Қызылжарда “Ұлтын сүйген ұлылар” атты дүбірлі айтыс өтті. Республикалық аламан көркем сөздің шеберлері Ғабит Мүсіреповтің 120 жылдығына, Сафуан Шаймерденовтің 100 жылдығына және Кәкімбек Салықовтың 90 жылдығына арналды. От ауызды, орақ тілді ақындар еліміздің іші-сыртында болып жатқан елеулі оқиғаларды тілге тиек етті. Жақында орын алған “Қанды қаңтар” оқиғасы, халықты қысқан қымбатшылық жайы да сөз болды. Қызылжардан шыққан тұлғаларымыздың өмір белесіне көз жүгіртіп, үлгі тұтар тұстарын шымыр ұйқас, шебер тілмен жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов айтыскерлерге ақ жол тіледі. Бұл жолғы додада Рүстем Қайыртайұлы (Семей қаласы), Еркебұлан Қайназар (Нұр-Сұлтан қаласы), Қалижан Білдәш (Шымкент қаласы), Мейірбек Сұлтанхан (Қызылорда облысы), Төлеген Жаманов (Қарағанды облысы), Тілеген Әділов (Қарағанды облысы), Серік Қуанған (Өскемен қаласы), Шұғайып Сезімхан (Алматы қаласы), Қазірет Бердіхан (Алматы қаласы), Нұрзат Қару (Алматы қаласы), Жұмабек Рахимов (Петропавл қаласы) және Жарқын Жұпархан (Петропавл қаласы) өнер көрсетті.
Дүбірлі додаға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбай, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Ақберен Елгезек, “Дарын” мемлекеттік жастар сый-лығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы, қызылжарлық кәсіпкер, руханият жанашыры Жомарт Омаров, ақын-сазгер Дәстен Баймұқанов және Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің көркемдік жетекшісі Қайырлы Ғафуров қазылық етті.
16 наурыз түстен кейін Ақан сері атындағы облыстық филармонияға жұрт ағылып келе бастады. Қызылжардың текті халқы айтыс десе үйінде тыныш отыра алмайтыны анық қой. Ақ сақалды аталар мен ақ жаулықты апалардың қарасы қалың. Көпшілік ұлыларды ұлықтау дәстүрін айтыспен бастағанды жақсы ырымға балады.
Әне-міне дегенше қазылар алқасы орын-орнына жайғасып, айтыстың басталатынын хабарлады. Жастар сарайының іші адамға лық толды. Айтысты әдеттегідей Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілері одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізді.
– Бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Президентіміз Қасым-Жо-март Тоқаевтың Жолдауынан кейін құттықтаулар, сүйіншілер келіп жатыр. Еліміздің қасиетті төрі Ұлытау облыс болып жарияланды. Сонымен қатар Абай, Жетісу облыстары құрылды. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында осындай тарихи жаңалықты сіздермен бірге бөліскеніме қуаныштымын. Қызылжарда қардың көбесі сөгілмегенімен көктемнің иісі шығып тұр. Үш ұлы адамның есімі аталып, ұлықтау басталды. Қызылжарлықтар – сөзге тоқтаған, айтыс десе ішер асын жерге қоятын халық. Өйтпесе бұл топырақтан қарағай тұлғалы адамдар шықпас еді, – деді Жүрсін Ерман айтыс ақындарын таныстыра келе.
Аламанның шымылдығын Шұғайып Сезімхан мен Қалижан Білдәш ашты. Әу баста екеуі де бір-бірін аударып тастамаққа ұмтылды. Қалижан Қызылжарды шекараны шегір көзден қорғап тұрған қазақтың тірегіне балады.
“Өйтпесе шекараның дәл түбіне,
қасқайтып шатырыңды тігемісің.
Сегіз сері бабамды туған мекен,
сегіз жұмақ дегеннің біреуісің.
Алаштың азаттығын аңсап кеткен,
Мағжанның мәңгі өлмейтін жыр елісің.
Ертерек қазақша атын алсын деген,
елімнің арманысың, тілегісің.
Қызыл-жасыл дүниеде қазақ үшін,
Қызылжар сен орныңды білемісің.
Солтүстік Қазақстан емессің сен,
сол жақтағы қазақтың жүрегісің”, – дей келе, солтүстікті астығымен жердің бетін жайнатып жатқан Қазақстанның алтын кілеміне теңеді. Шұғайып та осал қарсылас емес екенін байқатты.
“Қала менен даланы бағындырған,
айтайық Мүсірепов хақында біз.
Ғабеңнің арқасында кем болмадық,
Кемел сөз, кестелі ой, нақылдан біз.
Бейімбет жау болса егер мен де жаумын, –
деп талай арыстандай атылған жүз.
Қазақ үшін ажалға қарсы тұрған,
Ғабеңді кем көрмейміз батырдан біз.
Жүз жиырма жасқа жеткен ер Ғабеңнің,
еңбегін ел боп мәңгі мақұлдармыз.
Туған күннен қаншалық алыстасақ,
Рухына соншалық жақындармыз”, – деп ұлылардың елге еткен еселі еңбегін сағына еске алды. Айтыста бабадан мирас болып қалған ен байлықтың әлде бір құзғындарға жем болғаны өлең тілімен өрнектелді. Қос ақын әлеуметтік мәселені де сөз етті.
Келесі болып сахнаға Жарқын Жұпарқан мен Рүстем Қайыртайұлы шықты. Сырбаз ақын Рүстем шымыр ұйқас, шебер тілмен Қызылжар туралы сөз қозғады.
“Меймандос ел болсаң да жаның ізгі,
сұмпайы іркіт қылар сары уызды,
Украина еліндегі оқиғалар,
уайым боп ұйқымызды тағы бұзды.
Одан сабақ алмасақ, бетін аулақ,
біз де бір күн соғамыз санымызды.
Себебі жегенменен нанымызды,
ұлыстар бар жемейтін қамымызды.
Қандастарды қаптатып солтүстікке,
азайтсақ деп көккөз ұл, сары қызды.
Көші-қонға бөлгенді бөрідей жеп,
қарынбайлар қарайтты-ау қанымызды.
Халық жауы деп атып ондайларды,
қатайту керек тәртіп-заңымызды”, – деп Рүстем ақын саяси жағдайды да бір шолып шықты. Ақындар қаңтардағы оқиғада біраз шындықтың беті ашылғанын айта келіп, бүгінгі балалар жайын да сөз етті. Ұрпақты оң жолға бастамай ештеңе де оңбайтынын, балалар жылында балалар әдебиеті кең көлемді насихатталса нұр үстіне нұр екенін жеткізді.
“Бұрынғылар кітапқа бас қойыпты,
көкірегі рухани шөлдегенде.
Балалардың бастауы “ютуб” қазір,
қызығады көк атты көлденең де.
Тілі де солай шығып шүлдірлейді,
еліктеп өседі сөйтіп өзге елге.
Шыбық кезде қисайған қайран ағаш,
қарағай боп қатқанда жөнделер ме?
Бөгеліп тілін жұтып күмілжиді,
Бөгенбай, Қабанбай кім ал дегенде”, – деген Жарқын бүгінгі күннің ащы шындығын айтты.
Қазірет Бердіхан, Төлеген Жаманов, Еркебұлан Қайназар, Тілеген Әбілов сынды дүлдүл ақындар жұп-жұбымен сахнаға көтеріліп, кестелі сөзбен көрерменін бірден баурап алды. Ақындар көк жәшігіміздің бүгінде мәнсіз де, мағынасыз сериялдарға толып кеткенін айтты.
“40 рет көрсең де Қыз Жібекті,
көркемдікке тоя алман, исін алман.
Шалқар көш, сәнді күйме, сұлу қыздар,
көзге түспес ақсақ ат, қисық арман.
Қазіргі бір көрерлік киноларға,
сүзгімен су ішкендей сүйсіне алман.
Ғабеңдер ғаламат қой не жазса да,
тамыр тартып дәстүр мен исламнан.
Кешпейтін ұлтшылдықты кезеңде де,
өшпейтін қазақтықтың иісі қалған”, – деген сөзді естігенде көрермен ду қол шапалақтады.
“Болса да жазушы мен ақын әркім,
қасқайып ханға айта алмас датын бәлкім.
Мүйізі едірейген Колбиніңді,
киіздей шаңын қағып, шоқыған кім?
Кінәсін кейбіреудің көзіне айтып,
дұғасын боздақтардың оқыған кім?
Дегенде тілі таза тілдар жандай,
ұлтқа адал қызмет еткен тақуаң кім?
Сәлдесін кір шалмаған сахабадай,
сұлбасы елестейді Сафуанның.
“Жезкиік” тұратын төрт қайырмадан,
жездей балқып бойыңа жайылған ән.
Кәкімбек сегіз қырлы шәкірт сынды,
өмір дейтін ұлы ұстаз дайындаған”, – деп ақындар солтүстіктің біртуар ұлдарының елі үшін істеген ерліктерін жіпке тізгендей айтып шықты. Ақындар сахнада бір-бірін кейде сөзбен түйресе, енді бірде мақтап, желпіндіріп отырды. Алты сағатқа созылған сөз додасын көрермендер тапжылмай тамашалады.
Қазылардың шешімімен аламан бәйгеде жерлесіміз Жарқын Жұпархан топ жарып, бас жүлдені қанжығасына байлады. Бірінші орын Нұр-Сұлтан қаласынан келген Еркебұлан Қайназарға бұйырса, Рүстем Қайыртайұлы мен Мейірбек Сұлтанхан екінші орынға ие болды. Үшінші орынды Нұрзат Қару, Төлеген Жаманов, Серік Қуанған, Шұғайып Сезімхан және Тілеген Әділов бөлісті. Сонымен қатар шымкенттік Қалижан Білдәшқа Қожаберген атындағы, солтүстікқазақстандық Жұмабек Рахимовқа Мағжан Жұмабаев атындағы, Алматы қаласынан келген Қазірет Бердіханға Ғабдолбәри қари атындағы арнайы жүлде табысталды.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суреттерді түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.