(Әңгіме)
Шешем – ет пісірудің және оны сүрлеудің нағыз шебері. Әйтеуір біздің үйге қонақ болып аттанатындардың тарапынан “соғым етіңіз дәмді екен, қалай сүрледіңіз, қандай құпиясы бар?” деп шешеме қарата мақтау айтылып жататыны есімде.
Сол жылы үлкен қара биені екі ай жемдеп, соғымға жықтық. Ол кезде соғым союдың өзі кішігірім тоймен пара-пар еді ғой. Бір апта бұрын мал сойысатын көршілердің тізімін жасаймыз.
Таң қылаң бере орнымыздан тұрып, шай ішкен соң әкем пышақ қайрауға кірісті. Ағам болса қораның жуан бөренелеріне қаз-қатар ғып ет ілетін бақандар байлап, малды жығатын жердің қарын күреп, омыртқа үзетін кіндік темір, бауыздауына ағаш, аяғын байлайтын жіп сияқты керекті заттарды дайындаумен қарбалас. Жылы су көп керек болатындықтан шешем қорадағы үлкен қазанға толтыра су құйды да, маған молдау қып от жақ деп тапсырды. Сосын ішек-қарын, жүрек-бауыр салатын ыдыстарды мал соятын орынға жақындатып қойдық. Мен үйдің бір жақ бұрышын ет бұзуға қолайлы етіп астына тақтайларды тізіп, оның үстіне целлофан төседім. Сөйтіп, күн арқан бойы көтерілген шақта бір апта алдын шақырып қойған кісілеріміз де бір-бірлеп келе бастады. Оған дейін біз де дайындығымызды мығымдадық.
Қасапшыларымыздың бәрі тегіс келген соң дағдылы әдет бойынша жағалай шайға отырдық. Бұл соғым союдың алдындағы “жүрек жалғау” деп аталатын. Ас қайырылып болған соң ағам қара биені есіктің көзіне таман жетектеп әкеліп, бата сұрады. Бұл рәсімді отырғандардың ішіндегі жасы егделеу Қайым ақсақал орындады.
Жем жеп әбден семіріп алған қара бие арқан салдырмай бөтен мінез танытпасы бар ма?! Бұрын үстіне жүк артып қоя берсең де селт етпей кете беретін бұған не көрінді деп ағам қайыс арқанды жуан мойнына амалдап байлады. Қалған екі ұшын алдыңғы аяғының арасынан өткізіп, сосын артқы екі аяқтан іліп алды да арқанның екі ұшын екі жігітке ұстатты. Өзі шылбырдан, екі жігіт екі аяқтан саумалап тартып еді, қара бие жамбаспен гүрс етіп құлай кетті. Жігіттер қойсын ба, дереу аяқтарын шырмап байлап тастады.
Ағам шылбырды белге байлап шірене тартып тұрды. Әкем жаңа ғана қайраған пышағын жылы суға жуып алды да, екі білегін түріп жіберіп, “Сенің ешқандай жазығың жоқ, Алланың қалауымен бала-шағамның несібесіне бұйырдың”, – деп ішінен күбірлеп ниет етті. Алқымынан тартып кеп жібергенде қор еткен дауыспен бірге қан да ытқи атылды. Жан бермек те оңай емес екен, қара бие қайыс арқанды үзіп жіберердей бұлқынып барып, тыншыды. “Жан шықпай жұлындауға болмайды, – деді әкем бетіне шашыраған қан дақтарын жеңімен сүртіп тұрып, – қасапшылар асыққанда, бірден жұлындап тастайды деп естідім, ондай жағдайда еті харам болады”.
Терісін теспей сойып, санын сан, қолын қол етіп бөлшектеп алғанша, біраз уақыт өте шығыпты. Түс ауа қайта шайға отырдық. Қуырдақ та дайын екен, суық сорып, қарны әбден ашқан қасапшылар тамаққа бас қойды. “Қара бие табан шықты. Екі айғы жақсы күтімнің жемісі ғой”, – деді әкем мақтана жан-жағына қарап. Ал көмекке келген көршілер ет піскенше үйге барып мал жайлап келмекші болды. Әкем мен ағам үлкен сүйектерді буынынан ажыратып бізге қарай беріп тұрды. Ал шешем еттің бір шетін маған ұстатып, бір жағынан тұздауға кірісті. Тұзы сіңгесін арнайы дайындаған бақандарға жағалата ілдік. Семіз шыққан қара биенің еті шошаланың тең жартысын алып кетті. Қара биенің етінен көрші-қолаңнан бастап, алыс-жақындағы туыс-туғандарға дейін түгел дәм татты. “Еттің бабында екенін айтып жер-көкке сыйғызбай мақтағанына қарағанда, биылғы ет былтырғыдан тәуір сияқты”, – деді шешем риза кейіп танытып.
Қыс орталап қалған кезде үйде бір келеңсіз жағдай орын алды. Азанда қарасақ, шошаланың есігі шалқасынан ашық, құлып сынып жатыр. Ұры түсіп, ілулі тұрған еттің біразын көтеріп кетіпті. “Құдай қарасқанда, шет жақта тұрған жарты бақан етті ғана алыпты. Тып-типыл етсе, не бетімізді айтар едік, – деп әкем салма-салма болып ілулі тұрған етті екі қайтара айналып қарап шықты. – Ұрының аз да болса, нысабы бар екен”.
Бұл жағдайдан кейін үйдегілер айтарға болмаса қатты қапаланды. Әйтеуір, жау алыстан емес екенін, не болса да бізді жақсы білетін адамның алғанын білдік. Жоғалған малды ені мен таңбасына қарап табуға болар, ешқандай белгісі жоқ етті қалай табамыз? Ақыры бұл ұрлық туралы ешкімге айтпайтын болып, жабулы қазан жабулы күйінде қалды.
Соғымның қызығы бәсеңсіген шақта айғай салым жерде тұратын Қабай көрші нағашыларынан жарты жылқының етін әкелгенін айтып, жақын көршілерді тамаққа шақырды. Жылда қара мал соя алмай, қой-ешкісін борлап, сонымен қыстан әупірімдеп шығатын Қабай жаз шықса, нағашыларының малын бағысып, отын-суына көмектесіп қарымжысын қайтаратын болып келісіпті. Сол күні әкем мен ағам қыстауға мал қарап кетті де, қонаққа шешем екеуміз баратын болдық. Біз барғанда көршілер тегіс жиналып, еркектер жағы карта ойнаудың қызығына кіріскен екен. Дереу қолға су құйылып, дастарқан жайылды. Жылқының етіне қойдың мүшелерін қосып асыпты. Қабайдың әкесінің жылқы етін татса болды қан қысымы көтерілетіні бар еді, сол жағын ескерген сияқты.
Ет желініп, табақ орталаған шақта шешем аяқ астынан ашуланды. “Қабай, қарағым, мына жеп отырған ет менікі, соған қарағанда сенің нағашыларыңнан әкелгенің өтірік болды ғой”, – деді. Отырғандар аң-таң. Барлығы қолдарын табақтан алмай шешеме үдірейе қарап қалыпты. “Мен өзімнің тұздап дайындаған етімді өзім білемін. Пышағымның ізі көрініп тұр. Кімді алдайсың! Көрші тұрып сен ұрлады деген неше ұйықтасам да түсіме кірмепті. Айта берсем еттің дәмі де менікі! Бір асым етті сұрасаң да қолыңды қайтармас едім, көмектен кенде болып жатсың ба! Балаларың жесін, кисін деп тамақты тамақтай, киімді киімдей бергенімізді ұмыттың ба?” – деп шешем орнынан тұрып есікке беттеді.
Шешемнің артынан шала-шарпы киініп мен де жүгіре шықтым. Аяз қатты екен, шешемнің ашуын аузынан шыққан аппақ будан анық аңғардым.
– Біздің ет екенін қалай байқадыңыз, еттен етті айыра алмаймыз ғой. Жұрттың алдында ұят болған жоқ па? – дедім шешеме жанасалай келіп.
– Өзім бұзып, тұздап, кептірген етті қалайша білмей қаламын, – деді бағанағыдан сәл де болса дауысын бәсеңдетіп.
Үйге келсек қыстауға кеткен әкем мен ағам да келген екен. Әпкем дастарқан жайып, шәй қамына кірісті. Шешем: “Қабайдың үйіне барып өз етімізді өзіміз жеп келе жатырмыз”, – деп төтесінен әңгіме бастады. Бұл сөзін үйдегілер түсінбей: “Өз етіміздеген қалай сонда?” – деп аңтарыла қарасты. Шешем үнсіз. Ашуы әлі тарқамаған. Болған жайды маған айт дегендей сыңай танытты. Мен жаңа ғана орын алған оқиғаны қаз-қалпында жеткіздім. “Нағашыларынан әкелдік дегені жылқының еті емес, қойдікі болды ғой, – деп ағам кеседегі шайын сораптай тартты. – Полицияға хабарлаймыз ба?”.
Әкем аз үнсіздіктен кейін бәрімізге қарап: “Болар іс болды. Ырысымызды қотарып әкеткен жоқ. Сарт-сауан алған жоқ, бөтен емес, көрші. Алым-берім болып тұрады. Қабайдың бұрыннан аздап қолының сұғанақтығы бар екенін өздерің жақсы білесіңдер. “Ауру кетсе де, әдет қалмайды” деген сөз бар. Баукеспе ұрылар ұрлайтын ештеңе таппағанда өзінің дүниесін өзі ұрлайды екен. Оған несіне ренжисіңдер. Әбден сондайға әдеттенген, дәніккен адам ғой. Бір асым ет, бір шәугім шайға бола көршімен араздассақ адамдығымыз қайда? Бір малыңды қасқыр да жеп кетеді. Шығын болған бір лақ дейік те қояйық. Бала-шағамның несібесі таусылмасын! Ол да балалы-шағалы, жетіспей жатқан шығар, әйтпесе ұрлық-қарлыққа адам жайдан-жай барады дейсің бе? Періште емеспіз, пенде болғаннан кейін кейде дүниенің артынан қуып, жолдан тайып жататынымыз бар. Адам қателеспей жүре алмайды. Онсыз өмірдің мәні жоқ. Бұл оның өзі ұрлап алған сыбағасы болсын”, – деп дастарқан басын күлкіге бөледі. Әкемнің сөзінен кейін бәріміз жадырап сала бердік. Болмашы дүниеге бола бет жыртысудың керегі жоқ екенін білдік.
Ертесінде Қабай рөмкелес достарымен бірге отырғанда арақтың буымен ет ұрлағаны рас екенін, алайда піскен еттен танып қояды деген ойы болмағанын айтып өкінішін білдіріпті. “Өзінің етінің дәмін білетін адамдар да бар екен ғой”, – деп шешемді әңгімеге арқау еткен көрінеді.
Қаңқу сөз жолда жатсын ба, бірден бірге айтылып, соңында бізге жетті.
“Қылмысын мойындағаны да ерлік. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өмірде қорықсаң, жымысқылардан қорық. Аңғалдар ауырмай өледі немесе аңдамай шоқ басады. Үйдегі жемде тұрған ісектің бірін апарып сойып беріңдер. Бала-шағасы етсіреп қалмасын. Біз істеген жақсылық Қабайдың өзінен қайтпаса да, Құдайдан қайтады”, – деп шорт кесім жасады әкем. Біз әкеміздің дегеніне еш қарсы келмей, қалай айтады, солай істеуші едік. Сөйтіп, ағам екеуміз көршінің үйіне барып, барлық мән-жайды айтып, ешқандай өкпе-ренішіміздің жоқ екенін, әкеміз осылай шешім жасағанын, бұдан кейін де береке-ынтымақта араласа беретінімізді алға тарттық.
Кірерге тесік таппаған Қабай қамшысымен жер шұқып, төмен қарап отырып қалды.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.