«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бір-бірімізге сенуден қалып барамыз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Дүкенге барып зат аларда алдымен оның қайдан, қашан шыққанын білгі­міз кеп “Қай жердің өнімі?” немесе “Қай­да өндірілген?“ деп сұрап жата­мыз. Кімнің өнімінің өтімді, қай жерде сапалы шығарылатынын қанық біле­тін сатушылар қулыққа басып: “Бұл бәленбай жердікі“, – дей салады. Қы­тайдың сапасыз дүниесі екенін ешкім ашық айтпайды. Сондықтан олардың сөзіне сенуден қалғанбыз.

Өткенде алма алу үшін көкөніс са­татын дүкенге бас сұқтым. Алдымда тұрған кісі сатушыдан: “Бұл қай жердің алмасы?“ – деп сұрады. Сатушы: “Өзі­міздің Алматының алмасы, дәмі тіл үйі­реді“, – деп мақтап қойды. Әлгі адам біреуін алып иіскеп көрді де: “Жа­рай­ды, Қытайдікі болса да ала салайын, қонаққа бара жатыр едім, балалар қолға қарайды ғой“, – деп дорбасына сала бастады. Сатушы үндеген жоқ. Кезегім келген кезде мен де: “Өзіміздің жергілікті алмадан беріңізші“, – дедім. “Мыналардың барлығы жергілікті алмалар“, – деді шімірікпестен…

Тағы бірде киім-кешек сататын дү­кенге бардым. Орта жастағы сатушы әйел жылмаң қағады. “Кілең Түркия­ның киімдері“, – деп мақтауын асыр­ды. Ішінен біреуін ұстағаным сол еді, жаңағы сатушы: “Талғамды екенсің. Мына түс сенің өңіңді ашады. Бұлар – Түркияның жаңадан шыққан сәнді киімдері. Кеше ғана келді. Алғашқы тұ­тынушысы өзің болайын деп тұрсың“, – деп тақылдап қоймады. Қанша мақ­таса да бұл киімдердің Қытайдан кел­генін біліп тұрмын ғой. Қазір Қытайдың арзан тауары әлемді жаулап алғаны өтірік емес. Ал этикеткасына сатушы қалаған елді жаздыртып ала алады.

Жолдасым жол-жөнекей машина саймандарын сататын дүкенге тоқта­ды. Мен де кірдім. Сатушыға “Мерседес“ көлігінің сайманы керек екенін айтты. Сатушы ішкі жаққа кіріп кетіп, аздан кейін: “Міне, Арап Әмірлігінен“ әкелінген деп екі қорапшаны қолына ұстатты. “Жарайды, дұрыс келсе бол­ды, бере бер!“ – деді ол. Содан соң ма­ған бұрылып: “Бәрі Қытайдікі ғой“, – деп жымиды. Бұл сөзді естіп қалған са­тушы жігіт: “Аға, олай демеңіз? Әкем­дей адамсыз, сізді алдап қайтем“, – деп сөзінің растығын дәлелдеп әлек. Бірақ оған сенген ешкім жоқ.

Сонда деймін-ау, біз неге әр нәрсе­ге сенімсіздікпен қарайтын болып ал­дық? Өтірік айтып тұрғанын білсек те үндемейміз, қателігін бетіне баспай­мыз. Адамдардың бәрі бірдей емес қой. Бәріне бірдей сенімсіздік таныта берсек не болмақ? Біреуден алдана­сың, енді біреуден зәбір көресің, күн­дердің күнінде оның басында да сон­дай жағдай қайталанбасына кім ке­піл? Бойды билеген сенімсіздіктен арылмасақ, жаман пиғыл қара тұмандай иектеп, жақсының жақсылығын бағалай алмай қалуымыз бек мүмкін.

Зүбила РАХЫМЖАНҚЫЗЫ,

Мамлютка қаласының тұрғыны.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp