«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЗАҚТЫҢ ЖЕЗҚАНАТТЫ ЖЕЗКИІГІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ақын – құбылыс! Бұл жаратқан иенің құдіретті есімі. Гомерден бастап Гете, Пушкин, Шекспир, Байрон, Бернс, Мағжандарға дейін осындай. Алла жарылқап, аруақ жебеген адамдар олар. Ертедегі Шығыс патшалығының көпшілігі шетінен ақын, ғұлама, философ. 15 ғасырдағы қазақтың ақын жырауларына қараңыз. Қазтуған, Доспанбет, Ақтамберді – әрі батыр, әрі ақын, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би сөз бастаған шешен, ел бастаған көсем еді.

Алаштың арда ұлы, қазақтың жез­қанатты жезкиігі Кәкімбек Салықов­тың мансап биігінде жүріп, ақын бо­луы – рухани дүниеміздегі ірі құбы­лыс, сөз ұстаған халқымыздың ұлы­лығының бір нышаны. Ендеше сонау Күлтегіннен бастап бүгінге жеткен ғажайып қазақ жырының қайталан­бас бір тұлғасы – Кәкімбек Салықов. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарының басында оқырманның қолына түскен Кәкеңнің алғашқы жыр жинақтары “Сыр”, “Жезкиік” өлең құмар қазақ ба­ла­сын жалт қаратқан. Кенші ақынның өлеңдерінде ойлы да, сырлы нақыш­тар көбірек көрінуі заңды еді. Құдай берген талантын мәпелеп, өмірдің сырына терең бойлады. Кеншілік пен ақындықты құстың қос қанатындай қатар алып жүрген ақынның өлең­баяны қазақ жұртының көз алдында тереңдік пен биіктік атты өлшем­дерге айналып жүре берді.

Ақындық пен кеншілік сағы сынбай,

Ұшырады қос қанат қағысындай.

Өзге түгіл өзіме көрінеді,

Құйысқандас қос жүйрік жарысындай.

Арманына жетелеп алыстағы,

Өлең мен кен мәреден қалыспады.

Өзге түгіл өзіме елестейді,

Сәуле менен дыбыстың жарыс­қаны, – дейді Кәкімбек ағам. Оның өлеңдерінде кеншіліктің қызуы мен ақындықтың жылуы бірін-бірі толық­тырып тұрғандай. Ол жарық өмірді, қа­зақтың жұртын, адамзаттың бала­сын тұтас сүйді. Кәкімбек ақынның Мәскеу, Болгария, Қырғыз, Түркімен, Қарақалпақ жырлары көкжиегін кеңейткен, болашаққа бағдар, болмысқа барлау жасаған, өресін өсірген, шеберлігін шыңдаған – дәуір суреттері.

Қайда жүрсем,

Ашық аспан – алаңым.

Біреуге – іні,

Біреулерге – ағамын.

Жүрегімді

Достық аты жылытып,

Достарымнан

Мен де рахат табамын, – дегенді ол ақындық адал көңілмен-ақ айтқан.

Мен де талай қиындыққа тоғысқам,

Менің де әкем оралмаған соғыстан.

Менің де анам ерте кеткен өмірден,

Маған-дағы жақсы жандар болысқан, – дейді ақын тағы бір өлеңінде.

Кәкімбек ақындығы адамның ой сезімін ұштап, қиялына қанат біті­реді. Махаббат, сағыныш, парасат секілді ұлы сезімдер оның көңілінен құс болып қанат қағып, Алаш жұрты­ның көңіл айдынына қонып жатады. Әйгілі әнге айналған “Аңсау” жырын­да “Елге кетіп қалар ма ем, ере кетіп солармен”, – деп көңілдің қыл пер­нелерін басады. Құштар көңіл, сағы­ныш сәлемін жолдайды.

Туған жерге, ата-анаға құрмет, сүйіспеншілік пен сағыныш оның кез келген өлең поэмасында атойлап көрініс береді. “Ұрпақ сыры” атты ли­ри­калық поэмасы – ақынның жү­рек сыры, жан сезімі. Онда жетім бала, жесір ана, әке өлімі, соғыс кезе­ңінің ауыртпашылығы жан тебірентерлік сезімталдықпен жырланған. Кәкім­бек лиро-философиялық бағыттағы ақын. Осы поэмадағы анасының қай­туы, бала жүрегінің тебіренісі, әке рухымен тілдесуі, ішкі сезім арпалы­сы оқырман жанын жай таптыр­майды.

Анам менің –

Ардақты адал жарың,

Танытты ғой,

Сен үшін жаралғанын.

Екеуміз ек ақ адал тілегі де,

Сүйеніш, тірліктегі тірегі де.

Ол барда жақын еді сан арманым,

Бір кетсе, орны қайтып толмайды екен,

Анаңнан артық адам болмайды екен.

Асқарым еді,

Сүйенішім.

Ақылшым.

Еш пендеге алданбай,

Тосумен өтті өзіңді ғана армандай,

Енді екеуің де қара жерде жатырсың.

Ол “бақылмын” деген,

Сен – бақылсың.

Тәтті әуенге салар ем,

Жетер саған үн болса.

Анам атын қояр ем,

“Тосу” деген гүл болса.

Сондай-ау шығар дүние,

Тоса білген жан болса.

Кәкімбек – ақын сезімін іркіп қала алмайтын, үлкен жүректің жыршысы. Оның жырлары – өзі туған Қызылжар мен Көкшенің саф ауасындай тұнық, қайыңдары мен қарағайындай биік, айдын көлдеріндей мөлдір. Акаде­мик Серік Қирабаев Кәкімбек інісінің өлеңдері жайлы: “Туған табиғаты сүйікті ұлына құйылып тұрған сұлу жыр сыйлаған. Оған Ақан әндерінің сұлулығы мен сыршылдығы, Ыбы­рай­дың ерлігі, Мағжанның сезімтал­дығы дарыған.

Сезім шыншылдығы оның өлеңде­рін­дегі ойды ашып, нақтыланды­ра­ды. Оның табиғат, махаббат жыр­ла­ры осындай. Олар да сағыныштан туады.

“Сағынышым кұс жолындай жал­ғайды, Жалғызтау мен Ұлытаудың ара­сын”, – дейді ол. Ақынның “Күз”, “Оқжетпес”, “Көкшетау”, “Ақжауын”, “Есілге”, “Теңізге” тәрізді өлеңдерін­де сол өлкелерге тән суретпен бірге, онымен ұштасып жатқан адам сезімі, көңіл күйі жырланады. Өлеңнің лири­калық кейіпкері кейде бұлтқа ұқсап, “Түнерсем де кей-кейде жаумай кетем”, “Сәл жабықсам, әп-сәтте ашы­ламын. Күн сәулесін құлшына ала келген, ақ жаңбыр боп төгіле шашыламын”, – дейді.

Кәкеңнің әнге айналған өлеңдері көп. Бір ғана “Жезкиік” өлеңіне ұлы саз­гер Нұрғиса Тілендиевтен бастап, Жақсыгелді Сейіловке дейін ондаған композитор әуен шығарыпты.

Құмарым қайта көріп қанар ма екен,

Әл бітіп салқын жүрек жанар ма екен?!

Болмаса суық қолды бір сұм мерген,

Дәл көздеп киікті атып алар ма екен?!

Сұлуды адам жаны қимайды екен,

Беймезгіл еске түсіп қинайды екен.

Жезкиік, сені аңсаған кездерімде,

Бір өзім кең далама сыймай кетем,

Бір өзім Сарыарқама сыймай кетем.

Алаштың арқалы ақыны Серік Ақ­сұңқар інісі бұл жөнінде былай дейді: “Кәкең көрген Жезкиікті біз де көрдік. Бірақ Кәкеңнің көзіне іліккен киіктің кере­мет кербез болмыс-бітімі, мүлде бө­лек. Бір өзі – бір Жезқазғанның сим­волындай, “Баяғы қызыл ішік киген қыздай, жез камзол киік” бұл! Осынау ғажайып сиқыр өлеңнің авторы Жез­қазған обкомының хатшысы екенін білгенде таңғалған үстіне таңғалып едім. Сол “Жезкиік” әнге айналып, Аты­рау, Арқа, Алатау, Алтайдың ара­сын шарлап жүр! Корольдің құпия ке­ңесшісі Иоганн Вольфганг фон Гете алғашқы һәм соңғы өлеңін әйел за­ты­ның сұлуына бағыштаса, К.Са­лықов алғашқы өлеңін Алаш анасы­на арнады. Бұл ұғым Кәкеңнің көзіне біресе Жезкиік, біресе Үкілі Ыбы­рай, Ақан сері, Біржан сал, Тәттім­бет, біресе Сәкен, Қаныш, Евней, біресе Күләш, Бибігүл, Фариза болып елестейді.

Кәкімбек ақынның өмірбаянынан өлең баянын бөліп қарауға әсте болмайды. Ол – мансаптың биік са­тыларына барған қайраткер.

Черненконың Генсек болуы үл­кен елдің айықпас сырқатының бас­талуы еді. Төрінен көрі жақын болып әрең жүргенде әлемнің бір тұтқасын ұстап тұрған империяны басқаруға кірісуі партияның әбден тозғанының белгісі болды демей, не тұжырымға келмекпіз. Бір рет қана қызмет бабымен кездестім. Бір та­науы мен екі кұлағына мақта тығып қойған екен, жаным ашып, шошып кеттім, құлайын деп тұрған ауру пілдей боп көрінген үлкен елді аяп кеттім.

Михаил Горбачев жайлы жаза­рым да, айтарым да аз емес. Бірақ ол кісі туралы Е.К.Лигачев ақсақал “ол сатқын” деп тура айтты. Соны оқығанда, Горбачев алған Нобель сыйлығы есіме түсті. Бұл – өте күр­делі кезең еді. Кеңес одағының тұң­ғыш Президенті, Жоғарғы Кеңестің төралқасын да басқарды. Сол төралқаға (президиум) Р.Гамзатов, Ш.Айтматов және мен мүше бол­дық. Мәжілістерде талай айтыс тар­тыстар болып жатады. Сол тал­қыласу мен салғыласуға Шыңғыс ағамыз белсенді қатынасатын, өзім­нің де шақарлығым аз емес, үнде­мей қалған жерім жоқ болатын. Бір күні дачамыз қатарлас болғандық­тан жиі кездесулерді пайдаланып:

– Расул аға, Сіз неге үндемейсіз, кейде бір сүйеніш табамын ба деп, көптен дос болған соң сізге қарай­мын, міз бақпайсыз, ал Айтматов болса бірде қоштап, бірде тоқтау айтып жатады дегенімде:

– Ай, Какимбек мой брат, бұл Гор­бачев пен Айтматовтың әңгіме­лері ұна­майды, осылар одақты құлата­ды, – деді. Ұлылығына күмәнім жоқ еді, мына сөзінен кейін ол кісіге тиі­суімді қойдым. Тағы да Расул ағамен бір кездесуім өлең болып кетті.

Құшақ жайып ізетпен бағалайтын,

– Расул аға, ассалаумағалайкум!

Саулық қалай дедім

мен сабыр сақтап,

Емханада нең бар көп жағалайтын?

Қатты ойланды қыздырды ма, сұрақ бой,

Көзі күлді.

Сыбырлады-ау зиятты ой.

“Мына сырқат мемлекетте, – деді ол, –

Сау жүрудің өзі маған ұят қой”.

Міне, Ғамзатов, ол сырқат мемле­кетте сау жүруге ұялатын. Ал өзімді Қарақалпақстанда атақты ақын Иб­рагим Юсуповты қатты қорғап, нық қол­қабыс жасағаным үшін қатты сый­лайтын. “Ақынға ақын дос” дегенді бе­рік анттай сақтадың деуші еді. Адамзаттың абзалы Расул ағамыз­дың айтқаны айнымай дәл түсті, сырқат мемлекет құлады. Горба­чевтің өзі де сұлап түсті. Хрущевті екі рет алыстан көрдім. Студент кезімде Сталин өлгенде жастық шақтың өжет күшінің арқасында қоштасуға қатынастым.

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

ақын.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp