«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Сарқылмас қазына

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облысымыздың құрметті азаматы, еңбек ардагері Жақсы­лық Ысқақовтың 90 жасқа толуына орай Оқушылар сарайында “Өмірдің жарқын беттері” атты конференция өтті. Салта­натты ша­раға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, құттықтау сөз сөйле­ді.

– Жақсылық ағамыздың өмір жолы жас ұрпаққа үлгі. Тәжірибесі мен білімі бү­гінгі басшыларға табылмас қазына десек артық болмас. Ағамыздың бала­лық шағы соғыстың қиын жылдарына дөп келді. Жәкеңді шыңдаған да сол ауыр еңбек. Жап-жас балалар үлкен­дермен бірге ауылдағы қара жұмысқа білек сы­бана кірісті. Тың игеру кезінде еңбек жолын агроном болып бастады. 1975-1985 жылдардағы өңіріміздің ауыл шаруашы­лығындағы жетістіктері Жәкеңнің есімі­мен тікелей байланысты. Ол қазірдің өзінде қоғамдық өмірге белсене арала­сып, өзінің мол тәжірибе­сін жастармен бөлісуде, – деген өңір басшысы мерей­той иесіне Президент Қасым-Жомарт То­қаевтың құттықтау хатын табыс етті.

Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов пен мемлекет және қоғам қайраткері Болат Жылқышиев, мемле­кет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің келіні Фатима Садыққызы, гене­рал-лейтенант Абай Тасболатов, Ұлттық ғылым академиясының акаде­мигі Ғалымқайыр Мұтанов, қоғам қай­раткері Қуат Есімханов, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Зей­нолла Олжабаев мерейтой иесіне ақ­жарма тілектерін арнап, иығына шапан жапты. Құттықтаушылар Жақсылық Ысқақов қай жерде, қандай қызметте жүрсе де өзінің салиқалы ойы, тұшымды пікірімен танылып, туған елдің мәртебесі мен мерейі үшін адал қызмет етудің, өнегелі жо­лын көрсете білгенін жарыса айтты.

Жақсылық Ысқақов 1932 жылы Есіл ауданының Бұлақ ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік ауыл шаруа­шылығы институтын, Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясын аяқтаған. Еӊбек жолын Полудино машина-трактор станциясында агро­ном болып бастап, облыс басшысы қыз­метіне дейін көтерілген. Қызмет бары­сында “Ленин”, “Құрмет” белгісі”, “Еңбек Қызыл Ту”, “Халықтар достығы”, “Парасат” ордендерімен, “Ерен еңбегі үшін” ме­далімен марапатталған.

– Мен аштық жылдарында дүниеге келгенмін. Балалық шағым қиын кезеңдермен тұспа-тұс келді. Сол кезде ха­лықтың қарнын тойдырып, жағдайын жақсартпақ ниетпен агроном болғым келді. Осы саланың отымен кіріп, күлі­мен шықтым. Құдайға шүкір, бүгін көрсетіліп жатқан құрмет сол еңбектің өтеуі шығар. Менің жасыма келіңдер! – деп Жақсылық Қабдоллаұлы ақ бата­сын берді.

Салтанатты шара облыстық филармония әртістері мен шығармашылық ұжымдарының концерттік бағдарлама­сына ұласты.

Бектұрған ЛАҚАДЫЛ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp