Облысымыздың құрметті азаматы, еңбек ардагері Жақсылық Ысқақовтың 90 жасқа толуына орай Оқушылар сарайында “Өмірдің жарқын беттері” атты конференция өтті. Салтанатты шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Жақсылық ағамыздың өмір жолы жас ұрпаққа үлгі. Тәжірибесі мен білімі бүгінгі басшыларға табылмас қазына десек артық болмас. Ағамыздың балалық шағы соғыстың қиын жылдарына дөп келді. Жәкеңді шыңдаған да сол ауыр еңбек. Жап-жас балалар үлкендермен бірге ауылдағы қара жұмысқа білек сыбана кірісті. Тың игеру кезінде еңбек жолын агроном болып бастады. 1975-1985 жылдардағы өңіріміздің ауыл шаруашылығындағы жетістіктері Жәкеңнің есімімен тікелей байланысты. Ол қазірдің өзінде қоғамдық өмірге белсене араласып, өзінің мол тәжірибесін жастармен бөлісуде, – деген өңір басшысы мерейтой иесіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын табыс етті.
Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов пен мемлекет және қоғам қайраткері Болат Жылқышиев, мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің келіні Фатима Садыққызы, генерал-лейтенант Абай Тасболатов, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғалымқайыр Мұтанов, қоғам қайраткері Қуат Есімханов, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Зейнолла Олжабаев мерейтой иесіне ақжарма тілектерін арнап, иығына шапан жапты. Құттықтаушылар Жақсылық Ысқақов қай жерде, қандай қызметте жүрсе де өзінің салиқалы ойы, тұшымды пікірімен танылып, туған елдің мәртебесі мен мерейі үшін адал қызмет етудің, өнегелі жолын көрсете білгенін жарыса айтты.
Жақсылық Ысқақов 1932 жылы Есіл ауданының Бұлақ ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтын, Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын аяқтаған. Еӊбек жолын Полудино машина-трактор станциясында агроном болып бастап, облыс басшысы қызметіне дейін көтерілген. Қызмет барысында “Ленин”, “Құрмет” белгісі”, “Еңбек Қызыл Ту”, “Халықтар достығы”, “Парасат” ордендерімен, “Ерен еңбегі үшін” медалімен марапатталған.
– Мен аштық жылдарында дүниеге келгенмін. Балалық шағым қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді. Сол кезде халықтың қарнын тойдырып, жағдайын жақсартпақ ниетпен агроном болғым келді. Осы саланың отымен кіріп, күлімен шықтым. Құдайға шүкір, бүгін көрсетіліп жатқан құрмет сол еңбектің өтеуі шығар. Менің жасыма келіңдер! – деп Жақсылық Қабдоллаұлы ақ батасын берді.
Салтанатты шара облыстық филармония әртістері мен шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.