Халқымыздың салт-санасындағы қасиетті ұғымдардың бірі – қарашаңырақ. Бүгінгі ұрпақ сол шаңырақты қастерлеу түгілі, осы сөздің мағынасын түсінуден қалып бара жатқаны өкінішті. Бұрын үлкен үйге ие болған ұл мен келін басқалардың ілтипатына бөленген. Мереке күндері ағайын-туыс алтын діңгек – қарашаңыраққа сәлем бере барып, дастарқаннан дәм татуды парыз санаған. Өкінішке қарай, бабаларымыздан жеткен шаңырақты сыйлау, үлкенді қадірлеу ұғымы уақыт өте бұлыңғырланып, кей жерде мүлдем ұмыт қалып бара жатқаны көңілге қаяу түсіреді. Бәзбіреулер оны ескіліктің қалдығы, өткеннің сарқыны дейтінді де шығарды.
Бұл жерде көпке топырақ шашудан аулақпыз. Өңірімізде шаңырағын шайқалтпай, үлкен үйге ие болып отырған жандар баршылық. Солардың бірі – Шал ақын ауданына қарасты Жаңажол ауылының тұрғыны Болат Омаров. Жақында аталмыш елді мекенде болып, қарашаңырақтың түтінін түзу ұшырып отырған азаматпен әңгімелесудің сәті түсті. Айтуынша, аталары Сәйдуден – Зейкен, Баяхмет, Қожахмет, Қапен, інісі Қаппастан Мұқаш, Нағима, Нығметжан тараған. Қабидолла деген інілері болған екен. Қапен соғыста хабарсыз кеткен. Баяхмет майданнан жаралы келіп, 1958 жылы дүниеден өткен. “Сколько жить человеку”, “Долгожители мира” деген кітаптардың авторы, әл-Фарабидың еңбектерін аударған Қаппас молда, экономика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ КСР-ның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан гуманитарлық ғылымдар академиясының және Еуразия халықаралақ экономика академиясының академигі Мұқаш Елеусізов осы әулеттің ұрпақтары.
– Тоқсаныншы жылдары жұртпен бірге қалаға көшпекші болдым. Туған-туыстар уайымдап қалды. Сонда Мұқаш ағам тұрып: “Осы шаңырақтан бес-алты ата ұрпағы тарады. Әулеттің берекесі осында, сен қозғалма, отыр”, – деді. Қарашаңырақтың қастерлі екенін сол кезде ұқтым, – дейді Болат Зәйкенұлы.
Қазақта “бауырға салу” дәстүрі бар. Бүгінде бұл үрдіс те жиі кездесе бермейді. Әдетте, баласы тұрақтамай, өмірдің тауқыметін көріп жүрген ағайынның бауырына туысы баласын салады. Ержеткеннен кейін баланың өз отбасына оралуға немесе бауыр басқан үйінде қалуға құқығы бар.
– Атамның інісі Қаппаста бала болмады. Оған атам Сәйду көпей ұлы, яғни менің әкемді берген. Соғысқа дейін әкем Қаппас атаның тәрбиесінде болыпты. Кейін өзінің Мұқаш деген баласы дүниеге келді, артынан Нығметжан, одан кейін Нағима есімді қыз туды. Өз кіндіген ұрпақ өрбіген соң рақметін айтып, әкемді қайтарып берген екен, – дейді Болат Зәйкенұлы.
“Отан отбасынан басталады” дегенді көп айтамыз. Бұл халқыңды, ұлтыңды сүю отбасыңдағы сыйластықтан басталады дегенге саяды. Ата жолы – баланы адастырмас темірқазық. Кешегі үлкендер көрсетіп кеткен бағыттан алшақтамасақ, шаңырағымыз шайқалмай, түтініміз түзу ұшары анық.
Рабиға ЕРАЛЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.