш­пен араб һаріптерімен жазып жатыр. Сөйлем ішіндегі бір сөз ұнамай қалса, өшіргішпен өшіреді де орнына басқа сөз жазады. Сонда бет тап-таза бо­лып жазылады. Қарындаштың ұшы мұқала бастаса басқасын алып, жа­зуын жалғастыра береді.

– Мына жазып жатқаным Ұлпан ту­ралы шығарма. Бәлкім, повесть бо­лып қалар. Тездетіп жазып бітуім ке­рек. Баспа тосып отыр. Ол тарихи тұл­ға ғой. Кейбір деректерін нақтылай түсу керек болар. Сол үшін жуырда ауыл жаққа баратын ойым бар, – деді. Шынында да сол жылы, диқандар егіндерін сеуіп болғаннан кейін, жер кө­геріп, табиғат әсем күйге енген шақта Ғабеңді Қызылжарда тағы қар­сы алдық. Бұл жолы ол ақиық ақын Ғафу Қайырбеков пен аудармашы Алек­сей Белялиновті ерте келіпті. Оның мәнісі бұл ақын-жазушыларға Ұл­панның жүрген жерлерін, әсем та­биғатты көрсету болса керек. Оның үс­тіне бірінен соң бірі бақилық болған ту­ған ағасы, елімізде ұжымдық шаруа­шылықтар құрудың алғашқы жылдарында колхоз басқармасы, ал ғұмы­рының басым бөлігін бала тәрбиесіне арнаған Ленин орденді ұстаз Хамит Махмұтұлы мен қарындасы Еңбек Қы­зыл ту орденімен марапатталған мұ­ға­лім Гүлсім Махмұтқызына арнап ас беріп, дұға оқыту еді. Осы шаруаны өткізгеннен кейін Ғабең жазып жатқан шығармасына деректер жинауға кіріс­ті. Ең алдымен, жандарына жолқосшы алып, үш жазушы Түмен облысы­на аттанды. Алайда жолдары бола қоймады. Ұлпан туралы деректер біледі деп барған қария дүние са­лыпты. Содан кейін ауылдағы көне-көз қарияларды әңгімеге тартып, бі­раз мағлұмат алды, соларды ертіп, шығармасындағы Есеней, Ұлпан, бас­қа да кейіпкерлердің жүрген жерле­ріне саяхат басталды.

Ең алдымен, Ғабит Махмұтұлының кіндік қаны тамған жер – түрікменнің төрт үйінің қонысы болған Елтінжалға аттандық. Осы арада Ғабеңнің ата-тегін неге түрікмен тұқымы деп айта­тынын түсіндіре кетейін. Ол туралы қа­зір әртүрлі деректер айтылып жүр. Со­лардың бірі – ерте заманда ел шетіне жау тисе, алыс-жақынына қарамай, қа­зақ даласынан қолына қару ұстай алатындарға, әсіресе жастарға хабар жіберіледі екен. Бірде еліміздің баты­сына басып кіргісі келген түрікмен­дерге қарсы күреске Сибанның тентектеу Шыныбай атты бір жігіті қаты­сып, сол соғыста көзге түседі. Қазақ­тар жеңіп, жауды еліне қуғанда түрік­меннің Зұлфия деген жас қызы қолға түсіп қалады. Шыныбай еліне қайтқанда сол қызды ерте келіп, үйленеді. Осы екеуінен тараған ұрпақты түркі­мен тұқымы деп атап кетеді.

Ал олардың қыстауы – Елтінжалға келсек, бұрын бұл жал болып өскен орманды Қыпшақтың Күрлеуіт руынан тараған Елтін деген адам пана­лап отырса керек. Ол Есеней Есте­місұлына жезде екен. Есеней қолына билік тигесін апа-жездесін қазіргі Қос­танай облысындағы Сарыкөл ауданының шұрайлы жеріне көшіреді де, Елтін орманын түрікмендерге мекен етуге береді. Сөйтіп, бұл орман “Ел­тінжал” деп аталып кетеді.

Осы жерден Есеней бүркеуі де алыс емес. Ауыл ақсақалдарының айтуы бойынша, бұл бүркеудің жері әубаста қазақтың белгілі ақыны, саз­гері Біржан салдың атасы Қожағұл Бер­тісұлының қыстауы болады. Бұл қазіргі Жамбыл ауданындағы Жаңа­жол ауылынан шамасы үш шақырым жер. Ал қыстауда қарағай, қайың, терек өседі. Осы маңда Қарамен, Аққусақ, Елтінжал ормандары, Бекбай то­мары, Тәсібек көлі бар. Кезінде бұл ор­мандарда елік, түлкі, қарсақ, қоян және басқа да аңдар, көлде аққу, қаз, үйрек, тағы басқа су құстары, балық көп болған. Әсіресе аспанға таласа өс­кен түп-түзу қарағайлар, табиғи гүл­дер, түрлі шөптер, шие, жидек көздің жауын алатын.

Табиғаты осындай әсем аймаққа жаңа сайланған болыс Есенейдің көзі түспеуі мүмкін емес қой. Сөйтіп, Есе­ней Қожағұлға жерді босату туралы бұйрық береді. Бірақ малмен күн көріп отырған шаруа көнгісі келмейді. Қар­сы­лық көрсетеді. Арты ерегеске айна­лады. Бірақ билік кімде болса, сол күшті емес пе? Ақырында Қожағұлды үрім-бұтағымен Көкшетау жаққа жер аударады. Ауыл ақсақалдарының Есе­нейдің қатыгездігі, момынды ба­сынатын озбырлығы туралы айтқандарын Ғабит Мүсірепов “Ұлпан” романында да растайды: “… Есеней қа­зір діндар адам болғанымен бір кезде аса адуын, озбыр би болатын. Орыс шекарасын паналай отыратын Нұра­лы деген момын елдің барлық жерін тартып алып, далаңқы жайлауға ай­дап тастағаны барды. Момын ел қар­ғап-сілеп кеткен екен – келер жылы Есе­нейдің екі ұлы шешектен бір күн­де, бір сәттің ішінде бірге өліп кетті”, – деп жазады Ғабең.

Есенейдің Қожағұлдан тартып алған жерінің одан кейінгі тағдыры жө­нін­де халық аузында мынандай аңыз бар: бірде шабармандар Есенейге патшалық Ресейден шекара аймағындағы қазақ жерін қазынаға алу үшін екі әскери адамның келе жатқа­нын хабарлайды. Оны естіген Есеней олардың қандай адамдар екенін, не ішіп-жейтінін біліп келуге тыңшылар жібереді. Сөйтсе, екеуі де шарап ішуді ұнататын болып шығады. Тез арада саудагерлер қазіргі Свердлов облысына қарасты Ірбіт (Ирбит) қаласына жіберіледі. Ол кезде Ірбітте ірі сауда орталығы – тұрақты жәрмеңке бол­ады. Қазақтар онда мал, мал өнім­де­рін, аңдардың бағалы терілерін апа­рып, азық-түлікке, қолөнер және фаб­рика бұйымдарына айырбастап жүре­ді. Осы жәрмеңкеге барып сауда жаса­ған адамды ол кезде “Ірбіт шапты” дейді екен. Бұл жолы саудагерлер бөшкелеп шарап әкеледі. Орыс офицерлері келісімен семіз тай сойыла­ды. Сөйтіп, оларды ет пен шарапқа тойғызады. Осылай бірнеше күн қонақ қылады. Бірнеше күн мас болып, есеңгіреген қонақтар бір күні баста­рын жазып, естерін жинағаннан кейін, мұндай қарсы алудың мәнін түсініп:

– Есеней, мырза, өзіңе керек жерді ор қазып қоршап ал, ал қалғанын қазынаға аламыз, – деседі. Содан кейін Есе­ней жалшыларын жинап, нағыз шұрайлы жерлерді қоршап ор қазды­рады. Оның бір шеті Макарьевка се­лосына, екінші шеті Жалтырша ауы­лына жақын барып тіреледі. Жаңажол мен Октябрь ауылдарының қазіргі көзі тірі ақсақалдары Боқан Тасбаев пен Көкен Қалабаевтың айтуларын­ша, орлап қоршаған жердің аумағы ке­мінде алты жүз гектарды алып жатыр. Осынша ұзын орды қолмен қазуға қанша адам жұмылдырылды және қан­ша уақыт кетті екен десеңші?! Ор­дың тереңдігі сонша, осы күнге дейін тегістелген жоқ. Ал орға шыққан қайыңдардың өзіне құшағың жетпейді. Осы ормен қоршалған жер “Есеней бүр­кеуі” деп аталып кетеді. Бүркеудің бір бөліген “Қызыл ағаш” деп те атай­ды. Өйткені қайыңдардың ішкі өзегі қыз­ғылт келеді. Бұл әсіресе ер, астау, тос­таған, қасық және басқа да бұйымдар жасауға таптырмайтын ағаштар.

Кеңес өкіметі тұсында бұл бүркеудің жері мемлекеттік қорға (госфонд) алынды. Есеней, одан кейін Ұлпан иелік еткен кездегідей бұл аймақтан ағаш кесуге, онда мал жаюға рұқсат етілмейтін. Бүркеудің жері Қостанай облысына қарап тұрған кезде мұнда орманшылар мен күзетшілерге ар­налған үй де болатын. Ал 1963 жылы жер Солтүстік Қазақстан облысына қа­рағаннан кейін, күзет алынып тастал­ды, орман шаруашылығы Жалтыр­ша­дағы орманшы Сәбит Садықовтың қа­рамағына берілді. Обалы не керек, ол көзі тірісінде бұл бүркеуден ешкімге шыбық сындыртқан жоқ.

Мен Ақбалық жеті жылдық мектебін­де оқып жүрген жылдары осы бүркеуде алғаш рет болдым. Мектеп ди­ректоры Мырзағали Төлешов совхоздан жүк автокөлігін алып, жоғары сы­нып оқушыларын мінгізіп бүркеуге бар­дық. Сол жерден теректер, әр­түрлі сәнді тал шыбықтарын қазып әкеліп, мектеп ауласына отырғыздық. Бірнеше жылда сол ағаштар шағын орманға айналды. Әттеген-ай, қазір ол мектеп те, тұтастай ауыл да жоқ.

Жоғарыда айтқан бүркеу ішіндегі қалың қарағайдың арасында ерек­шелене дара өскен шырша бар еді. Көркіне көз тоймайтын. Ғабит Махмұтұлы ауылға келген сайын осы шыршаға барып, қызықтап қайтатын. Ауылдастары зәулім шыршаның жа­нындағы ағаштың біріне саты, кісі жай­ғасып отыратын аспалы орындық та орнатып қойған. Ғабең сол орындықта отырып, жап-жасыл шыршаға ынтыға да, қызыға қарайтын. Жерлесте­ріміз Жоламан Тұрсынбаев пен Мақсұт Әубәкіровтың:

Ауылында бар ағаның Қызқарағай,

Тал бойында бір мін жоқ қыз баладай.

Ақ балтырлы ақ қайың арасында,

Жалғыз өсіп асқақтап тұр қара­ғай…, – деп басталатын “Қызқарағай” әні осы шыршаны көруге ынтық адамдар санын тіпті арттыра түскенге ұқ­сайды. Ғабең о дүниелік болғаннан кейін осы өңірге ат басын тіреген ақын-жазушылар да “Есеней бүркеуіне” баруға асығып тұратын. Бір жылы жазушы Сафуан Шәймерденов және оның сапарластары “Қызқарағайды” тамашалап, Ғабит Мүсірепов мұра­жайының сол кездегі директоры Ай­дарбек Аткелтіров ала келген пікіржазу кітабына мынандай қолтаңба қалтырған еді: “Тағы да Ғабеңнің Қыз­қарағайына келіп тұрмын. Ойға әртүрлі нәрселер оралады, Ғабең өнерде алды-арты кең, мол пішілген жазушы еді. Болашаққа кете беретін даңғыл жолы бар адам. Келешекте Қызқара­ғайдың сіңлілері, інілері дүниеге ке­лер деп ойлаймын. Сафуан Шәймерденов”.

Ғабит Махмұтұлының көзі тірісінде қалың қарағайдың ортасында ерекшеленіп, дараланып аспанға таласа өсіп тұрған жасыл шырша жазушы көз жұмғаннан кейін “өмір сүруін” тоқ­татты. Шырша ойламаған жерде қуа­рып, ақыры құлап тынды. Ал оның ай­налысында отырғызылған шырша­лар аспанға жармаса өсіп келеді. Оларды бір жылдары “Жаңажол” сов­хозында директор болып істеген марқұм Тобыл Тоқышев отырғыздырып еді. Ендеше, Қызқарағай “өлген жоқ”. Оның ұрпақтары өсіп келеді.

Қазақ жанға да, малға да жайлы болуы үшін ауылды орман-тоғайға, өзен-көлдің маңына салған ғой. Ал зиратқа мүмкін болғанша биік, қыратты жерді таңдаған. Ол бір­ін­шіден – қар суы қабірге кетпесін десе, екіншіден, зират алыстан көрініп тұр­са, сол маңнан өтіп бара жатқан адамдар ат басын бұрып, аруақтарға дұға оқысын деген ниеттен туындаған бо­луы керек. Сол себептен болар “Есе­ней бүркеуі” мен Елтінжалдың ара­сындағы дөңде ескі зират бар. Онда Есеней, оның зайыбы – Ұлпан, жалғыз қыздары – Біжікен, күйеу балалары, болыс болған Торсан жерленген. Ғабең ауылға келген сайын зағип Исахмет қариды, Тынымбайдың Жұ­рымбиі, Тәпелдің Бәйсегі, Құрман­ке­нің Кәмелі сияқты қарияларды бірге алып барып, дұға оқытатын. Сонда Ұлпан­ның басына қойылған құлпы­тас­ты қай жерде, қалай көргенін ай­тушы еді.

– Шамасы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде қызмет істеп жүр­ген кезім болуы керек, бірде іссапармен Қызылжарға келдім. Сол жолы ауыл жаққа барып қайтайын деп обкомның автокөлігімен жолға шық­тым. Жолға шығарда төбеде қара бұлт үйіріліп тұр еді, қаладан біраз алыстағасын, жаңбыр құйды да кетті. Жердің миы шықты да кетті. Бір орыс селосына әрең дегенде жеттік. Колхоз басқармасын тауып алдық. Ол тамақ дайындап, монша жақтырды. Сол жолы мен моншадан Ұлпанның ба­сына қойылған құлпытастың бір бөлі­гін көрдім. Оны қаққа бөліп, бу беретін тас ретінде пайдаланады екен, – де­ген еді Ғабең қынжыла.

Сол бір заманның қиын кезінде орыс деревняларының кейбір “ше­берлері” зираттағы құлпытастарды ұр­лап әкетіп, қолдиірмен жасап, қазақ­тарға сатады екен. Кейбіреуін моншаға да пайдаланса керек. Қазақ жігіттерінің сондай “пысықайларды” аңдып жүріп ұстап, ұрған кездері де аз бол­мапты. Тіпті ондайдың соңы кісі өлі­міне дейін барған жайттар да кездес­кен. “Орнында бар оңалар” дегендей, Есеней мен Ұлпанның қызы – Біжікенге үйленген күйеу баласы Торсан­нан тараған ұрпақ еліміз егемендік ал­ғасын зиратқа белгі орнатты. Ұлпан­ның басына кесене тұрғызды, ал жар­ты ай үлгісінде тұрғызылған қабырғаға Есенейдің, Торсанның, Біжікеннің есімдері тасқа қашалып жазылды.

Енді Ғабит Махмұтұлының өзінің кіндік қаны тамған Елтінжал, дәулетті, қатал би-болыс болған Есеней, көзі тірісінде “ел анасы” атанған Ұлпан өмір сүрген “Есеней бүркеуі” маңыдағы кеңес өкіметі құрылғаннан кейін­гі тұрмыс-тіршілікке тоқталайын. Алғашында осы арада бірнеше артель ашылып, 1929 жылы солардың негі­зінде Аққусақ және Қарамен орман­дары маңында екі артель құрылады. Оларды Батқұл Табанақов және Ра­мазан Ережепов сияқты пысық аза­мат­­­тар басқарды. 1931 жылы екеуі бі­рікті­ріліп, колхоз ұйымдастырылды.

Жылдар жылжып өтіп жатыр. Жа­ңажол да, сол төңіректегі бес-алты ауыл да бірде Қостанай, бірде Сол­түстік Қазақстан облысына қарады, бірде бөлек-бөлек, бірде іріленіп бір-ақ колхоз болды. Ондай жағдайда ауылдарда береке бола ма? Ғабең тағы бірде ауылға келгенде ақсақал­дар ортаға алып, мұңдарын шақты, кө­мек сұрады. Бұл 1974 жыл болатын. Жаңажол тыңда шаңырақ көтерген “Озерный” совхозынан орталығы Свя­тодуховка селосында орналасқан Сә­бит Мұқанов совхозына қараған кезі еді. 1975 жылдың ақпан айында Ға­бең­нен Жаңажолда тұратын інісі Әшім Махмұтұлына араб һаріптерімен жазылған хат келді. Мен мәтінді кириллицаға түсіріп, ауыл ақсақалда­рына оқып бердім. Хатта: “… Қонаевтың атына хат жазып едім, кеше қабылдап, қолма-қол шешіп берді… Енді Жаңажол – совхоз орталығы бо­лар… Құрылыс жалпы күшейер… Тек егін салатын, мал өсіретін сияқты ша­руаларыңа Құдай береке берсін…”, – деп жазылған.

Совхоз ашылды. Аты “Жаңажол” сов­хозы деп қойылды. Жазушы көз жұмғаннан кейін ол Ғабит Мүсірепов атындағы совхоз деп аталды. Бірақ ол ұзаққа созылмады. Шаруашылық жа­былды, туған жерде екі қолға бір күрек табылмайтын болғасын жастар жан-жаққа тарыша бытырады. Қазір бая­ғыда ақсақалдар Ғабеңе айтқандай, ауыл қайтадан азып-тозып барады. Өкінішті-ақ!

Ғабең той-думанды аса жақсы көр­мейтін еді. Содан да болар ол көзі тірісінде бірде-бір мерейтой өткізген жоқ, өткіздірген де жоқ. Өзі өмірден өт­кен соң ғана жерлестері сүйікті ұлы­ның туғанына тоқсан жыл толғанда алғаш рет дүрілдетіп той өткізді. Осы мерекеге орайластырып, туған ауылында мұражай, Мәдениет үйі, орта мектеп, дәрігерлік қосын салынып, салтанатты түрде ашылды. Ал негізгі той “Есеней бүркеуінің” кең алқабын­да өтті. Оған келген қонақтар Ғабеңнің Қызқарағайына таңдана да, қызыға қараған еді. Қазір сол жасыл шырша болмаса да, оның жанындағы бал­ғындары аспанға таласа өсіп келеді. Бұлар болашақтың шыршалары. Бәлкім, осы ауылдан болашақта жас Ғабиттер де шығып қалар. Лайым со­лай болғай!

Амандық ЖАНТЕМІРОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp