Оқушылар сарайында Қазақстанның халық жазушылары Ғабит Мүсіреповтің 120, Сафуан Шаймерденовтің 100, ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығына арналған «Ұлтын сүйген ұлылар» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман жиынға келген қонақтар мен қатысушыларды құттықтап, жылы лебізін білдірді.
Жиында Қазақстанның жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ақберен Елгезек, «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС директоры, жазушы Жарасбай Сүлейменов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ғалым Жайлыбай, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің СҚО бойынша меншікті тілшісі Жақсыбай Самрат және М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жанар Таласпаева баяндама жасады.
Сонымен қатар, кездесу барысында Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен Аманжол Зағыпардың «Тағдырымның тамшылары», Нұргүл Оқашеваның «Нұр», Сағындық Сәбитұлының «Дөңдегі ауыл» кітаптарының тұсаукері өтті.
Шара соңында Ақберен Елгезек жергілікті ақындар Аманжол Зағыпар, Күлайхан Рахмет, Нұргүл Оқашева және Кирилл Филоновқа жазушылар одағы мүшесінің куәлігін табыстады.