«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САП БАСТАҒАН САРДАРЛАР даярлайтын Ұлттық ұлан академиясының құрылғанына — 25 жыл

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Биыл Ұлттық ұлан академиясының құрылғанына 25 жыл толады. Академия ашылғаннан бері төрт мыңға жуық офицер даярлап шығарды, қазіргі уақытта сардарлар Қазақстанның Ұлттық ұланында, Қарулы Күштерінде, Ұлттық қауіпсіздік комитетінде, Ішкі істер органдарында, сонымен қатар Қырғызстан мен Тәжікстанның күштік құрылымдарында сап бастап, жоғары лауазымды қызметтер атқаруда.

Еліміз егемендігін алып, аяғынан енді тұра бастаған кезде Ішкі әскерде білікті де, білімді ұлттық кадрлар, соның ішінде офицерлердің тапшылығы сезілді. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін оқу орны 1997 жылы 18 наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің “Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің жоғары әскери училищесін құру туралы” Қаулысы негізінде құрылды. 1997 жылы қыркүйекте жоғары әскери училищесінің ашылу салтанатына Ішкі әскерлер қолбасшысының бірінші орынбасары, генерал-майор Б.Джанасаев пен Ішкі әскердің кадр басқармасының бастығы, полковник О.Миртаев қатысқан болатын. 1997 жылы 16 желтоқсанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз қолымен Жауынгерлік Туды табыстап: “Мен солтүстік климаттық жағдайда тәрбиеленген және білім алған курсанттар нағыз әскери шыңдалудан өтіп, болашақта Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлерінің жаңа офицерлік құрамының негізін құрайтынына сенемін”, – деген еді.

Алғашқы кезең оқу орнының құрылуы мен қалыптасуы, білім беру жүйесінің құрылуы, курсанттарды қабылдау, олардың ант беруі сияқты шаралармен ерекшеленген болатын. Сол кездегі Ішкі істер министрі, генерал-лейтенант Қ.Сүлейменов 1998 жылы 11 шілдеде училище қабырғасында алғаш рет Ішкі әскерлердің әскери бөлімдері мен құрылымдары басшыларының оқу-әдістемелік жиынын өткізген еді. Сонымен қатар училище құрылған алғашқы жылдары шаңыраққа еліміздің бір топ беделді азаматтары да ат басын тіреді. 1998 жылы Қазақстан Республикасының халық әртісі, әнші-композитор Е.Хасанғалиев келіп, училищенің курсанттарына “Біз болашақ офицерлер” атты жаңа әнін тарту етсе, “На-На” тобы Қазақстан бойынша өткен ән шеруін біздің училищеден бастаған болатын. Әнші Нұрлан Абдулин, скрипкашы Лана, “Үркер”, “Яшлык” эстрадалық топтары курсанттармен жүздесіп, өздерінің өнерлерін көрсеткенін айта кеткен жөн. Жаңа ашылған әскери оқу орнына қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Ресей – Америка экипажының мүшесі, ғылыми-зерттеу экспедициясының командирі, генерал-майор Тоқтар Әубәкіров, “Кристалл” ғарыш кемесі экипажының ұшқыш-ғарышкерлері – “Мир” станциясына ұйымдастырылған 25-ші ғарыш экспедициясының қатысушылары Талғат Мұсабаев, Николай Бударин, Юрий Батурин ат басын бұрған болатын.

2000 жылы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 55 жылдығына орай еліміздің бас қаласы – Нұр-Сұлтанда өткен әскери парадқа училищенің әскери қызметшілері тұңғыш рет қатысты. Ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығы мен алғашқы офицерлердің оқуды аяқтау сәтінің тұспа-тұс келуі біз үшін үлкен символдық мәнге ие болды. 2001 жылы әскери қызметшілердің біліктілігін арттыру факультеті құрылып, бүгінгі күнге дейін Ұлттық ұлан мен Ішкі істер министрінің 2788 әскери қызметкері кәсіби қайта даярлықтан өтті.

Оқу сапасын арттыру мақсатында басқа да жоғары оқу орындарымен бірлесіп, конференциялар мен ғылыми отырыстар өткізуді жақсы дәстүрге айналдырдық. 2005 жылдың 14 сәуірінде алғаш рет халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылып, бұл ғылыми жиын қазіргі уақытқа дейін өз жалғасын тауып келеді. Әскери ғылым саласындағы талпыныстарымыз ескеріліп, жоғары әскери училище Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының ұжымдық мүшесі болып қабылданған болатын.

Үкіметаралық келісімге сәйкес 2009 жылдың қыркүйегінен бастап әскери оқу орны базасында Қырғызстан және Тәжікстанның ішкі әскерлері үшін офицерлерді даярлау жүзеге асырыла бастады. Осы жылы Тәжікстан Республикасы ішкі әскерінің қолбасшысы, генерал-майор И.Гоибов әскери институтқа келіп, оқу-тәрбие үрдісі мен жауынгерлік қызметпен танысып, жоғары бағалаған болатын. Әскери оқу орнына ресми сапармен Түркияның ішкі бақылау бөлімінің бастығы, полковник Орхан Кемалем Фазлыогуллары, Беларусия республикасы ішкі әскерінің қолбасшысы, генерал-майор Ю.Караев, Қытайдың қаруланған полициясы бас қолбасшысының орынбасары, генерал-лейтенант Дай Суцзюн келгенін де айта кеткен жөн.

Институтта басты назар инновациялық технологияларға аударылып, оқу үрдісін ақпараттандыру белең алды. 2011 жылдың шілдесінде “Әскери институтының жаршысы” ғылыми журналының алғашқы саны жарыққа шықты. Бұл да – біз үшін үлкен оқиға. Кейінгі жылдары “Курсант жолы” ақпараттық газеті шыға бастады. Сонымен қатар әскери институтта қазақ тілінде оқытылатын оқу топтарының ашылуы маңызды оқиғаға айналды. 2014 жылдан бастап әскери ғылымдар академиясының филиалы жұмысын бастады. Ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлау жүйелі түрде қолға алынып, курсанттардың патриоттық тәрбиесіне басты назар аударылды және халықаралық байланыстар кеңейді.

Елімізде лаңкестер мен діни экстремизмдердің қаупі күрт өсуіне байланысты Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының құрамында Қазақстаннан тыс жерлерде бітімгершілік операцияларына қатысу, сондай-ақ төтенше жағдайлардың салдарын жою туралы міндеттер қойылды. Тапсырмалардың көбеюіне байланысты, 2014 жылы Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерінің атауы Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы деп өзгертілгені белгілі. Соған орай біздің оқу орны да Ұлттық ұлан әскери институты атанды.

Өткен 25 жылда ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке жеттік. Бұл кезеңде институтта білім беру жүйесінің сапасы, кадрлар құрамы, материалдық-техникалық база жақсарды. Үкіметтің 2022 жылғы 2 ақпандағы Қаулысымен Ұлттық ұлан әскери институты Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының академиясы болып қайта құрылды. Бұл әскери және ғылыми-педагогикалық кадрларды, барлық бағыттағы жедел-тактикалық деңгейдегі кәсіби мамандарды даярлаудың тиімділігін арттыруға, қоғамдық қауіпсіздік саласында ғылыми зерттеу жүргізуге, офицерлер мен ішкі істер органдары және басқа да күштік құрылымдардың қызметкерлерін қайта даярлауға мүмкіндік береді.

Ұлттық ұлан қылмыспен күресуде әрқашанда алдыңғы қатарда. Әскери қызметшілер жанқиярлық көрсетіп, ерлікке де барып жатады. Тәуелсіздік жылдары қызметтік-жауынгерлік және арнайы міндеттерді орындау барысында көрсеткен ерлігі, әскери қызметтегі ерекшелігі үшін 137 әскери қызметші мемлекеттік наградалармен марапатталды, олардың 20-на бұл атақтар қайтыс болғаннан кейін берілді.

Академия түлектерінің екеуі – “Айбын” орденінің иегері. Академияда 2011-2015 жылдары білім алған капитан Ербол Отарбаев 2010 жылы Ақтау қаласындағы қылмыстық атқару мекемесінен қашқан бір топ сотталушыны күшпен тоқтатса, академияда 2016-2020 жылдары оқыған лейтенант Бахтияр Қайырбеков 2015 жылы Ақтөбе қаласында орналасқан Ұлттық ұланның 6655 әскери бөліміне шабуыл жасаған лаңкестердің көзін жойған. Екеуінің жасаған ерлігі үшін Мемлекет басшысы 3 дәрежелі “Айбын” орденімен наградтады. Бүгінгі профессорлық-оқытушылық құрамда да “Жауынгерлік ерлігі үшін” медалімен марапатталған офицерлеріміз бар. Олар – қызметтік-жауынгерлік қолдану тактикасы кафедрасының оқытушылары, полковник Жамбыл Кулбаев пен подполковник Ринат Жумалиев.

Курсанттар оқу оқып, тек училищенің ішкі шаруасымен ғана шектеліп қалған жоқ, сонымен қатар облыс пен қалада болып жатқан жарыстар мен концерттерге де үнемі қатысып тұрады. 1999 жылы Петропавл қаласында облыстық жоғары және орташа-мамандандырылған оқу орындары студенттері арасында өткен “Көңілді тапқырлар клубы” фестиваліне біздің команда алғаш рет қатысып, бірінші орынды иеленген еді. Сол кезде команданың жетекшісі болған полковник Мұрат Шапашев қазіргі уақытта әскери педагогика және психология кафедрасының бастығы қызметін атқарады. Әскери академия қызметкерлері де өнерлі. 2016 жылы Ш.Қабылбаев атындағы полиция академиясының құрылғанына 45 жыл толуына орай Қостанай қаласында Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындары арасында сайыс өтіп, әскери академия оркестрінің қызметшілері – қатардағы жауынгер О.Сұрағанов Гранпри жеңіп алса, кіші сержант А.Айтжанов 3-орынды иеленді.

Академия курсанттарының спорт саласында да жетістіктері көп. Бәсекелі додаларда еліміздің намысын қолдан бермеген курсанттарымыз Самат Қадырбеков пен Әмір Тыналин Грекияда өткен кикбоксингтен әлем чемпионатына қатысты. Әмір Тыналин әлем чемпионы атанса, Самат Қадырбеков қола жүлдені қанжығасына байлады. 2007 жылы Әмір Тыналин Қытайда өткен кикбоксингтен Азия ойындарында жеңімпаз болды. Алтыншы оқу ротасының курсанты, сержант Азамат Нұрпейісов Италия мемлекетінде өткен кикбоксингтен әлем чемпионатында екінші орын алып, халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындады. Қазіргі таңда марқұм Азамат Нұрпейісовтың құрметіне қоян-қолтық ұрыстан жарыс дәстүрлі түрде өткізілуде. 2021 жылы Украинада өткен панкратионнан әлем чемпионатында бақ сынаған курсант Н.Зубаиров чемпион атанды. Осы жылдың 10 желтоқсанында Ресей Федерациясында қоян-қолтық ұрыстан әлем кубогында курсант С.Арапбай жеңімпаз болды.

Қызметтік-жауынгерлік міндеттерді орындап, бәсекеге қабілетті офицерлер даярлауда Ұлттық ұлан академиясы еліміздің беделді әскери оқу орындарының бірі саналады.

Бауыржан Әбжанов,

Ұлттық ұлан академиясының бастығы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp