«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АКАДЕМИЯ БОЛЫП ҚҰРЫЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлдағы Ұлттық ұланның әскери институты академия болып қайта құрылды. Білім ордасында ұйымдастырылған салтанатты шара кезінде офицерлер мен курсанттар сап түзеп, мемлекеттік Әнұранды орындады.

Шара барысында оқу орнының бас ғимаратының маңдайшасына латын қарпімен жазылған “Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық ұлан академиясы” деген тақтайша қойылды. Оны ҚР Ұлттық ұлан қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, генерал-майор Әлібек Сералиев пен оқу орнының бастығы Бауыржан Әбжанов ілді. Жиында бірінші болып сөз алған Әлібек Сералиев жоғары оқу орнының ширек ғасырдан асатын тарихына тоқталды.

– Ғимараттың қазығы осыдан 25 жыл бұрын қағылған болатын. Сол кезде алғашқы оқытушылық құрам нақтыланып, білікті кадрларды даяр­лау үрдісі қалыптаса бастады. Кейін оқу ошағымызға Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан елдерінен талапкерлер қабылданды. Қа­зіргі күні офицер атанған түлектеріміз Қазақстан мен көрші мемлекеттерде әскери міндеттерін абыройлы атқа­рып келеді. Бүгін институтымыз академия мәртебесіне ие болды. Біз ал­дағы уақытта заман талабына сай әс­кери кадрларды даярлауға бар күш-жігерімізді жұмсай береміз. Ол үшін академияда барлық жағдайлар жа­салған. Сондай-ақ жаңа оқу корпусы салынуда, – деді Әлібек Болатұлы.

Салтанаты шара барысында қыз­метте қол жеткізген табыстары мен әскери оқу орнының қалыптасуы және дамуына елеулі үлес қосқан әскери қызметшілерге, ардагерлерге сый-құрмет көрсетілді. Олардың дені еліміздің Ішкі істер министрі және Қорғаныс министрі, Ұлттық ұлан бас қолбасшысының және Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің атынан түрлі марапаттарға ие болды.

Жиында әскери академияның 25 жылдығы мен ел әскерінің құрылға­нына 30 жыл толуына орай екі кітаптың тұсауы кесілді. Олар: “Ішкі әскер­ден – Ұлттық ұланға дейін” және оқу орнының ширек ғасырлық тарихына арналған “Әскери институтқа – 25 жыл” туындылары.

– Бұл туындылармен офицерлер және курсанттар оқу ордамызда та­ныса алады. Жас сарбаздарымыз кі­таптарды оқу құралы ретінде пайдаланбақ, – деді Ұлттық ұлан әскери академиясының бастығы Бауыржан Әбжанов.

Туындылардың алғашқы данала­ры әскер мен оқу орнында ұзақ жылдар бойы қызмет еткен офицерлер мен ардагерлерге берілді. Шараға қатысқан қонақтар әскери академия кафедраларының ғылыми жұмыстары мен жетістіктері туралы сыр шерт­кен көрмемен танысуға мүмкіндік алды.

Кейін салтанатты шара IV Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциямен жалғасын тапты. Баянда­машылар “Мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету” тақырыбында өз ойларын ортаға салды.

Олжас ӘДІЛБЕК,

Ұлттық ұлан әскери академиясының баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp