«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“Ақиқат” қалай құрылды?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Адам өткенді тез ұмытады. Кешегі уақиғаларды айтсаң, жастар аузын ашып тыңдайды. Оларға ертегі сияқты. Мысалы, КСРО кезінде, әсіресе ХХ ғасырдың 90-шы жылдары дүкенде ет, сүт жетіспеді десең, сенбей қарайды. Кейбіреулерге Тәуелсіздік аспаннан түскендей болып көрінеді. Мен өңірдегі бірден-бір ұлттық басылым оқырмандарына қазақтың жас ғалымдары құрған “Ақиқат” бейресми қоғамдық бірлестігі туралы әңгімелеп бермекпін.

Баршаға белгілі, 1985 жылы ком­мунистік партия орталық комитетінің бас хатшысы болып Михаил Гор­ба­чев сайланды. Ол таққа отырысы­мен “перестройка – бетбұрыс” сая­сатын жариялады. Оны “гласность – жариялылық” деп те атап жүрді. Осын­дай саяси өзгерістердің арқа­сын­да кең-байтақ кеңес елінде “сая­си жылымық” пайда болды, бұл Ни­кита Хрущев дайындаған реформа­лардан әлдеқайда терең еді. Содан болар, барлық жерлерде тәуелсіз топ­тар құрылып, өзіндік құрылым тү­рінде қалыптаса бастады. Оның бір ұшы­ғы өзіндік үні, көзқарасы бар сая­си-қоғамдық ұйымдардың мүлдем аздығына келіп тірелетін. Өйткені ста­линизм зардабын бастан өткіз­ген, сыңаржақ идеологиямен тұм­шаланған халық Михаил Горбачев, Борис Ельцин қолға алған жаңаруға әлі де болса тосырқай қарайтын. Қор­қу сезімінен арылмаған кез. Соған қарамастан ұлт тағдырын, ел бола­шағын ойлайтын отаншыл жас жігіт­тер өз ойларын ашық айтып сананы оятуға тырысты.

Көпшілік арасында 1960-1970 жыл­дардағы диссидент Махмет Құл­мағамбетовтің есімі соншалықты та­нымал еместі. Осы кезде саясат сах­насына “Ақиқат” ұйымы көтеріліп, өт­кір ойларымен, бағалы ұсыныстары­мен биліктің де, жұртшылықтың да назарын бірден аударды. Бастапқы кезеңде жасырын түрде атқарылған жұмыстар көзге көрінбей, елеусіздеу қалса да, оның мүшелері қарапа­йымдылық қалпынан айнымады. Басты ұстанымы халықтан жасырыл­ған тарих ақтаңдақтарын сту­денттерге, жұмысшы жастарға түсін­діріп, көздерін ашу болды. КОПК-ның әмірі жүріп, түкірігі жерге түспей тұрғандықтан, билік тізгіні Мәскеуде шоғырланғандықтан, алды-артын аңдап, байқап сөйлеуге тура келетін. “Үш әріп” те аңдумен, әр сөзден сая­си астар, ілік іздеумен қатты айналы­са­тын. Негізгі штаб Абай атындағы қа­зақ педагогикалық институтында (қазір университет) орналасты. Бас­тапқыда институт оқытушылары Жасарал Қуанышалин, Дос Көшім үшеуіміз кездесіп, демократиялық өзгерістерге, егемендікке, қазақ ті­ліне қатысты мәселелерді талқылап жүрдік. Кейін қатарымызға физика факультетінен Қамал деген жас ұстаз қосылды.

“Коммунистік” деп аталатын идео­логияға қатты сенетін студенттер тү­гіл білімді, алғыр ойлы зиялы қауым өкілдерімен тіл табысу өте қиынға соқты. Бәріміздің кеңестік насихат аясында өскеніміз рас. Бірақ ескіні көрген, оқыған-тоқығаны көп, өмірлік тәжірибесі мол ұстаздардан дәріс алып, жеке әңгімелесулер кезінде ат­тарын атауға тыйым салынған Ахмет Байтұрсыновтың еңбектері, Мағжан­ның шығармашылығы, тағы басқа тұлғалар, Алаш арыстары туралы азды-көпті ақпарат алғандықтан, шындықтың шырайын түлетуге ұм­тыл­дық. Деканымыз, тамаша ұстаз, профессор Қадыршат Шүлембаев бастамамызды қолдап, әркез ақыл айтып жүрді. Оның үстіне 1986 жыл­ғы әйгілі Желтоқсан көтерілісіне қатысқан тәжірибеміз бар. Жасарал мен Дос та қайнаған оқиғаның ор­тасында болған.

Әміршіл-әкімшіл орталықтың қа­зақ­тың өрімдей ұл-қыздарына жа­саған қиянаты мен озбырлығы жүре­гімізге шемен болып қатып қалған. Әлі есімде, 1986 жылдың аяғында институт ұжымымен кездесуге Қа­зақ­стан компартиясы орталық ко­ми­тетінің идеологиялық мәселелер жө­ніндегі хатшысы Зақаш Камалиде­нов келді. Түрі қатулы, адам шо­шыр­лық, түтігіп кеткен. Айтқан сөздері миымызға тікендей қадалды, баяғы “ұлтшыл”, “маскүнем”, “нашақор” де­ген қаралаулар. Шыдамай кеттім. Ақ параққа бұл айыптаулар еш ақылға сыймайды деген мағынада хат жа­зып, сұрағымды ретін тауып жібер­дім. Басқа да сауалдар түсіп жатты. Бір кезде хатшының жүзі сұрланып, “Вот где сидят националисты!” – деп дүрсе қоя бергені. Жиыннан соң сый­лас ағамыз әрі әріптесім, тамаша тарихшы Қамбар Атабаев “байқап жүр” дегендей сақтандырды. Әттең, арамыздан ерте кетті.

Шыны керек, З.Камалиденовтің өктем сөйлеуінен соншалықты ыға қой­мадым. Себебі архивте көп жұ­мыс істегендіктен, сталиндік зоба­лаң­ның қасіретін бір кісідей білетін­мін. Тың деректерді оқыған сайын төбе шашым тік тұратын. Ол мәлі­мет­терді барынша таратуға тырыса­тынмын. Архивист ғалым Марат Ха­санаевпен таныстым. Ол да отан­шыл азамат болатын.

* * *

1988 жылы мен кезекті еңбек де­малысын алып, біраз аунап-қунап қай­тайын деген оймен елге келген­мін. Бірде комсомолдың орталық комитетінде жұмыс істейтін досым Алмат Мурзинмен хабарлассам, “Қай­да жүрсің? Біз сені іздеп жа­тыр­мыз”, – деп дегбірсіздене тіл қатты да, “Алматыға тез жет! Ақылдасатын шаруалар бар”, – деді. Уәделі мер­зімде келдім. Алмат мені бөлім мең­герушісі Жанболат Байжановқа алып кірді. Ол асықпай отырып: “Бү­ке! Осы БАҚ, телеканалдарға шы­ға­тын қоғамдық бірлестік құрсақ қай­теді? Талантты, алғыр жастарды жи­нап жі­берсең!” – деген өтінішін айт­ты. Жер­ден жеті қоян тапқандай қуа­нып кет­сем де, сыр білдірмедім. Мұ­ның ал­дында “Ақиқат” атты бейрес­ми бір­лестік құрып, қоғам ағымына сәйкес келе бермейтін “жат пиғыл­ды” істер­мен айналысып жүргенде Жасарал, Дос үшеумізді институт парт­комына (Жасарал екеуміз пар­тия мүшесіміз) шақырып алып, “бұл әрекетті тоқта­тыңдар” деген тұрғыда қатқыл әңгіме өрбіген. Біз де ел тағ­дырын, халыққа жасалған әділетсіз­дікке қатысты нақ­ты фактілер келті­ріп, жастық жалы­нымыз атойлап са­ла берген. Алған бе­тімізден қайтпай­тынымызды аң­ғар­ды білем, үшеу­міз­ді Алматы қалалық партия коми­теті­нің идеология жөніндегі хатшысы Шә­ріп Омаровқа алып барды. Шәкең өзіне тән ақкөңіл мінезімен “Жігіттер, бірдеме бүлдіріп жүрмеңдер”, – де­гендей басу айтқан болды. Оның жа­нында екі адам отырды. Партия, ком­сомол қызмет­кер­леріне ұқсамайды. Соған қара­ғанда “үндеместер” болу керек.

Аптасына екі-үш рет архивте кеш­ке қарай жиналамыз. ҚазМУ-дың та­рих факультетінен Жанат Дүтбаев, Асқар Тұрғанбаев, журналистикадан Қайрат Сақ келіп тұрды. Жанболат Бай­жановпен кездескеннен кейін кө­леңкеден шығып, ойымызды ашық ай­туға мүмкіндік туды. Қатарымызға математик Асқар Жұмаділдаев, заң­гер Зайлағи Кенжалин, Ғылым ака­демиясынан тарихшылар Жапсар­бай Қуанышев, ҚазМУ-дан Камал Бұр­ханов, жоғары оқу жүйесінен Әзім­бай Ғали келіп қосылды. Ол кез­де “Қазақстан” арнасы ғана болатын. “Ақиқат” телеклубын Нұртілеу Иман­ғалиұлы, Ләззат Сапақова, Яхия дей­тін журналистер дайындайтын. Осы­лайша ашық алаңға ат қондырып, Алаш тарихы бойынша көптеген мәліметтер таратылды. Балтық елі республикаларында болып жатқан демократиялық құндылықтар, КСРО-да басылмаған, шетелде шық­қан (Ұлыбритания, Кембридж) “Қа­зақ­тар, орыстар туралы” деген жи­нақ жайлы кеңінен түсіндірілді. Алаш қайраткерлері, сырттағы қазақ диас­порасы жайлы мақалаларымыз рес­публикалық газет-журналдарда жа­рия­ланды. Телеарна, басылымдар­да болсын өзекті мәселелер бо­йын­ша алмас қылыштай жарқылдаған өткір ойлармен, буырқанған сезім­дермен алмасатынбыз.

Ұмытпасам, 1989 жыл болу керек, Мәскеу аудиториясына шығу жөнін­де ұсыныс түсті. Ол жақта рефор­ма­тор­лар (А.Яковлев, Э.Шеварнадзе) мен консерваторлар арасындағы кү­рес шиеленісе түскен. Баяғы құрам­мен (Асқар, Әзімбай, Дос, Жасарал) орыс тілінде тікелей эфир ұйымдас­тырыл­ды. Республикаларға егемен­дік беру, ана тілі, көппартиялық жүйе орнату, экономикалық дербестік, де­порта­ция­­ға түскен халықтарды еліне қай­та­ру мәселелері қозғалды. Кейін қа­та­ры­мыз Алтынбек Сәрсенбаев­пен, Дар­­хан Мыңбаймен толықты. Жұ­мыс­­та не көшеде кездесіп қалған кей аға­ла­рымыз “Сендердікі қате, не боп­са­лап жүрсіңдер? Аналар әлі қай­тып ке­леді. Босқа күйіп кетесіңдер”, – деп ұр­са­тынды шығарды. Қолы­мыз­ды қы­сып, “Дұрыс!” – дейтіндер де табыл­ды. Кө­бінесе студент жастар қостайтын.

1989 жылы Жаңаөзенде қақтығыс болғанда жанымда Жасарал, Әзім­бай бар, Жазушылар одағына жина­лып, Мәскеуге, орталық комитетке те­леграмма салдық. Басты талабымыз – тұрғылықты халыққа зәбір көрсет­пеу, әлеуметтік жағдайларына қара­су. Бүкілодақтық комсомол ұйымы­нан шығу жарғысын әзірлеп, Қазақ­стан комсомол съезі бекітті. Сол кез­де бізге Иманғали Тасмағамбетов көп көмектесті.

* * *

Тәуелсіздік таңы атпаса біздің тағ­дырымыз қалай болар еді деп ой­лай­мын кейде. Менімен қоян-қолтық жүр­ген жігіттер, бүгінде ел азамат­тары, қоғам қайраткерлері. Жасарал Қуа­ны­шалин Мәжіліс депутаты ре­тін­де саяси өмірге қызу араласты. Дос әлі де демократияны дамыту үс­тінде. Зай­лағи Кенжалиев – заң ғы­лы­мы­ның докторы. Асқар Жұмаділ­даев – бел­гілі математик, академик. Жап­сар­бай мен Дархан біраз жыл Прези­дент әкімшілігінде еңбек етті. Дархан Мыңбай министр, депутат болды.

Бүркітбай АЯҒАН,

мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының докторы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp