Халықтың қадірін, қасиетін, мыңжылдық дәстүрі мен тәжірибесін, көркемдік, пәлсафалық, әлеуметтік көзқарасын, қаһармандық рухын, ата кәсібін, тілін, діни, даналық қағидаттарын, тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, әдебін, жөн-жосықтарын, өнерін, ой-арманын, мінезін жете түсініп, мұздай қаруланбайынша, кемел, көреген, бекзат, намысты көшбасшы атану – қиынның қиыны. Ұлттың қорғаны мен мерейі, рухының сақшысы мен кепілі – шынайы лидер халықтың керегін тауып береді, қымбат мүмкіндіктерін тапқырлықпен жұмсауға жағдай тудырады, игіліктерді қалайша пайдалану, қолдану тәсілдерін көсемдікпен келелі, өнімді іске бағыттайды. Халықтық тәжірибеге жүгініп, “елді сөкпей, кенді төкпей”, тұп-тура ситуацияның өзімен шұғылданады. Қаңқу сөзге берілмей, етек-жеңімізді, ақыл-есімізді жинап, береке-бірлігімізді бекемдеуге қажыр-қайрат жұмсайды.
АҚШ-тың 3-ші Президенті Томас Джефферсон (1743-1826) “Тәуелсіздік Декларациясында”: “барлық адамдар тең жаратылған”, “абыройымызды ардақтап таза сақтауға серт береміз”, – деп айтса, “Бірінші инаугурация кезіндегі сөзінде” (1801 жыл, 4-наурыз): “жүрегімізбен, ақылымызбен бірігейік!”, “әлеуметтік қатынастарды қалпына келтірейік”, “еңбек адамының еңбекпен тапқан бір үзім нанын қолынан тартып алмайтын дана да байсалды басқару туралы” пайымдау керектің керегі дейді.
Мұнда мемлекеттің ұстанымы – ақыл, жүрек, теңдік, еңбек, абырой, тазалық, даналық екендігі нақты көрсетілген. Және бұлар адамзат қоғамына ортақ темірқазық жолбасшы қағидаттар.
Осы ретте Алматы трагедиясы біздің қоғамның сиқын танытты, халқымыздың нәуетек, мүшкіл, мүсәпір халін әлемге мәлімдеді, “жасауылың тырнадан болса, күнің қиқумен өтер” дегенді дәлелдеді, өйткені дәлелсіз, дерексіз, сезімсіз, түпсіз өтіріктердің, әлеуләйләрдің дендегенін, дертті қоғамға айналған, қолдан батыр, пайғамбар жасалғанын, “жағымпаздықтың нағыз эпедемияға айналғанын” (Теодор Рузвельд) дәлелдеді.
Халықтың қанын сүлікше сорған “аюдай ақырған шенеуніктер” (Жүсіпбек Аймауытұлы) Тәуелсіздікті “жүгенсіздік” деп ұқты. Халықтың обал-сауабына қарамады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың аузынан айдың, күннің аманында Қазақстанда 1 млн. кедейдің бары айтылды.
Ақиқатын айтқанда, хаос жайлаған қоғам түп-тамырынан өзгерді. Мақсат – “Жаңа Қазақстанды құру”, билік пен халықтың бірігіп, тізе қосып, бір-бірін әділдік, шыншылдық, мемлекетшілдік тұрғысынан тонның ішкі бауындай жақындасып, мүдделестік танытып, алға, жоғарыға, жақсылыққа ұмтылу керек екені нағыз құбыланамамыз.
АҚШ-тың 26-шы Президенті Теодор Рузвельттің (1858-1919) көрсетуінше, президенттің ең басты міндеті – ұлты үшін керемет көркем мінез-құлықтың иесі болу, адамдарды батыл да нық айқын істерімен, тұтас таза турашыл тұлғалық қасиеттерімен, барша өзіндік өзгеше мінез құлығымен, рухани тамырларымен, тағылым-өнегесімен жігерлдендіру. Ой-толғамдарын әрекетке көшіру. Лидердің міндеті – жөн сілтеу, жетекшілік ету, “біздер бәріміз, сіздер мен мен, бірігіп басқару”, табиғат байлығын сақтау, қорғау, көбейту, ішкі рухани мүмкіндіктердің қуатына ие болып, ақиқатқа жүгіну, қаны сорғалаған шындықтың көзіне тура қарап харекет жасау, негізгі мақсаттан тайқымау, ар алдында өзіңді таза сақтау, өзіңе-өзің адалдық таныту, стратегиялық, концептуалды ойлауға машықтану, қазымыр болудан бас тартып, адамдарға қызмет жасау “Служи людям, а не буквам” дейтіні Библиядағы Қасиетті Павелдің “Буква убивает, а дух животворит” дегенімен үндеседі), Конституцияның ел мүддесіне орайлас болуы, жеке тұлға мен қоғамның, ұлттың құқығын толық жарастыру, келістіріп ымыраластыру. Егер де үркердей топ есепсіз байлық пен билікке ие болса, халық қоғам болудан ажырап-адасып, ірі менмен байлардың құлына айналады. Лидер осындай әлеуметтік топтардың тепе-теңдігін сақтауға жұмыс жасау керек. Бұл орайда жеке адамдардың бастамашылдығын, шығармашылық еңбегін қолдау да дұрыс.
Т.Рузвельттің мемлекет басқару өнеріндегі айрықша бір лидерлік харекетін айтар болсақ, 1902 жылдың 2 қазанында шахтерлердің жаппай ереуіліне орай Ақ үйде өткен мәжілісте сөйлеген сөзінде өзімшілдігін, қаһарын көрсетпей, ереуілшілерді масқараламай, қоғам тілегін ескеріп, ортақ тіл табысып, аштық пен аязға ұрынбайық, адамдарды кінәламайық деп, ситуацияны жеңілдетуді ғана айтты. Содан соң толқу сап тыйылды. Иә, Рузвельттің сөзі – әрекеттің, парасаттың тілі еді. Ел басқару, көш бастау, тұлға атанудың шарттары осылай болса керекті.
Халықтың рухы, тағдыры, ісі, тәжірибесі, даналығы, өнері, мұрат-мақсұты, келешегі, құдіреті ғаламат екендігін Абайдың 38-сөзінде: “Алла тағаланың фиғыл ғазизлерінің (ұлы сипаттарының) аттары, олардың мағынасын біл һәм сегіз сифат затиялары (өзіне хас, өзіне лайық) не деген сөз, кәміл үйрен” делінген. Сонда ғаламды мінсіз жаратқан Алланың хикметін танытатын 99 ең көркем есімдерінің 12-шісі “Әл-Халиктің” мағынасы – “Жаратушы, жоқтан бар етуші” деген сөз екен. Сонда Абай мына пәлсафалық шумақтарында “Көптің қамы”, “Көп азығы” дейтін ұлы ұғым-түсініктердің сырын және көптің таза тілегі, мәнісі не екенін былайша ұғындырады:
Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден Тәңірі ойлаған
Мен сүйгенді сүйді деп Иең сүйсін!
Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек,
Көп ит жеңіп, көк итті күнде жемек.
Ғадәлет пен мархамат – көп азығы,
Қайда көрсең, болып бақ соған көмек.
(“Көк тұман – алдыңдағы келер заман”).
“Көптің азығы” – әділет, рақым, мейірім. Әу бастан халықтың мүддесін “Тәңірі ойлаған”, сондықтан оған жәрдемдес, жанқиярлықпен жанашырлық көрсет, жақсылық жаса. Себебі халықтың даналық тәжірибесі – мұхит.
Демек, ел басқару өнерінде мемлекетке, халыққа, болашаққа ұлағатты басты тұлға лидер-стратег ұлттың моральдық, этикалық, әлеуметтік-саяси құндылықтарын болмысына сіңіріп, қайраткерлік, санаткерлік, тәлімгерлік өлшеусіз еңбегін, тұлғалық асыл қасиеттерін елінің, жерінің өркендеуіне қызмет етуге тиіс.
Серік НЕГИМОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор.