«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Оң өзгерістер бастауы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін ұсынған саяси реформалардың төрт топтамасы аясында қоғамды одан әрі демократияландыру бағытында маңызды бастамалар жүзеге асырылып, нық қадамдар жасалғаны белгілі. Осындай жарқын жаңашылдықтар “Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы” жолдауында одан әрі жалғасын тауып, жедел түрде қолға алынатын саяси реформалар тізбегі мен тәуелсіз еліміздің жарқын бейнесі айқындалды. Осы тарихи құжат арқылы мемлекетіміздің тұтастығы мен егемендігіне зор қауіп төндіріп, тыныштықты бұзған қаңтар оқиғасынан кейін еліміздің мүддесіне сай нақты шешімдердің қабылдануы абдырап қалған халықтың бойына зор сенім ұялатқанын баса айтқан жөн.

“Қызметіме түрлі адамдардың беретін бағасынан гөрі, мемлекетімізді қорғап қалу – мен үшін аса маңызды міндет. Осы жолда жауапкершіліктің бәрін мойныма алуға дайынмын!” – деген Мемлекет басшысы еліміздің саяси даму бағыттарына көптеген өзгерістер енгізілетінін қадап айтты. Бұл Жолдауды өткеніміздің сабағы сарапталып, дамудың нақты жолын талдап берген тарихи құжат десек те болады. Қоғамды басқарудың демократиялық үрдістеріне басымдық беріліп, батыл қадамдарды жедел жүзеге асыруға айрықша ден қойылды. Өйткені қазіргі уақыт мүлдем басқаша, талабы өзгеше. Күн өткен сайын әлем сан құбылып, тұрақсыздық сипат алып келеді. Іштен де, сырттан да ықпалды күштердің тұтастығымызға қауіп-қатері сейілмей отырған сәтте бейбіт өмірді сақтап қалу – бәріміз үшін киелі парыз. Президент айтқандай, жар шетінде тұрдық. Бір қадамды қате жасасақ немесе батыл әрекет етпесек, мемлекетіміз құрдымға кететін еді.

Геосаяси ахуалдың шиеленісіп тұрғанына қарамастан еліміздің тұтастай саяси жүйесін кешенді түрде жаңғырту бағдаламасының жария етілуі бірінші кезекте қоғамның қажеттілігі мен халықтың сұранысына негізделгені айдан анық. Ел басқарып отырған Президенттің партияға мүше болмауы, әкімдер мен орынбасарларының партия филиалдарын басқаруды тоқтатуы, жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту, әкімдерді таңдау, жаңа партияларға жол ашу, адам құқықтарының қорғалуын жетілдіру сияқты өзгерістерді жұртшылық көптен бері күткен болатын. Суперпрезиденттік басқару үлгісінен біртіндеп бас тарту, тым көп өкілеттігінен айыру саяси және экономикалық қызметтің монополиялануына жол бермейді, қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалына тыйым салады. Өйткені президенттің өкілеттігі неғұрлым көп болса, ол соғұрлым шексіз биліктің иесіне айналатынын тәжірибеден жақсы білеміз. Президент өзінің өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұру жөнінде заң нормасының енгізілетіні көпполюсті партиялық жүйені қалыптастыруға, авторитарлық көзқарастан арылуға мүмкіндік береді.

Президенттің жақын-туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Бұл норма Ата заңымызға енгізілетін болады. Партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктері кеңейтіліп, тіркеу рәсімі айтарлықтай жеңілдетілді. Осылайша қоғамды либералдандыру саяси кеңістік көкжиегін кеңейтіп, жаңа партиялардың құрылуына айтарлықтай ықпал жасары сөзсіз. Жолдауда халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, әділ де ашық сайлау өткізуді жетілдіру, байқаушылардың қызметін заңмен реттеу, аумақтық сайлау комиссияларының жұмыс тәсілін қайта қарау, сайлаушылардың бірыңғай электрондық базасын құру жолдары ұсынылды. Бұлар – саяси жаңғырту жолында халық санасын оятатын, билікке деген сенімін жігерлендіретін революциялық қадамдар.

Жолдауда бір кездері оң тәжірибе ретінде танылған сайлаудың пропорционалды-мажоритарлық моделіне қайта оралу жайлы мәлімделді. Осыған орай өкілді билік тармағы қайта құрылып, халық сеніміне ие болған депутаттардың жауапкершілігі күшейеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің төменгі палатасында еліміздегі түрлі саяси көзқарастар көрініс табуға тиістілігін, ешкімге жасанды артықшылық берілмеу керектігін айтты. Осыдан-ақ Қазақстанның жан-жақты өркендеуінің негізі тұтқасы – өкілдік билік тармағына зор міндеттер жүктелетінін аңғаруға болады.

Осындай саяси ауқымды реформалармен қатар еліміздегі әкімшілік-аумақтық құрылымына да сараптама жасалып, түбегейлі өзгерістер енгізілетіні айтылды. Аймақтардың қуатты болуы мелекеттік басқару үдерісін жеңілдетіп, тұрғындардың өмір сапасын жақсартары анық. Президент айтқандай, құбылмалы әлемде Қазақстанымыз бізден басқа ешкімге керек емес.

Сәуле ТҰРСЫНОВА,

Петропавл қаласындағы №25 мектептің директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp