«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ҰЛЫҚ МЕЙРАМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Петропавлда биыл наурыз мейрамы бар сән-салтанатымен бірнеше күн бойы тойланды. Айрық­ша күтетін ұлық мейрамда қала тұрғындары мен қонақтарына қызықты бағдарла­малар ұсынылды.

Негізгі мерекелік іс-шара Пет­ро­павлдағы орталық алаңда өтті. Ұлт­тық нақыштағы оюлармен көм­керілген киіз үйлер тігіліп, түрлі та­ғамдар әзірленді. “Әз-Наурызым, армысың!” атты концерттік бағдар­лама, “Qyzyljar – шеберлер ме­кені” атты қолөнершілердің респуб­ли­­калық фестивалі және биыл мерейтойлары аталып өтіле­тін Мұх­тар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шәймер­денов, Кәкімбек Са­лықов сияқты тұлғалардың құр­метіне арналған көрме және сауда жәрмеңкесі ұйым­дастырылды.

Қолөнершілер фестиваліне рес­публикамыздың 10 облысынан және Алматы мен Нұр-Сұлтан қа­ласынан 28 шебер жи­налды. Тұр­ғындар киіз үйлерде қолөнершілердің төл өнімдерін тамашалап қана қоймай, сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Со­нымен қатар ше­берлік сағаттары да ұйымдас­ты­рылды.

– Бүгінде бала тәрбиесіне бай­ланысты демалыстамын, алайда қол қусырып отырмайын деп, қол­өнермен айналысудамын. Төркөр­­пелер, қыздың жабдығы, құда­лыққа арналған қалталар, сырға са­луға арналған жиынтықтар дайын­даймын, “тәй-тәй”, “Ақ жол” төсе­ніштерін тігемін. Солардың бі­разын осы көрмеге әкелдім, – дейді шебер тігінші Қорлан Жа­кина.

Есімдері елімізге танымал эст­рада жұлдыздары Нұрлан Абдул­лин мен Дәурен Оразбеков, Ақан сері атындағы облыстық филармонияның өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, теріскей­лік тұрғындарға ерекше көңіл күй сый­лады. Ташкенттен келген цирк өнерпаздары арқанның үсті­мен жүріп өтті.

– Екі жыл қатарынан концерт болмады. Пандемия басталғалы той тойлаудан қалдық қой. Ұлыс оң болып, осы бір індеттен бір­жола құтылсақ екен деп тілеймін. Әз-Наурызды мерекелеп, бір сер­піліп қалдық, – дейді қала тұр­ғыны Әлі­бек Мұратжанов.

Бұл күні қалалықтар мен мей­мандар назарына спорттық ойын­дар да ұсынылды. Жілік жарудан жа­рыс, қазақ күресі, қой көтеру, асық ату, тоғызқұмалақ, гір спор­ты, эс­тафеталық ойындар да ме­рекенің сәнін кіргізе түсті. Жілік сын­дырған жігітке 17 мың теңге сыйақы, ал қойды ең көп көтерген азамат­қа сол қойдың өзі мен жеңімпаз белдігі табысталды. Әр спорт түрі бойынша үздік атанған­дарға сый­лықтар тапсырылды.

Қала тұрғындары мен қонақта­рына арнап қара күштің иесі Сер­гей Цырульников пен “Street Workout” бойынша Қазақстан Рес­публика­сының бас бапкері Айтым Жақыпов өнер көрсетті.

Күннің салқындығына қара­мас­тан, мейрамды тойлауға жиналған халықтың қарасы қалың болды.

Рабиға ЕРАЛЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp