«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ақ жаңбырдың сырылынан сыр ұғып

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тағдырымның тамшылары

 

Жүйрік жылдар жарысқан ғасырларға,

Ақ парағы уақыттың ашылғанда.

Қарғалар ізіменен өрнектейді,

Сәби гүлі қауызынан ашылғанда.

 

Ақ пен қара айқасы басылған ба!?

Күн сәулесі үйір ғой жасыл қанға.

Түнде менің жүрегім тұтқындалып,

Күнде менің түседі басым дауға.

 

Ғұмырымды ұрттаған уақыттар-ай,

Ұшып өткен басымнан бақыт талай.

Торғай үн топқа түсіп шырылдаса,

Таңдайым тәтті уыңды татыпты оңай.

 

Көңілім күрсінеді күлем деген,

Мерт болып кетті талай күрең дөнен.

Топқа түспей торы құнан арқандалды,

Тағдырдың суық қолы шідерлеген.

 

Жұлдыздар ағып жатыр “сөнем” деген,

Айды бұлт жасырады “көрем” деген.

Көздер-ай, аш көздікпен қамын ойлап,

Кездер-ай, қозы-лақты көгендеген!

 

Қыран тағдыр қияға қонған күнде,

Аққу болып ұшқанмен арман күнде.

Жаңбырдың жырын арнап отырамын,

Тағдырдың тасасында солған гүлге!

 

Кешкі ой

 

Пенделіктің мысығы қабағымнан иіскелеп,

Күншілдіктің күшігі балағымнан тістелеп.

Арсыздықтың арланы кескілесе жолымды,

Қызғаныштың қарғасы қарқылымен сұс төгеді.

 

Жүрегімнің қуысын күдік билеп, түн тұнып,

Жігерімнің қыраны тұғырында сілкініп.

Көже миым көпіріп, ызың толып ішіне,

Қаламым тұр параққа із сала алмай іркіліп.

 

Көз жіберіп қараймын үрей толы көшені,

Жабырқатып жанымды суық самал еседі.

Бөлтірік үн естілсе апанынан кешқұрым,

Жұлдыздарды ағызып, қара бұлттар көшеді.

 

Іңгәлаған сәби үн бесігіне тығылып,

Көлеңкелер көбейді, кешке қайта тіріліп.

Ит біткендер қыңсылап, топтасқанда ұйлығып,

Жарықтар да азайды жер бетінен қуылып.

 

Қабақ түйіп адамдар үйге қайтып барады,

Шаршау билеп ақыры жүйке менен сананы.

Тіміскілеп түлкілер ары-бері жортады,

Ұшып, қонған торғайлар дірдектейді, тоңады.

 

Түн моншағы қап-қара кірпігіме ілініп,

Қараңғылық көбейіп қарашыққа тығылып.

Кешкі ойдың мазасыз жетегінде кеткенде,

Адастырып әкетті түнгі қиял бірігіп…

 

Кездесу

 

Самалға кірпігің таралып,

Жанармен көруге жаралып.

Алдымда қыз мүсін бейнең тұр,

Мөп-мөлдір көзіңмен қадалып.

 

Санамның сабыры жоғалып,

Ормандай ойларым тоналып.

Жүректің күбірін естимін,

Сезімнің сеңіне қамалып.

 

Біз тұрған бір метр аралық,

Махаббат ғұмырын саналық.

Әй, бірақ үн-түнсіз жымидың,

Бір сәтке кетердей жоғалып.

 

Жүзіңе жылындым шуақтап,

Қолыңнан ұстар ем бір аттап.

Деміңе шарпылып мен қалдым,

Сәл тұрдың қасыма тұрақтап.

 

Айта алмай іштегі сырымды,

Көзімнен оқыдың шынымды.

“Кетейін, ағажан”, – дегенде,

Жүрегім кеудемде сығылды.

 

Кездесу қып-қысқа бүгінгі,

Тістелеп азумен тілімді.

Дірілдеп сұрадым нөмірін,

“Соткаңнан” естуге үніңді.

 

Санменен саралап саз үнді,

Аққудай жеткіздің наз үнді.

Көңілім көк тудай желбіреп,

Нөмірің жүрекке жазылды.

 

Аспан мен қара жер арасын,

Жұпарлы нұр қылып барасың.

Бұрылып сен кеттің жанымнан,

Күй қылып махаббат даласын.

 

Сылдырап аққандай бал бұлақ,

Толқыннан жатқандай жар құлап.

Ып-ыстық уақытқа бағынып,

Мен тұрмын артыңда қалжырап!

 

Қалжырап, қалтырап тоңсам да,

Шыдар ем тұруға мен сонда!

Қарашық сен жаққа қадалды,

Елсізде елжіреп қалсам да…

                                  …Күтем.

 

Ішкі сыр

 

Ақ жаңбырдың сырылынан сыр ұғып,

Солған гүлдің тамырына үңіліп.

Орман, судың сыбдырынан тіл ұғып,

Арман қылдым қиялыма жүгініп.

 

Жер бесіктің әлди үнін тыңдаған,

Желде өсіппін, гуілімен тынбаған.

Тал бесікте іңгәлаған сәбиде,

Өрге шықтым уақытпенен зырлаған.

 

Шын өмірден аспан, жұлдыз қыраттан,

Бұл өңірмен, ерке құрақ, бұлақтан.

Таулар, дала, жан-жануар ай-күннен,

Жүрегіммен ғажаптығын ұнатқам.

 

Табиғаттың әсер алам бәрінен,

Ар-ұяттың тамыр алғам нәрінен.

Жүрегімді таза ұстауға тырысам,

Шариғаттың жүру үшін жолымен.

 

Осы маған, әке, бата бермеп пе ең?

Шашыраған нұрға бөгіп жер-көктен.

Көк бөрінің даусын естіп жөргектен,

Асыл анам құшағында ержеткем!

 

Асықтым мен поэзия еліне,

Қадам бастым қара өлеңнің жеріне.

Ақ қайыңға қыран, тұлпар, асқар мен,

Ғашықпын мен арулардың бәріне.

 

Керуен жылмен кетіп жатқан ғасырым,

Көргенмін мен құпияңды жасырын.

Қара өлеңнің қаймағы ғой көбікті,

Емдей білген рухани асылым!

 

Ой елес

 

Жанарымнан жасыл ірің ағады,

Қабағымнан ызғар сәуле тарады.

Жаратқанға дұға қылам жалынып,

Сабырлықпен басқара алмай сананы.

 

Шұрық тесік бұлт көрпелер жоғары,

Пана болмай тоңдырады даланы.

Жыртығымды жасыра алмай жарығым,

Кірпігімді күнде қырау шалады.

 

Салтақ-салтақ балалықтың балағы,

Күшік біткен балақты кеп талады!

Тісі батқан балтырдағы жараны,

Бөлтіріктер “жазамыз”, – деп жалады.

 

Қайдан бірақ ауыспалы күн деген,

Айдан жырақ жұлдызы жоқ түн көрем.

Сайдан құлап көлеңкелер шашылып,

Қара тасты жел ызыңдап тілдеген.

 

Ара қонған гүлдің бәрі тірі емес,

Көбелектер болып алды күлегеш.

Сиынды деп Алласына ібіліс,

Миымды кеп жұлқылайды мың елес.

 

“Ей адамдар, заман ақыр болады!” –

Расымен, жер ананың хабары.

Алыс емес заман ақыр аралы,

Адам мінген кеме солай барады.

 

P.S.

Бүркіт торғай болғаны да жай емес,

Табиғат та бұрынғыға сай емес.

Оңай дейді адам аңға айналу,

Солай дейді менде жүрген ой-елес!

 

Аманжол ЗАҒЫПАР.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp