Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездескенде еліміздегі қазіргі қалыптасқан ахуалға тоқталып, халық игілігі үшін билік пен бизнестің өзара ықпалдастығын арттыру қажеттігін айтқан болатын. “Бүгінде біздің алдымызда бүкіл қоғамдық тыныс-тіршілікті түбегейлі трансформациялау міндеті тұр. Мұның стратегиялық мәні бар”, – дей келіп, қағаз жүзіндегі әлеуметтік-экономикалық мәселе мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейтінін, сондықтан шұғыл түрде экономикалық саясатты қайта қарау жұмысына бірлесіп кірісу керектігін атап көрсеткен болатын.
Президент таза, ашық және әділ іс-әрекеттердің жаңа тәртібін анықтап, жаңа Қазақстанның негізі болуға тиісті экономикалық саясатты қалыптастыру үшін бірлесіп жұмыс істеуге, кәсіпкерлерді патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетуге, капитал, тәжірибе, басқарушылар тобы мен нарықты дәл пайымдау сияқты ресурстарды экономиканы қайта құруға жұмсауға шақырды. Мұның ішінде инвестиция салу, сапалы жұмыс орындарын ашу, экспорттық әлеуетті арттыру сияқты өзекті мәселелер қамтылған. Аса маңызды міндеттерді шешуде ауылдық жерлерде жұмыс істейтін шаруашылықтарға үлкен міндеттер жүктеледі. Өйткені қазіргідей күрделі жағдай кезеңінде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтаудың, халықтың өмір сапасын жақсартудың мәні айрықша. Бұл орайда, біздің күнделікті ісімізге мемлекет тарапынан қабылданған реформалар тың серпін берері анық. Оны тиімді пайдалана білсек, адамдардың лайықты өмір сүруіне қалыпты жағдай жасауға барлық мүмкіндіктер тудырылып, ең бастысы, ішкі әлеуетімізді толық қуатында пайдаланар едік.
Диқандар да ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін жақсы түсінеді. Бұл ретте сапалы әрі мол өнім өндіру туралы сөз қозғаудың өзі артық. Біздің шаруашылық 1997 жылы құрылған. Өз қызметін Амангелді ауылдық округі аумағында жүзеге асырып келеді. Үлескерлеріміздің саны үш жүз адамнан асады. Бертінге дейін тек бидай өсірумен айналысып келсек, қазір астық өндірісін әртараптандыруға үлкен көңіл бөлініп, майлы және көкөніс дақылдарының алқаптары ұлғайтылды. Қазіргі заманғы еуропалық технологияларды қолданып, 10 гектар жерге сәбіз егеміз. Оның көлемін 30 гектарға дейін көбейту жоспарланған. Майлы дақылдар көлемі 2900 гектарды құрайды. Бұдан бөлек, 30 ара омартасы бар, оның саны 50-ге дейін жеткізіледі. Қорадағы 130 бас қойдың аздық етері анық. Отарды тағы 100 бас еділбай қойымен толықтырмақпыз. Біз жаңа жұмыс орындарын құруға, еңбекақыны арттыруға әркез мүдделіміз. Сонда ғана шағын елді мекендерді дамытуға қатысты көптеген мәселелер шешімін табады. Сәбізді жинау науқаны кезінде жергілікті 20 тұрғын еңбек етсе, қосымша күш ретінде тағы 21 адам тартылды. Омарта жүйесі кеңейтілсе, 10 адам жұмысқа қабылданады. Жұмысшылардың орташа айлық жалақысы 170 мың теңгеге жуық. Соңғы кездері жыл қорытындысы бойынша “он үшінші” еңбекақы төлеу дәстүрі енгізілді. Биыл орташа айлық жалақы 50 пайызға көбейтіледі, яғни 255 мың теңгеге дейін жетпек. Осындай ынталандыру шараларының басқадай түрлері де енгізілетін болады.
Халықтың, әсіресе әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарына жүйелі түрде көмектесу – басты назарымызда. Серіктестік астық қалдықтары мен жемшөпті, сабанды қолжетімді бағамен сатады және де ауыл тұрғындары толық көлемде қамтамасыз етілген. Мұның өзі әр үйге 10 бас ірі қара мал ұстауға мүмкіндік береді. Ауыл әкімдігімен жасалған меморандумға сәйкес тұрғындар малдарын еркін жаю үшін жайылымдар берілген.
Экономикамыздың бір тірегі ауыл шаруашылығы екенін айттық. Мемлекет тарапынан бұл салаға айтарлықтай қолдау көрсетілуде. Заманауи техникалар сатып алуға нақты жеңілдіктер беріледі. Шаруашылық құрылғанда бар-жоғы 780 гектар егістік жеріміз және жалғыз ЮМЗ тракторы ғана болды. Бүгінгі таңда машина-трактор паркі түгелдей жаңарып, “CLAAS”, “Ростсельмаш”, “John Deer” және басқа брендтік техникаларының саны 20 бірлікке дейін көбейтілді. Ауданда алғашқылардың қатарында сағатына 27 тонна астықты кептіре алатын қондырғы орнатылды. Ол газбен істейтіндіктен, жұмсалатын шығын көлемі аз.
Мол өнім алудың бір негізі – агротехникалық талаптарды қатаң сақтау. Минералды тыңайтқыштардың субсидиялануы да – үлкен жәрдем. Осы факторларды тиімді қолданудың нәтижесінде бір гектардың шығымдылығын 20 центрден айналдырып жүрміз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша қатысушыларға әр пай үлесі үшін 55 мың теңгеден төленді. Тұрмысы төмен отбасылар мен қарт адамдарға 250 мың теңге мөлшерінде материалдық көмек берілді.
Оқушыларды Поляковкадан Амангелді мектебіне тұрақты түрде тасымалдау, жергілікті су көзінің іргелес аумағын абаттандыру, Поляковка және Амангелді ауылдары арасындағы, ауылішілік жолдарды тазалау, күтіп ұстау серіктестік қаражаты есебінен атқарылады. Ұлы Отан соғысы жауынгерлерінің құрметіне орнатылған ескерткішке 8 млн. 390 мың теңгеге жөндеу жүргізілді. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға қаражат бөлінген. Бос тұрған жекеменшік Мәдениет үйін сатып алып, оны ойын-сауық орталығына айналдырмақпыз. Интернет сапасын арттыру мақсатымен мұнара қойылмақ. Поляковкаға тартылатын су құбыры желісіне 7 млн. теңге бөлу қарастырылған. Саябақ ашуға атсалысамыз. Ағаш көшеттерін отырғызумен жүйелі түрде айналысамыз. 10 жаңа жұмыс орны құрылады. Ауыл тұрғындары жақсы өмір сүруге әбден лайық.
Алексей ЧЕРНЕЦКИЙ,
“Поляковское” ЖШС-ы директорының орынбасары.
Есіл ауданы.