«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЗАҢ ТАЛАБЫ БӘРІНЕН ЖОҒАРЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев “Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы” Жолдауында құқық қорғау институттарын күшейту мәселелеріне айрықша басымдық берді. Мемлекет басшысы атап өткендей, Конституцияның ең жоғары заңды күші бар және ол республиканың бүкіл аумағында тікелей қолданылады. Алайда, жасыратыны жоқ, белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беруде қиындық тудыратын жайттар кездесіп жатады. 

Осыны ескере отырып, Президент елімізде Конституциялық сот құруды ұсынды. Иә, Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде, атап айтқанда, 1995 жылға дейін мұндай орган жұмыс істеп, нормативтік актілердің Ата заңымызға сай келуін қадағалаған. Ол 1992 жылы 6 маусымда қабылданған “Қазақстан Республикасының Конституциялық соты туралы” Заңы негізінде құрылып, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 2 шілдедегі қаулысымен құрамы 11 адамнан жасақталған болатын. 1993 жылғы Конституцияға сәйкес Конституциялық сот сот билігінің жоғары органы болып табылды. Оған Ата заңымызды қорғау және оның мәртебелілігін қамтамасыз ету міндеті жүктеліп, Қазақстан Республикасы Президентінің, Министрлер кабинеті мүшелерінің, Жоғарғы Сот пен Жоғарғы Төрелік сот төрағаларының, Бас прокурордың, Қазақстан Республикасы дипломатиялық, өзге де өкілдіктерінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы қорытынды беру, азаматтардың конституциялық құқығына қатысты құқық қолдану тәжірибесінің Конституцияға сай келуі туралы істерді қарау, тиісті заңда көрсетілген нақты мәселелер бойынша іс қозғау, тағы басқа құзыреттер берілді.

1995 жылғы Конституцияға сәйкес Конституциялық соттың орнына сот жүйесіне кірмейтін Конституциялық кеңес құрылды. Бұл орган түрлі құқық нормаларын ресми түсіндіріп, белгіленген конституциялық рәсімдердің сақталуы туралы қорытынды бергенмен, азаматтар түрлі түсініктемелер алу үшін оған тікелей жүгіне алмайтын. Тек Президент пен Парламент қана жүгіне алатын. Көптеген елдерде конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам сауал жолдай алады. Өйткені оған конституциялық бақылау сияқты ерекше құқық берілген. Сондықтан осы жүйеге оралу Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етеді деген үміттеміз. Сондай-ақ Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілге де Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін беру әділ әрі құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды қадам болып саналады. Әрі институционалдық тұрғыдан тепетеңдікті сақтауға ықпал етіп, сонымен қатар азаматтарымыздың конституциялық құқығының қорғалуын жақсарта түсері анық.

Құқықтық мемлекеттің маңызды шарты – әділ сот төрелігін қалыптастыру, қоғамның сот жүйесіне деген сенімін орнықтыру. Сот билігі Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзіне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғауды мақсат етіп қояды. Осыған орай азаматтардың мүддесіне қызмет ететін құқық қорғау және сот жүйелерін жетілдіру, заңдылық пен әділеттілікті қамтамасыз ету, сот жұмысына кәсіпқой кадрларды тарту, дау-дамайды шешудің баламалы түрлерін дамыту бағытында мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнамалар жетілдіріліп, судьялар корпусын даярлау және іріктеу ісі нығайтылды. Бюджетке, зейнетақы қорына, жер мәселелеріне, рақымшылық жасауға, сайлауға қатысты заңнамаларға түзетулер енгізілді. 2021 жылы шілдеден бастап Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді. Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соттар құрылды. Олардың негізгі міндеті – азаматтар мен бизнестің құқықтарын мемлекеттік органдардың теріс пайдаланушылығынан қорғау. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында “Рақымшылық туралы” Заңға орай сотталған 2 мың және 11 мыңнан астам пробациядағы азаматтың жазасы жеңілдетілді. Бір мыңға жуық адам бостандыққа шықты. 2021 жылы 20 желтоқсанда Президент “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы” Заңға қол қойды. Ондағы мақсат – дауды немесе жанжалды шешудің соттан тыс тәртібін, оның ішінде татуластыру рәсімдерін қолдана отырып дамыту. 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап істі кассацияға беру, болмаса бермеу туралы мәселені бұрынғыдай бір судья емес, Жоғарғы Соттың үш судьясы ашық отырыста шешетін болады. Былтырдан бері әкімшілік әділет жүйесі жұмыс істей бастады. Бұл құрылым мемлекеттік аппарат пен азаматтардың өзара қарым-қатынасын жаңадан қалыптастырды. Үш буынды модель енгізілгеннен кейін сот қызметі жаңғыртылды. “Үлгілі сот” жобасы шеңберінде жұмыс одан әрі жалғастырылды. Сот актілерінің жобаларын дайындау бойынша “Робот” бағдарламасы енгізілді. Бірыңғай сот тәжірибесін қалыптастыру үшін “Digital Analytics” бағдарламасы әзірленді.

Жолдауда барлық деңгейдегі соттар тәуелсіз, ашық және кәсіби болмаса, заң үстемдігін қамтамасыз ету мүмкін еместігі атап көрсетілді. Шынында да, сот және құқық қорғау жүйесіндегі кешенді реформалар адамдардың құқықтарын қорғаудың және олардың қауіпсіздігін күшейтудің басты факторы екені талассыз. Судьялардың заңды және ішкі сенімді басшылыққа алып, шешім шығару құқығы тәуелсіз сипатқа ие. Соттың атқарған сан-салалы жұмысы және заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесінде жергілікті соттарға келіп түскен істердің азайғаны байқалады. Мысалы, азаматтық істер бойынша былтыр сот орындаушыларының 137655 қаулысы санкцияланды. Татуластыру рәсімдерін қолданумен аяқталған істердің жалпы саны – 1341. Қылмыстық ақтау үкімдерінің саны артып, жазалау практикасы біршама қатаңдатылды. Тараптардың татуласуына байланысты – 78 іс, медиация тәртібімен 31 іс тоқтатылды. Жазаның өтелмеген бөлігін неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру жөніндегі өтініштердің 69-ы қанағаттандырылды. Аппеляциялық және кассациялық тәртіппен бірінші сатыдағы соттарда қаралған 53 адамға қатысты үкім жойылып, өзгертілді.

Азаматтық істер бойынша 13374 өтініш келіп түссе, 28,5 пайызы кейін қайтарылды. Соттардың шешім шығаруымен 5629 іс қаралды. Сотқа дейінгі хаттама институтының енгізілуі тараптардың сотқа шағым бергенге дейін дәлелдемелер жинауға деген жауапкершілігін арттырды, кәсіби медиатордың араласуымен 134 дау ойдағыдай шешілді. Шағымданған сот актілері үлес салмағының артуы істердің күрделігіне тікелей байланысты. Қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі отбасылық құндылықтарды қорғауға қатысты дер едік. Бүгінде ажырасу әлеуметтік проблемаға айналып отыр. Бұл жөнінен Қазақстанның әлемдегі он елдің қатарына енуі өкінішті. Адам өміріндегі отбасының рөлі мен орнын жастар түсінгені абзал. Өйткені мықты және бақытты отбасы еліміздің өркендеуінің негізі болып табылады. Соңғы жылдары Жоғарғы Сот отбасы институтын нығайту бағытында бірқатар ұсыныстар енгізді. Сондай тиімді шаралардың бірі – отбасылық соттар құру туралы пилоттық жоба. 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап барлық жария-құқықтық даулар әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен реттеледі.

Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот 111 іс бойынша шешім шығарып, 80 талап-арыз қанағаттандырылды. Бұл салада кадр іріктеудің жаңа жүйесі енгізіліп, сот үдерісі мен рәсімдерінің ашықтығы арта түскеніне бірер мысал келтіре кетейін. Бір азаматтың ауыл әкімдігіне кандидат болып тіркелу туралы өтінішін Қызылжар аудандық сайлау комиссиясы қабылдамаған. Бірінші сатыдағы сот “Сайлау туралы” заңның талаптарын ескере отырып, шағым иесінің талабын қанағаттандыру жөнінде шешім шығарып, құқығы қалпына келтірілді. “Транснефть контур проект” ЖШС-ы басшылығының құрылыс нысандарына жүргізген тексеруді заңсыз деп тану жөніндегі талабы оң шешімін тапты. А. деген қала тұрғынының үйге кезекке қою туралы талап-арызы татуласумен аяқталды.

Жолдауда Жоғарғы Сот кеңесі Президенттің соттарды жасақтау жөніндегі конституциялық өкілеттігін қамтамасыз ететініне, сондай-ақ судьялардың тәуелсіздігіне және оларға ешкімнің қол сұқпауына кепілдік беретініне, бұған конкурстық рәсімдерден онлайн трансляция жасау арқылы қол жеткізуге болатынына үлкен маңыз берілді. Жоғарғы Сот кеңесі сот жүйесінің ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін жүзеге асыратын мемлекеттік орган болғандықтан, оның қызметі қоғам үшін толық ашық болады деген сенімдеміз.

Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот ісін жүргізу алқабилердің қатысуымен жүзеге асырылады. Алқабилер сот төрелігін жүзеге асыруға қоғам өкілдері үшін кеңінен жол ашады. Жалпы бұл институт қазақ қоғамы үшін жат емес. Өткен тарихымызға көз жүгіртсек, небір даулар ауыл ақсақалдарының араласуымен, төрелігімен әділ шешіліп отырғанын байқаймыз. Олар шығарған үкім талас тудырмаған. “Тура биде туған жоқ” деп текке айтылмаған. Қазақстан егемендік алған соң демократиялық, зайырлы, құқықтық жолды таңдап, 2006 жылы сот жүйесінде алқабилер соты орнықты. Арнайы заң қабылданды. Ондағы мақсат – сот жүйесінде демократиялық талаптарға жол ашу, сот отырысындағы ашықтықты қамтамасыз ету. Алқабилер тек аса ауыр қылмыстарға ғана қатысып, сот солардың кесімі негізінде айыпталушының кінәлі немесе кінәсіздігі туралы үкім шығарады. Бұл жаңашылдық сот жүйесін одан әрі жетілдіруге, қоғамның сенімін нығайтуға мүмкіндік береді.

Жолдаудағы саяси реформалардың бір бөлігі әділ сот төрелігін орнықтыруға, қоғамның соттарға деген сенімін арттыруға бағытталған. Президент белгілеп берген жаңа нормаларды жүзеге асыру – басты міндетіміз.

Ербол ЖАНҒАЗИН,

облыстық соттың төрағасы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp