Парламент Сенатының депутаттары Ерік Сұлтанов пен Ольга Перепечина өңірге жұмыс сапарымен келіп, тұрғындармен жүздесті. Сенаторлар алдымен бас шаhарда орналасқан “SMB GROUP Family” компаниясында болды. 2005 жылы құрылған компания жылжымайтын мүлікті жалға беру, жалға алу, әртүрлі тауарларды көтерме-бөлшек түрінде сату, мамандандырылған техникалық қызметтер ұсыну сияқты қызметтермен айналысып келсе, осыдан екі жыл бұрын жаңа бағытқа бет бұрды. Атап айтқанда, биг-бегтер, яғни, үлкен қаптар, жұмсақ контейнерлер, крафт-қаптар шығаратын зауытты іске қосты.
Бұдан бөлек, тоқыма цехы салынды. Серіктестіктің бас директоры Мұқан Сәдуов қонақтарды өндіріс ошағының қазіргі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Зауыт жылына 1,2 млн. дана биг-бег, 12 млн. дана пропилен қап, 78 млн. қағаздан жасалған крафт-қап шығаруға қауқарлы. Жобаның құны – 600 млн. теңге. Инвестиция кезең-кезеңмен құйылып, жалпы көлемі 6 млрд. теңгеге дейін жетпек. Арнайы құрылғылардың көмегімен дайындалатын үлкен қаптың орташа сыйымдылығы – бір тоннаға жуық
Халық қалаулылары өндіріс ошағының әлеуетін сұрастырып-білді. Ресей мен Украина арасындағы қақтығыстың салқыны отандық компанияларға тиіп жатқаны жасырын емес. Дегенмен Мұқан Сәдуов үлкен қаптарға елімізде сұраныс жоғары, ол цемент, құм секілді құрылыс материалдарын тасымалдауға өте қолайлы екенін айтты. Ресей рублінің құнсыздануына байланысты шекараның арғы бетінен жеткізілетін тауарлардың бағасы арзандап, отандық өнімге деген сұраныс азайып кете ме деген де үрей жоқ емес. Ең бастысы, шикізат жағынан шетел нарығына тәуелді емес. Өнімді сатуға келгенде қиындық бар. “Теңізшевройл” компаниясымен келіссөздер жүргізілгенімен, нәтижесіз. Осы себепті нақты қолдау керек екені айтылды.
– Менің атыма жазбаша өтініш түсіріңіздер. Қолдан келгенше көмектесеміз. Бұл мәселені Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярға жеткіземіз. Қаражатты сыртқа шығармай, өзімізде қалдырған маңызды. Ресей қант пен бидай экспортын тоқтатты. Күнделікті сұранысқа ие азық-түлік тағамдары қажеттілікке қарай сатып алынса, ешқандай жетіспеушілік те, қымбатшылық та болмайды. Дүрбелеңге салынуға еш негіз жоқ, – деді еңбек ұжымымен кездесуде Ерік Хамзаұлы. Жұмысшылар өздерін толғантқан өзге де мәселелерді ортаға салды.
Бұдан кейін сенаторлар “Cool Infinity” зауытына барып, термос-вагондар өндірісі желісімен танысты. Мұнда изотермиялық вагон-термос және рефрижератор вагондар құрастырылады. Ол тез бүлінетін көкөніс, жеміс-жидек түрлерін тасымалдауға арналған. 120 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілген. Орташа жалақы 250 мың теңгеден айналады. Жылына 1,5 мың термос-вагон шығару белгіленген. Аумағы 145 текше метрді құрайтын платформа 58 тоннаға дейін жүк тасымалдай алады. “Алғашқы жылы пайда 1,5 млрд. теңге болған екен. Былтырғы көрсеткіш – 5 млрд. теңге. Биыл 10 млрд. таза табыс табуды жоспарлап отыр екенсіздер. Қазақстандық үлес – 50-60 пайыз, жаман емес. Ал бағаның құбылуы, өсуі әлемдік трендке айналып кеткендіктен, әсер ету қиын. Бірақ оны тежеуге болады. Оған қатысты Президент берген тапсырмалармен тисті республикалық ведомстволар айналысуда”, – деді Парламент Сенатының депутаты Ерік Сұлтанов.
Сенаторлар ауылдарға жұмыс сапарын Тимирязев ауданынан бастады. Мұнда алдымен жалпы білім беретін Тимирязев мектеп-гимназиясына соқты. Бас мердігер “ГрадСтройСервис” құрылыс компаниясы білім үйіне 207 млн. теңге жұмсап, күрделі жөндеу жүргізген. Депутаттар денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысты. “ТаразҚұрылыс Инвест” ЖШС-ның өкілі Мұхаметжан Құрымбаев былтыр “Ауыл – ел бесігі” бағдарламасы шеңберінде нысанның тұрғызыла бастағанын, жоба құны 449 млн. теңгені құрайтынын жеткізді.
Мәртебелі меймандар жұмыс сапарын Шал ақын ауданында жалғастырды. Аудан орталығының жанында Жәнібек Есілбаев жетекшілік ететін “ЖаңаГрупп” ЖШС-ы тауарлы-сүт фермасын салумен айналысып жатыр. Мерген ауылында да жан сүйсінетін жағымды жаңалықтар аз емес. “Гермес Агро” серіктестігінің директоры Сергей Окуневтың жерлестеріне жасап жатқан қамқорлығын санамалап шығудың өзі қиын. Елді мекенде астықты тазалап, құрғататын, сақтайтын кешен, “Жастар” спорт орталығы, наубайхана, түшпара цехы жұмыс істейді. Енді Сергей Викторовичтың диірмен салмақ ойы бар.
Халық қалаулылары Приишим ауылдық округіне қарасты Бірлік ауылында болып, тұрғындармен кездесу өткізді. Онда Президент Жолдауының басым бағыттары түсіндіріліп, еліміздің алдында тұрған маңызды міндеттерге баса назар аударылды. Өтініш-тілектер мұқият тыңдалып, жеке бақылауға алынатын болды.
Парламент Сенатының депутаттары Жамбыл ауданының Қайранкөл ауылында бой көтерген мәдени-демалыс орталығының жұмысымен танысты. Бұрынғы балабақша нысанын қалпына келтіруге 128,5 млн. теңге бағытталып, жастар көңіл көтеретін орынға айналдырылған. Жалпы аумағы – 586 шаршы метр. Бұл жерде спортпен де айнылысуға болады. Ал “Алисарай” ЖШС-ы 600 бас сауын сиырға арналған тауарлы-сүт фермасын пайдалануға бермек. Жобаның құны – 1,8 млрд. теңге. 512 бас симменталь тұқымды қашар Германиядан, құрал-жабдықтар Түркиядан әкелінген.
Өмір ЕСҚАЛИ,
“Soltüstık Qazaqstan”.