«Soltüstık Qazaqstan»

ұлы оқиғаны еске алу күні.бұл күн біздің жадымызда сақталады!

PDF

ЕЛІН СҮЙГЕН ЕР ЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен ғасырдың 80-ші жылдары­ның басында облысымызда орталы­ғы Ақсуат ауылы атанған Це­линный ауданы ашылған бо­ла­тын. Өңіріміздің әр жерінен келген 30 жас шамасындағы қазақ жі­гіттері ауданда жаңадан ашылған мекемелердің басшылық қыз­меттеріне та­ғайындалып еді. Бәріміз тетелес болғандықтан бір-бірімізбен тез тіл табысып, достасып кеттік. Олардың қата­рында елім, жерім үшін қызмет етемін деген үш бір­дей жалынды жас­тың ғұмырсапар­ларының ерте тамамдалуы менің жанымды бүгінге дейін қаңтардағы қатты аяздай қариды.

Былтыр асыл достарым Дулат Саг­деновтің өмірден озғанына – 30, Қай­ранас Сейдахметовтің келместің ке­месіне мінгеніне – 20, ал биылғы 30 наурызда Сәбит Күрлеутовтің дүние салғанына 25 жыл болады. “Уақыт – емші” деген тәмсіл бар ғой. Кейде ол өткен өміріңнің жарқын парақтары мен қиын сәттерін санаңнан өшіргісі келеді. Арада жылжып жылдар, зу­лап күндер өтсе де, мен қамшының сабындай ғана ғұмыр кешіп, артта­рына ізгілік дәнін сеуіп кеткен доста­рымның есімдерін, жарқын бейнеле­рін жадымнан өшірген емеспін. Үшеуі де өнегелі отбасын құрып, қайда жүр­се де халықтың мүддесін көксеген жандар еді.

Достарымның қайтпас сапарға ат­танғандары есіме түскенде “жезкиік” ақын Кәкімбек Салықов жырлаған­дай, “мен мына кең далама сыймай ке­тетіндей” күйге түсетінім жалған емес. Бір тілім нанды бөліп жеген доста­рым­ның бірі – Сәбит жаны таза, ба­уырмал, әділ азамат еді. Біз­ден 5-6 жас­қа кішілігі бар ол дүние­тану қабі­летімен, ұшқыр ойларымен, парасат­тылығымен оқ бойы озық тұратын. Содан болар оны “Сәбе” деп құрмет­тей білдік. Сәбең өзінің әдемі, әсерлі әңгімелерімен, ойын-қал­жыңы ара­лас әзілімен, әр сөзін тұспалдап жет­кізетін көрегендігімен бә­ріміздің көңі­лімізді тауып, отыры­сымызды жан­дан­дырып жіберуші еді. Оның мына бір айтқан әңгімесі есімнен шыққан емес:

“Менің Боранбай деген бір ағайы­ным Ұлы Отан соғысы басталар ал­дында шекара күзетінде Отан ал­дын­дағы борышын өтеп жүріпті. Қыр­ғи-қабақ ұрыс басталған соң Күлпаш жеңгеміз жұбайынан үш ай бойы ха­бар ала алмай отырғанда бір күні аға­мыздан хат келіп, оны бүкіл ел болып оқып, қуанған екен. Сөйтсе, ағамыз “Жаным, Күлпаш, менің жағдайым жаман емес, Құдай Гитлер “пайғам­ба­рымызға” күш-қуат берсе, біз де осы қарқынымызбен артқа шегіне бе­ретін болсақ, жуық арада елге де же­тіп қалатын шығармыз”, – деп жазып жіберіпті. Сәбеңнің жан-тәнімен бері­ліп айтқан әңгімесіне не сенерімізді, не сенбесімізді білмей, күлкіге қарық болатынбыз.

1983 немесе 1984 жылдың жаз айында Сәбең біздің әрқайсысы­мызға қоңырау шалып: “Жігіттер, Есіл жағасындағы өзіміз бас қосатын жер­ге жиналыңдар, менің бір қуа­нышты хабарым бар”, – деді. Бесеу­міздің басымыз қосылған соң Сәбең саспас­тан бір әңгімесін бастап кетті.

“Кеше мен қалада әкемнің адал досы болған, асқар тауым дүниеден озған соң менің қолдаушыма, ұста­зыма айналған Ұлы Отан соғысының ардагері Сапар Дүйсеновпен жолы­ғып, қуанышты хабардың куәсі бол­дым. Сендерді осында шақыруым­ның бір себебі де осы. Жағымды жайтқа ортақтассаңыздар деген ние­тім бар. Менің Жамбыл ауданындағы Орта­лық ауылының тумасы екенімді жақ­сы білесіңдер. Мен жас кезімнен аузы дуалы ақсақалдардан қазақта біздің бабамыз Қожаберген батыр­дан асқан қолбасшы болмағанын тыңдап өстім. Аталарымыз “Қожа­бер­ген жырау ши­рек ғасыр әз-Тәуке ханның қолбас­шысы болғанда қазақ жерін жоң­ғардың тұлпарының тұяғы басқан емес”, – деп айтып отыратын. Жам­был ауданының бірінші хатшы­сы Шай­мұрат Смағұлов деген аза­мат­тың бас­тауымен Қожаберген ба­ба­мыздың қа­зақ еліне сіңірген ора­сан зор еңбегін зерттейтін комиссия құры­лып­ты де­генді естіп, менің қуа­нышым қойныма симай отыр. Айтар жаңа­лығым осы, – деп бір марқайып қалып еді.

Шыны керек, бұл бесеуміз үшін де күтпеген оқиға болды. Өйткені Кеңес өкіметі кезінде қазақтың тегіне, ұлт­жанды тұлғаларына қатысты бір жұ­мысты қолға алу былай тұрсын, есім­дерінің өзін атауға жүрексінгенімізді несіне бүгіп қалайын? Қаһарынан қан сауғалаған заманның сарқын­ша­ғы санамыздан сығалаған кезде осын­дай батыл бастама көтергендер қазақтың нағыз ұлтжандылары еді ғой. Біз ол кезде Қожаберген жырау түгілі, оның атақты “Елім-ай” даста­нынан да хабарсыз болатынбыз. Сол кездегі солақай саясат “Елім-айдың” авторын халықтық сипатқа айнал­дырып жібермеді ме?

Сәбең ұлтқа, қазаққа қатысты мә­селелерде үнемі алға озды. Оның жанының да, қанының да қазақ екені осындай сәттерде аңғарылып қала­тын. Қарапайымдылығы, бауырмал­дығы, жанашырлығы Сәбеңнің аза­мат­тығын айшықтап тұрды. Ол жал­ған сөйлейтін, іші тар, көре алмайтын қызғаншақ, жағымсыз адамдардан бойын аулақ салды.

Сәбең көзі тірісінде марқұм Сапар Дүйсенов ақсақалды үлгі тұтты. Қы­зылжарлықтар ол кісінің кезінде Сә­бең сияқты облыс прокурорының бі­рінші орынбасары болып қызмет ат­қар­ғандығынан хабардар. Сапар Дүй­сенов Сәбиттің болашағынан үлкен үміт күтіп: “Қазақ баласы үш-ақ ауыз сөзбен тәрбиеленген: ұят болады, обал болады, жаман болады”, – деп ақылын айтқан көрінеді. Содан бо­лар, Сәбең адам тағдырына қатысты шешімдер қабылдар шақта асқан жауапкершілік танытып, ойланып-тол­ғанып, неше алуан заңның бапта­рын зерттеп барып қана өз шешімін шығаратын.

Сәбең достыққа адал болды. Жа­қын достарын сыйлай да, қорғай да білді. Оның достыққа адалдығының бір көрінісін мына бір мысалмен баян­дағанды жөн көріп отырмын. 1984 жылы жақын досымыз Октябрь кең­шарының бастығы қызметіне та­ға­йындалды. Оны жергілікті тұрғын­дарға таныстыру үшін кеңшарға бар­дық, қонақүйде берілген асқа қатыс­тық. Октябрь кеңшарында ширек ға­сыр Алексей Гапоненко деген кісі бас есепші болып қызмет атқарған. Ол кісіні кеңшардың халқы “Папа” дейті­нін бүкіл аудан білетін. Сөз Сәбеңе берілгенде ол: “Қымбатты Алексей Ива­нович, мен сізді өте қатты сый­лаймын, бірақ бүгіннен бастап осы елдің “папасы да, мамасы да” менің досым – Дулат Қарабайұлы болады. Ал сіз орныңызды біліңіз”, – деді.

“Жақсылық жолда,

Жамандық етпес жолдасың.

Бақ қонса саған,

Күндестік етпес, жолдасың.

Тоқшылық кезде,

Пайымды болар жолдасың.

Жоқшылық кезде,

Жайыңды білер жолдасың.

Қасірет шапса,

Қасыңда болар жолдасың.

Ауыра қалсаң,

Басыңда болар жолдасың.

Өз барын пұлдап,

Асқақтық етпес жолдасың.

Жарым да жолда,

Тастап та кетпес жолдасың”. Ақын­ның осы бір өлең шумақтары менің досым Сәбеңе арналғандай әсерге бөлейді. Оқимын да толқи­мын, көңілімнің көкжиегінен ардақты аза­матқа, асыл досқа деген сағыныш сезімі сығалайды.

Сәбең облыстың прокуроры қыз­ме­тіне тағайындалу туралы бұйрықты алып келуге Алматыға бара жат­қанда жол апатына ұшырап, көз жұм­ды. Асыл достың орны ойсырап қа­лды. Ол оңайлықпен толмайтыны хақ. Сәбеңнің көзі кетсе де еліне сіңір­ген еңбегі ұмытылмайтынына біз се­не­міз. Сәбеңнің жарқын бейнесі біздің жүрегімізде ұзақ уақыт сақта­лады.

Жолы болып, тасы өрге домалап тұратын ер жігіттің артында қамқор­шысы, тірегі бола алатын инабатты, ақылды адал жары тұратыны бесе­неден белгілі. Сәбеңнің Құдай қосқан қосағы – Жұпар ширек ғасыр өтсе де шаңырағын шайқалтпай, балапан­дарын құтты орындарына қондырды, Сәбеңнің азаматтығына, аманатына адал болды.

“Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі” дегендей, Сәбең көзі тірі бол­ғанда қазақтың бақытты болашағы жолында талай игі істерді атқарар еді. Амал нешік, оның өмірдариясы тым келте болды. Мәңгілік мекенің жұмақ болсын, адал дос!

Абылай БАЛТАБАЕВ,

зейнеткер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp